Соңғы жылдары ауданымызда жастардың білім мен кәсіпке деген қызығушылығы оянып, белсенділіктері артқан. Әрине бұл жастар ресурстық орталығының жасаған жүйелі жұмысының жемісі. Аталған орталық аудан жастарының ғана емес, ауыл жастарының да дамуына, олардың тұрақты жұмысқа орналасып, қандай да бір кәсіп бастауына өзіндік ықпалын тигізіп жүр. Жыл сайын жастарды қолдау мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асып келеді. Мәселен ауданда «Мүмкіндіктер алаңы», «Жалын» жастар сыйлығы сынды жобалар жетерлік. Биыл жастар үшін қандай жаңа жобалар қолға алынды? Аудан жастарының бүгінгі ахуалы қандай? Осы және өзге де сауалымыздың түйінін толығырақ жастар ресурстық орталығының директоры Әбзәли Төлеутай тарқатты.

– Әбзәли Бозжанұлы, сіздің бұл қызметке келгеніңізге көп болмады. Десе де, ауданның белсенді жастарын біріктіріп, түрлі шараларды ұйымдастырып жүргеніңізді көріп жүрміз. Осы ретте, өзіңіз басшылық жасап отырған мекеменің бүгінде жастар үшін атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтсеңіз?
– Бұл орталықтың жұмысы маған бұрыннан етене таныс. Себебі бұл қызметке дейін осы орталықта белсенді жастардың қатарында болдым. Нәтижесінде осы салаға төселіп, біраз тәжірибе жинадым. Өзіңіз білетіндей жастар ресурстық орталығы жастармен тығыз жұмыс жасауда. Осы уақытқа дейін ұйымдастырылған барлық іс-шараға өзіңіз куәсіз. Біздің басты мақсатымыз – жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, спортқа, шығармашылыққа баулу, патриоттық рухтарын арттыру, одан бөлек мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыспен қамту. Бүгінде ауданымызда 14 пен 35 жас аралығында 10 816 жас бар. Жыл басынан бері жастар ресурстық орталығы ұйымдастыруымен 95 шара өтіп, оған 3500-ден аса жас қатыстырылды. Ерекше айта кететін жайт, биыл ауданымызда алғаш рет мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік мекеме қызметкерлері арасында «Кітап оқырмандары» клубы бастау алды. Оқырмандар ортасын құру мақсатында еркін форматта кездесу ұйымдастырылып, кітап оқуды әдетке айналдыру, жастар арасында терең танымдық түсінік қалыптастыру бағытында пікір алмасулар болды. Мемлекет басшысының қолдауымен биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп бекітілгені баршамызға белгілі. Бұл ретте, жастардың жұмысшы мамандықтарға деген қызығушылығын арттыру, маңыздылығын көрсету және дұрыс мамандық таңдау бағытында жастарға кәсіптік бағдар беру мақсатында аудандық «Руханият» орталығында жастармен ТЕdX форматында кездесу өткізілді. Мұнан бөлек, жастардың әлеуетін ашуға және олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – «Жетістік жолы» сұхбат айдары. Өз саласында үздік атанған жастардың еңбегін насихаттау мақсатында бейнеролик түсіріліп, сұхбат өткізілуде. Бүгінгі күнге дейін өз өнерімен, тапқырлығымен, әдемі әзілімен көпшілікті тәнті етіп жүрген «Дәуімбай құрамасы» жайдарманшылар тобын, спорт шеберіне кандидат, гір спортынан жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрлан Қуаныш, мектеп бітіруші түлек, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің грант иегері Берекет Бақытжан, «IQanat» республикалық олимпиадасының жеңімпазы, «IQanat» мектебіне жолдама иегері Сынасап Альфия секілді бірқатар жастармен сұхбат ұйымдастырылды. Сондай-ақ әртүрлі форматта шаралар мен кездесулер өтеді. Мәселен білім және полиция бөлімдерімен бірлесе отырып жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын – алу мақсатында, ауданымыздың ойын-сауық орталықтарында түнгі рейд жұмыстарын жүргізіп келеміз. Одан бөлек, ерікті жастардың қатысуымен акциялар өткізілуде. Мәселен, жалғызбасты, көпбалалы аналарды мереке қарсаңында құттықтап, кішігірім сыйлықтар табысталады. Жастармен жиі кездесіп, жат ағымдардан сақ болу мақсатында, қылмыстың алдын-алу бағытында кездесулер ұйымдастырамыз. Сондай-ақ NEET санатындағы жастармен де байланыс бар. Кент, ауылдарды аралап, жұмыссыз жастармен сауалнама жүргіздік. Алдағы уақытта оларды қоғамдық жұмысқа тартып, кәсіппен айналысуына ықпал ету жоспарда бар.
– Қағытпа қалжыңымен көрерменді бірде күлдіріп, бірде ойландырып қоятын «Дәуімбай құрамасы» көпшіліктің көңілінен шығуда. жас жайдарманшы жігіттер қазіргі таңда немен анйалысуда?
– Орталық жанынан «Дәуімбай құрамасы» осыдан 4 жыл бұрын құрылған. Осы уақыт аралығында олар аудандық, облыстық, республикалық ойындарда біраз жетістікке қол жеткізді. Командаға әріптесім Ақтан Аманбайұлы жетекшілік етеді. Қазіргі таңда командада 4 ойыншы бар. Олар кент орталығында орналасқан білім ошақтарының оқушылары. олар тек жайдарман ойынына қатысып қана қоймай, еріктілермен бірге волонтерлық қызметте атқарады. Жақында «Дәуімбай құрамасы» республикалық маусымашар ойындарына қатысып, Алматы қаласындағы лигаға жолдама алды. Қызылорда облысында өткен облыстық «Bastau liga» финалында аудан абыройын асқақтатқан «Дәуімбай құрамасы» вице-чемпион атанды. Қазіргі таңда олар Алматы қаласында өтетін «Jaidarman Junior» жартылай финалдық ойынына дайындық үстінде.
– Ауыл жастарымен қандай жұмыстар жүргізуді жоспарлап отырсыз?
– Орталық тарапынан ұйымдастырылатын шаралардан ауыл жастары тыс қалған емес. Кез келген мерекелік шаралар ауыл жастарының қатысуымен өтеді десем де болады. Жыл сайын ауыл жастарын әлеуметтендіруге бағытталған «Мүмкіндіктер алаңы» шарасы өтеді. Шараның басты мақсаты – ауыл жастарына, оның ішінде NEET санатына басымдық бере отырып, мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды насихаттау, кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету, жұмыспен қамтылуына жағдай жасап, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру. Спорттық шара аясында жастар футболдан, қазақтың ұлттың ойындарының бірі арқан тартыс пен турникке тартылу сайыстары бойынша сынға түседі. Бұл спорттық сайыс биылда өз жалғасын табатын болады.
– Осы орталықты бұрын басқарған аға буын өкілдерімен қаншалықты жиі байланысасыз? Олардың ақыл-кеңесі мен көмегіне жүгінесіз бе?
Әрине олардың салып кеткен сара жолын қазіргі таңда жалғастырып жатқандықтан жиі байланысамын. Ерхан Бақбергенұлы, Нұржан Райсұлы, Асхат Ғалымжанұлы, Нарбота Серәліұлы сынды ағаларымнан үлгі алып, кеңестеріне жиі құлақ асамын. Ол кісілердің орталыққа сіңірген еңбектері зор. Қашан да аудан жастарының жанынан табылып, олардың шығармашылығын дамытып қана қоймай, жарқын жобаларының жүзеге асуына ықпал етті.
– Жастар арасында жұмыссыздық мәселесі әлі күнге дейін күрмеуі қиын өзекті мәселе. Ауданда жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкер жастарды қолдау қаншалықты жүзеге асуда?
– Иә, қазіргі таңда жастар арасында ең өзекті болып отырғаны – жұмыссыздық мәселесі. Ауданда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі ?? пайызды құрап отыр. Жыл сайын «Жасыл ел» жасағына кадр жинақталады. Бұл бағдарлама аясында жастар уақытша болса да жұмыс жасайды. «Жасыл ел» еңбек жасағы маусым айында басталды. Биыл 110 жасты «Жасыл ел» еңбек жасағына тарту жоспарланып, маусым айында 40 жас жұмыс жасаса, шілде айында 44 жас «Жасыл ел» еңбек жасағында өз жұмыстарын жасауда. Мұнан бөлек, жыл сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеуші жастар арасында байланыс орнату бір жолға қойылған. Жастар «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» секілді мемлекеттік бағдарламалар арқылы жастар тәжірибе жинақтап, кейін тұрақты жұмысқа орналасып жатыр. Кәсіпкерлікке қызығушылығы бар жастарға арналған оқыту курстары мен мемлекеттік гранттар да қолжетімді. Ауданда жастарға арналған бизнес жобалар байқауы, стартап қолдау шаралары кезең-кезеңімен өткізілуде. Қазіргі таңда әлеуметтік желіде «КәсіпLife» айдары өз жұмысын бастады. Негізгі мақсаты – ауданымыздағы жас кәсіпкерлерді қолдау, олардың еңбегін насихаттау арқылы жұмыссыз жастардың кәсіпкерлікке деген ынтасын ояту. Әр шығарылымнан табанды еңбегі арқылы тың идеяларымен танылып жүрген аудан жастарын көре аласыз.

– Орталықтың алдағы жұмысымен бөліссеңіз?
– Аудан жастарының басын біріктіріп, оларды дамыту бағытындағы жаңа жобалар жасау – жастар орталығының басты міндеті. Жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайту бағытында түрлі форматтағы «Zhastar keshi» шараларын өткізіп, 12 тамыз – «Халықаралық жастар күніне» орай бір апта бойы түрлі шаралар легі ұйымдастырылмақ. Аудан жастарының бірлігін нығайтып, жаңа орта қалыптастыру мақсатында «Ауылға барам» жастар жобасын өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтар жылына орай «Үздік мамандық иесі» байқауы өткізіледі. Мұнан бөлек, Сыр өңіріндегі тарихи-мәдени орындарға белсенді жастар және жас отбасылардың саяхатын, қоғамдағы танымал тұлғалардың жастармен кездесуін, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына орай өзге ұлт өкілдері жастарының қатысуымен басқосулар өткізілмек. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында аула тазалау қайырымдылық шараларын да ұйымдастыратын боламыз. Отан қорғауды парыз еткен жастарды әскерге салтанатты түрде шығарып салу рәсімі де назардан тыс қалмайды. Жалағаш ауданы әкімінің «Жалын» жастар сыйлығын табыстауды және жылдың қорытынды шарасын жоғары деңгейде ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Белсенді жастарды қолдау мақсатында ауданы әкімінің «Жалын» жастар сыйлығына байқау қыркүйек, қазан айларында жарияланып қараша, желтоқсан айларында жүзеге асырылатын болады. Аталмыш сыйлық түрлі саладағы талантты жастарды ынталандыру және олардың айрықша сіңірген еңбегін тану мақсатында 2018 жылдан бері бастау алып, әр жыл сайын әртүрлі номинациялар беріліп келеді. Арнайы конкурс арқылы комиссияның алдында қорғау өтіп, қатысушыларға номинациялар тағайындалады.
Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!