Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

24°C

, Сейсенбі, 24 маусым, 22:28

Елге құрмет – адал қызмет

24.06.2025

26

0

Кеше аудандық Қонысбек Қазантаев атындағы мәдениет үйінде 23 маусым – Қазақстан полициясы және Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған мерекелік шара өтті. Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов сала мамандары мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, бірқатар қызметкер мен ардагерлерді марапаттады.

Тәуелсіздік алған жылдары мемле­кетті қалыптас­тыруда ауқымды істер атқарылып келеді. Еліміздің әлеу­меттік-экономикалық жағдайы үздіксіз дамып, жоғары жетістіктерге жетуде. Қазақстанның осындай же­тістіктерге жету жолында тәртіп сақшыларының, со­нымен қатар мемлекеттік қызмет­шілердің еңбегі ерен.
Иә, олар өз міндеттерін кәсіби дең­гейде атқарып, еліміздің егеменді, тәуелсіз, демократиялық, әлеуметтік және құқық­тық мемлекетке айналуына үлкен үлес қосуда. Мемлекеттік қыз­меткер – мемлекеттің бет бейнесі болса, полиция – сол мемлекет халқы­ның қор­ғаны. Ел тыныштығы мен тұ­рақ­тылығын, ха­лық­тың қауіпсіздігін сақ­­тайтын құқық қор­ғаушылар қандай құрметке де лайық.
– Елдің айбыны, қорғаны болған полиция қыз­меткерлерін және ел мүд­десі жолында абыройлы қыз­мет етіп жүрген мемлекеттік қызметшілерді кәсіби ме­рекелерімен құттықтаймын. Қазіргі таң­да мемлекеттік қызметші мен тәртіп сақшылары – мемлекеттік аппа­раттың жұ­мысын алға жыл­жы­тушы кадр және мем­лекеттік билік­тің оң имиджін қалып­тастырушы бірден-бір тұлға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әді­летті Қа­зақ­станды құру үшін әрбір қыз­мет­шінің отаншыл, адал болуы және өз ісіне жауап­кер­шілікпен қарауы өте маңызды екенін айтып, полиция мен мемлекеттік қыз­мет­шілерге ерекше сенім білдірді. Мем­лекеттік қызметші мен полиция қай кезде де биліктің биік бейнесін, іс­керлік қабілетін, қызметтің оң имиджін көрсетеді, олардың мәртебесі мен абы­ройы Отанға, халқына адал қыз­мет етуімен бағаланады. Ел үшін ең­бек еткен адамның қашанда еңсесі биік, мұраты асқақ, болашағы баянды бо­лады. Әрдайым антқа адал болып, «ел қорғаны, халық жанашыры» деген атақты абыроймен алып жүрулеріңізге тілектеспін, – деді аудан әкімінің орын­басары Ғани Сүлейменов.
Мемлекетіміздің тыныштығы мен халқымыздың бей­біт өмірі, амандығы бәрінен қымбат. Тәртіп сақ­шыларының кәсіби қызметі зор жауапкершілікпен, тәуе­келшілдігімен, қиындыққа төтеп беретін төзім­ді­лігімен құнды. Қай кезде де қылмыспен күрестің ал­дыңғы сапында жүріп, уақытпен санаспай, аза­мат­тарымыздың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына аянбай жұмыс жасап жүрген қызметкерлердің еңбегі ерен. Сала бойынша профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде ауданда орын алған құқық бұзушылықтар көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда азайып ке­леді. Әрине, бұл – қоғамдық тәртіпті қалыптастырып, ел тыныштығын сақтау бағытында атқарылып жатқан еңбек пен жүйелі жұмыстың жемісі.
Салтанатты шарада елдің кемел келешегін қалып­тастыруда аянбай еңбек етіп жүрген қызметкерлерге Мемлекеттік қызметкерлер салалық кәсіподағының «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, облыс әкімінің алғыс хаты, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті бас­шы­сының алғыс хаты мен аудан әкімінің құттықтауы, алғыс хаты табысталды.
– Мен Ақсу ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман болып 15 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Өзіңіз білетіндей, әрбір өркениетке қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға жетелеуші – мемлекеттік қызметкер. Мен үшін мемлекеттік қызмет – Отанға адал қызмет ету. Мемлекеттік қызметкер болу – халықтың сенімін ақтап, ұлтымыздың абыройын асқақтату. Сондықтан мемлекеттік қызмет – мен үшін мәртебелі міндет. Мен алдағы уақытта да адалдықтың ақ туын ұстап, еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек ете беремін, – дейді бүгінгі марапат иесі Қымбат Әнуарқызы.
Мерекелік шара аудан өнерпаздарының кон­церттік бағдарламасымен қорытындыланды.

Сезім НҰР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: