Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

26°C

, Жұма, 20 маусым, 20:41

Халыққа қызмет – үлкен жауапкершілік

20.06.2025

12

0

Халыққа қызмет көрсету жолына мыңдаған мамандар өз өмірін, қажырлы еңбегін арнады. Солардың бірі – Қармақшы жерінің тумасы, бай тәжірибесімен танылған білікті маман, Ұзынжасова Бақытгүл Ғаппарқызы.

Бақытгүл Ғаппарқызы – 1967 жылы шілде айында Қармақшы топырағында дүниеге келіп, туған жерінің тұнық ауасымен, ұлттық тәрбиемен сусындап өскен жан. Мектеп қабырғасынан бастап жауапкершілік пен тиянақтылықты ту еткен ол 1985-1987 жылдары Семей қаласындағы қаржы-экономикалық техникумында білім алып, еңбек жолын 1987 жылы аудандық сақтандыру инспекциясынан бастайды. 1993 жылдан бастап «Азаматтық хал актілерін тіркеу» бөлімінде жұмыс істей жүріп, ол мемлекеттік қызметтің маңызын, халықпен тікелей жұмыс істеудің жауапкершілігін терең сезіне білді. Қарапайым тіркеуден бастап азаматтардың өміріндегі маңызды оқиғалардың заңды рәсімделуіне дейінгі аралықта әрбір деталь – үлкен мәнге ие. Бұл бағытта Бақытгүл апайдың жинақтаған мол тәжірибесі мен кәсіби шеберлігі көпке үлгі.

2023 жылы шілде айынан бастап бұл бөлім «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрамына енді. Сол уақыттан беріде Бақытгүл Ғаппарқызы Қармақшы аудандық бөлімінде бас маман ретінде халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Оның қызметі тек орындаушылықпен шектелмейді – ол әріптестеріне ақылшы, жас мамандарға бағыт беретін тәлімгер.

Көп жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Облыстық және республикалық деңгейдегі түрлі марапаттар, Әділет министрлігінің, Мемлекеттік қызмет агенттігінің алғыс хаттары – бәрі де оның кәсібіне деген шынайы ықыласын, адал қызметін айғақтайды. Ал 2016 жылы алған «Әділет органдарының үздігі» төсбелгісі – ұзақ жылғы еңбектің жарқын жемісі.

Қоғамға қызмет ету – жүректің ісі. Бұл жолда бір маманның ғұмырлық бейнеті мыңдаған халықтың алғысына айналуы мүмкін. Бақытгүл Ғаппарқызының еңбек жолы – соның дәлелі. Ол үшін халыққа қызмет ету – жай жұмыс емес, өмірлік мұрат.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: