Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

34°C

, Сәрсенбі, 18 маусым, 19:18

Әбиба – әлем чемпионатының күміс жүлдегері

18.06.2025

22

0

Мажарстан астанасы Будапешт қаласында дзюдодан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бел ортасынан ауған жаһан додасында еншімізде әзірге күміс медаль ғана бар. Әйелдер арасында Әбиба Әбужақынова финалға дейін тегеурінді қарсыластарын ығыстырып, күміс медаль еншіледі.

Әйелдер арасында бұған дейін ешбір балуанымыз әлем чем­пионатының финалына жеткен емес. Әбиба Әбужақынова (48 кг) бұған дейін екі рет жаһандық доданың қола медалін олжалады. Мажарстан төрінде қазақ спортының тарихына есімін алтын әріппен әдіптейтін мүмкіндік туды. Бірақ финалдық сайыста тәжірибелі италиялық балуан Асунта Скуттоға есе жіберді.

Күміс медаль де аз табыс емес. Алдымен ресейлік Марина Воробьевамен белдесті. Негізгі уақытта ырғасып жүріп, қосымша уақытта қарсыласының әдісіне қарсы тәсіл қолданып жеңіске жетті. Ширек финалға шығар жолда бельгиялық Луи Петиді айқын ұтты. Ширек финалда әлем чемпионатындағы үздіктердің бірі, жапон қысы Вакана Коганы шеңгелдеп, әдіс жасатпады. Үш ескерту алған қарсыласы Әбибаның мықтылығын мойын­дады. Жартылай финалда ис­пан қызы Лаура Мартинесті сүріндірді.

– Әлем чемпионатына әзірлік ойдағыдай өтті. Испанияда оқу-жаттығу жиынына қатысып, техникалық, физикалық әлеуе­тімізді күшейттік. Елге келген соң да кем тұсымызды бүтіндеуге күш салдық. Ұлттық құрама бап­керлері мен шетелдік маман­дардың тізе қосып баптауы нәтижесін берді. Бұған дейін әлем чемпионатында екі мәрте қола медаль бұйырды. Әнұранымызды шырқатып, Көк туымызды желбіретсем деген мақсатпен келіп едім. Бұйырғаны күміс екен, алтын жолда дегім келеді. 2027 жылы Астанада әлем чемпионаты өтеді, осы додада жанкүйерлерді қуантуға барымды саламын, – деді дарынды спортшы.

Будапешттегі әлем чемпионатында сынға түскен балуандарымыз әзірге жүлденің жалынан ұстай алмай келеді. Ерлер арасында үміт арт­қан Мағжан Шам­шадин (60 кг) мен Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) 7-орынды місе тұтты.

egemen.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: