Жаз келсе, Жалағаш көшелерінен «Жасыл ел» жастар еңбек сарбаздарын жиі кездестіреміз. Олар жай жүрген жоқ, туған өлкеміздің көркейіп-көгалдануына өз еңбектерімен үлес қосып жүр. Жалпы бұл – экологиялық жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға, қалалар мен елді мекендерді көгалдандыруға, абаттандыруға, жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге бағытталған жалпыұлттық қозғалыс.
Иә, «Жасыл ел» өңірдегі әрбір жасқа етене таныс. Жоба сонау 2005 жылдан бастап тұрақты жүзеге асырылып келеді. Кешенді бағдарлама біраз жас буынның Отанға деген сүйіспеншілігін, Табиғат Анаға деген жанашырлығын арттырып қана қоймай, өлкемізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстырды. Оның үстіне жазғы демалыстарында бос сенделумен уақыт өткізбей, еңбек етіп, қосымша қаржы табуына жол ашты. Ұлттық бастама жастарымыздың ортақ идеялар төңірегінде топтасуына сеп болды.
– Жасыл ел – біз асыға күтетін ең маңызды жобалардың бірі. Жыл бойы жастар табыс тауып қана қоймай, жаңа достар табады, өз қабілеттерін ұштайды, жаңа мүмкіндіктерді ашады. Жасақтарды іріктеу кезінде біз әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға өздерін көрсетуге, демалыс кезінде ақша табуына көңіл бөлеміз. Биыл 100-ден аса аудан жастарын жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінде маусым айында басталған жобаға 40 сарбазды қамтыдық. Жастар белсенді, жауапкершіліктері жоғары. Жалағаштың жайқалуына өз үлестерін қосуда. Мәселен, аудандағы саябақтарды, орталық алаңды, көше бойларын тазартады. Бастысы, жалағаштық жастар бұл еңбектерін мақтан тұтады, – дейді аудандағы жоба үйлестіруші Құралай Аймұратқызы.
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы бастау алды. Мұндағы басты мақсат – қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру, экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру және нығайту мақсатында құрылған қоғамдық игілікке ұқыптылықпен қарау қағидаттарын қалыптастыру. Аталған республикалық деңгейдегі экологиялық акцияға «Жасыл ел» жасағы да елеулі үлесін қосуда. Жастар бұл жобаның аясын кеңейтіп, оны әртүрлі әлеуметтік мәртебедегі азаматтарға қолжетімді және қызықты етуде. Тіпті экочелленджге айналды. Мәселен, өткен сенбіде аудандық сарбаздар Дәуімбай елді мекеніндегі Ілияс Қабылов саябағын қоқыс-қалдықтан тазалап, демалыс орнының көркін келтіріп қойды.
Иә, жастың ойы мен қиялы ұшқыр болған соң идея да көп болады емес пе?! Соның дәлелі, еңбек жасақтарының жауынгерлері жастар арасында экологиялық мәдениетті көтеру мақсатында экологиялық квесттер мен ойындар, экоплогинг өткізеді екен. Нәтижесі де жоқ емес, ауданның көркеюіне үлес қосқысы келетін жастардың қатары едәуір артыпты.
– Жазғы демалысты тиімді өткізудемін. Қол жұмысынан бөлек қоғамдық өмірге араласу үшін түрлі экологиялық акциялар мен челлендждер, тренингтер сияқты қызықты іс-шараларға қатысудамын. Сол арқылы көп достар таптым. Мәселен, жастар ресурстық орталығының волонтерлері мен «Жасыл ел» еңбек жасағы аудан ардагерлерімен жүздестік. Кездесуде отбасы құндылықтарын насихаттау, өскелең ұрпақ арасында ұлттық салт-дәстүрлердің кеңінен таралуына ықпал ету, жастарды еңбекқорлыққа баулу, туған өлкеміздің патриоттары болуға шақыру төңірегінде ой қозғалып, қазыналы қарттарымыздың ақыл-кеңесін тыңдадық. Мен Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде оқимын, биыл 1 курсты аяқтадым. Жалағашта «Жасыл ел» жасақтарын жинап жатқанынан хабардар болып, жазғы демалыста туған жерде еңбек етуді жөн көрдім. Өкінбеймін, барлығы ұнап жатыр, – дейді жалағаштық жас өрен Ердәулет Жеткерген.
«Жасыл ел» бағдарламасы жақсы бастама ретінде бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Қаншама жалынды жастарымыз бос уақытын тиiмдi өткiзе отырып, еліне қызмет етіп жүр. Қоғамға, өз ұлтына пайдасын тигізер кезде аянып қалмайтын жастарымызға алдағы уақытта сәттілік тілейміз!
Ж.МАХМҰТҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!