Аудан әкімі Ардақ Ибраимов жаңадан тағдайындалған аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысын аудан активіне таныстырды.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына және конкурстық комиссияның шешіміне сәйкес аудан әкімінің өкімімен Біржан Әкежан Алмасұлы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалды.
«Әкежан Алмасұлы, бөлім басшысы ретінде сізге ауданда құрылысы жүргізіліп жатқан объектілерге бақылау орнату, құрылысы жоспарланған объектілер мен кешендерге мониторинг жүргізу, кенттер мен ауылдық округтердегі бас жоспарларды іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіру, сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуін қамтамасыз ету міндеттері жүктеледі. Әкежан Алмасұлы – жас та болса, тәжірибесі жеткілікті маман. Жаңа қызметіңізде сәттілік тілеймін!», – деді аудан әкімі А.Ибраимов.
Әкежан Алмасұлы 1996 жылы дүниеге келген. Жоғары білімді. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін құрылыс мамандығы бойынша, сондай-ақ техника және технологиялар магистрі дәрежесі бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын құрылыс саласындағы серіктес компанияларда бастаған.
2020 жылға дейін құрылыс компанияларында жұмыс жасаған. 2020–2022 жылдары Таң ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман қызметін атқарды. 2022 жылдан осы кезге дейін аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінде бас маман болып еңбек етті.
@Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!