Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

19°C

, Сәрсенбі, 25 маусым, 02:28

Заң мен тәртіп – әділетті қоғам негізі

24.06.2025

20

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда «Әділетті Қазақстан – заң мен тәртіп үстемдік құратын ел» деді. «Заң және Тәртіп» қағидатын ұстану қоғамның идеологиялық және саяси нұсқаулығына айналуы керектігі айтылды. Бұл – жаңа қоғамдық келісімнің іргетасында тұрған маңызды постулат. Қоғамдағы заң мен тәртіптің қатаң сақталуы – кез келген мемлекеттің тұ­рақ­тылығы мен өркендеуінің басты көр­­сеткіші. Заңның үстемдігі орнаған елде азаматтардың құқықтары мен бос­тандықтары қорғалып, әділдік пен теңдік принциптері сақталады.

Соңғы жылдары елімізде құқықтық мемле­кетті қалыптастыру мақсатында ау­қым­ды реформалар жүргізіліп, заң­ның үс­темдігін қамтамасыз етуге бағыт­тал­ған кешенді жобалар қолға алынды. Бұл жүйелі жұмыстар азаматтардың құқықтарын қорғауға, қылмыстың ал­дын алуға, құқық қорғау органдарына ха­лықтың сенімін арттыруға және қоғам­дағы әділеттілікті орнатуға бағытталған.
Осы орайда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Заң және Тәртіп» қоғамдық қауіпсіздікті кү­шей­ту мен өзара іс-қимылдың басымдық­тары» тақырыбында форум өтті. Ал­қа­лы жиынға ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Абзал Құспан, облыс про­куроры Ризабек Ожаров, құқық қор­ғау органдары мен жауапты сала бас­шылары, қоғам қайрат­кер­лері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Аймақ басшысы қоғамдық қауіп­сіздік пен заңдылықты қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарға тоқ­талып, ал­дағы бірлескен маңызды мін­деттерді айқындады.
– Биыл 1 сәуірде Үкімет қаулысымен «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жыл­дарға арналған тұжырымдама» бекі­тіліп, нақты міндеттер белгіленді. Өңі­рімізде «Заң мен Тәртіп» қағидасын іске асыруда облыс прокуроры Риза­бек Кәрімұлымен бірлесіп кешенді ша­раларды қолға алып, жаңа баста­ма­ларға үздіксіз қолдау көрсетіп келеміз. Құқық қорғау органдарымен бірлесе жүргізілген кешенді әрі үйлесімді ша­ра­лардың нәтижесінде өңірімізде ахуал тұрақты. Статистикалық ақпарат­тар­ды салыстырмалы түрде қарасақ, ай­мақта 2015 жылы 6 мыңға жуық қыл­мыс тіркелген болса, нақты жұмыс нә­­ти­жесінде бұл көрсеткіш 1158-ге дейін азайды. Соңғы үш жылда құқық бұ­­зу­шы­лық көрсеткіші едәуір қыс­қар­ды. Бүгінде тіркелген қылмыстық құ­қық бұ­зушылық саны бойынша Қы­зылорда облысы рес­публикадағы ең төменгі позицияда, яғни 20 өңірдің ішінде 19-шы орындамыз. Біз­дің мін­дет – тек көрсеткішті ғана емес, құ­­­қық бұзушылықты тұрақты түрде тө­­­мендету. Жол-көлік оқиғаларын азай­­­­­ту­да жол инфрақұрылымын да­мытуға ба­­сымдық бердік. Түрлі гаджеттер мен смартфондағы бағдарла­малар кө­ме­­­гімен жасалатын алаяқ­тық, кибер­шабуыл схемалары сәт сайын өзгеріп жа­­ңа­руда. Қаржы пирами­да­лары, лу­до­­мания, интернет бул­линг аза­маттар­ды қиын жағдайда қал­ды­руда. Мүд­­­делі құқық қорғау ор­гандары қол­да бар ресурстармен шек­телмей, қылмыс­тық әрекеттерге тосқауыл қоя­тын жаңа тетіктерді дамытуы тиіс. Осы ба­ғыт­тағы қылмыстарды анықтауда жа­сан­ды интеллектті пайдалану – ор­нықты ше­шімнің бірі. Бүгінгі форум – біздің алдағы жұмыстарымызды жаңа форма­цияда жүр­гізуге өз септігін тигі­зеді деп сенемін, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Соңғы 3 жылда полиция органда­рының материалдық-техникалық ба­за­сын жақсартуға облыстық бюджеттен 8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Биыл бұл мақсатқа 2 млрд 800 млн теңге қаралып, заманауи құрылғылармен, жаб­дықтармен қамтамасыз етілуде.
Республикада алғашқы болып об­­лыс­тың барлық ау­да­нында полиция бө­лімдерінің Жедел басқару ор­та­лық­­тары ашылды. Қауіпсіздікті күшей­ту, жедел әрекет ету мақсатында бей­небақылау камераларының желісі кө­­­бей­тілді. Барлық ауданға құны 2 млрд 200 млн теңге бола­тын 539 бейне­бақылау, 49 жылдамдық өл­шейтін ка­мера орнатылды. Соңғы жылдары по­лиция қызмет­керлеріне за­манауи құ­рыл­ғылармен жабдықталған 128 жаңа автокөлік табысталды.
Биыл тағы 31 қызметтік автокөлік тапсырылып, арнайы құрал-жабдықтар көбеймек. Бұл мақсаттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын та­бады. Ашықтық қағидатына сәйкес қала, ау­дандарда құқық қорғау орган­да­рының бі­рінші басшыларымен бірге қоғамдық қабылдаулар тұ­рақты өткізіліп келеді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың мем­лекеттік органдарға деген сенімділігін арттырып, әділетті қоғам құруға тың серпін бермек.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу­да ерекше белсенділік танытып, ки­бер­кеңістіктегі заңсыз әрекеттердің жо­лын кесуге үлес қосқан мамандарға об­лыс әкімінің сыйлық сертификаттары мен облыс прокурорының алғыс хаты та­бысталды. Олардың қатарында Жала­ғаштан аудандық жастар ресурстық ор­­талығының ди­рек­торы Әбзәли Тө­леутай да бар. Қызылорда облысы прокурорының 2025 жылғы 22 сәуірдегі өкіміне сәйкес, Қы­зылорда облысының аумағында «КИ­БЕР­ВОЛОНТЕР» атты қадағалау-профилак­тикалық іс-шарасы басталды. Аталған шара бойынша Жа­ла­ғаш ауданында бір­қатар жұмыс ат­қа­рылды.
– Аудан прокуратурасымен бірге қо­ғамдық орындарда тұрғындарға құқық­тық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ин­тернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлер, кибербуллинг, жалған ақпарат пен алаяқ­тықтың алдын алу жөнінде кеңінен ақпарат берілді. Әсіресе жасөспірімдер мен балаларды онлайн ортадағы теріс әрекеттерден қорғау бағытын назарға алдық. Мақсат – құқықтық сауаттылықты арттырып, цифрлық қауіпсіз қоғам құруға үлес қосу. Ең бастысы, бұл бағыттағы шаралар бір реттік емес, тұрақты және жүйелі түрде жүзеге асырылуда, – дейді Әбзәли Бозжанұлы.
Жалағашта бұл бағытта жүйелі жұ­мыс бар. Аудандық полиция бөлі­мінің нә­тижелі жұмысының арқа­сын­да Жа­лағашта халықтың полицияға де­ген сенімі артқан. Құқық қор­­ғау орган­дарының кәсіби деңгейінің арқасында қо­ғамдық тәртіп сақталуда. Бүгінде полиция қызметінің ашық­­­ты­ғын қам­та­­масыз ету үшін ауданда «Жедел бас­қа­ру орталығы» құрылып, бей­не­ба­қылау жүйесі кеңей­тілуде. Бұл қа­дам қылмыстың алдын алуға және құқық бұзушылықтың азаюына ықпал етуде.
Айта кетейік, бүгінде ауданда, яғни кент және ауылдық округтерде бей­не­ба­қылау камералары жұмыс істеп тұр. Жалпы кентте қазіргі уақытта 71 кө­­шеде 1205 жол белгісі орнатылған. Жол бел­гілерін күтіп ұстау, тозғанын жа­ңа­лау, бағаналарын сырлау жұмыстары тұ­рақты түрде жүр­гізілуде. Ал жол жү­рісін реттеу үшін 4 көше қиылысына бағ­дар­шамдар ор­натылған. Мұнан бө­лек Жалағаш ау­дандық полиция бөлі­мінде жедел бас­қару орталығы өз жұмысын бастады.
Ауданда 1400 бейнебақылау ка­ме­расы, 19 интел­лек­туалды қиылыс пен 58 жылдамдық өлшегіш орнатылып, же­­дел басқару орталығы қайта жаң­ғыр­тылуда. Сонымен қатар аудан орта­лығына қо­сымша 77 бейнебақылау және 7 жол қозғалысы ережелерін бұзу де­ректерін автоматты түрде анық­тай­тын жылдамдық өлшеу камерасы орнатылды.

Ж.МАХМҰТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: