Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

27°C

, Сейсенбі, 15 шiлде, 22:59

Бригадир Ербол

15.07.2025

30

0

Өткендегі аптап ыстық жоқ, үлкен жолдан оңға түсіп, қаражолды бойлап келеміз. Ат ізін салмағалы біраз болған ба, әйтеуір шамалы жүргеннен кейін тарамдалған жолдың қайсысына түсерімізді білмей біраз тұрып қалдық. Сол жағымызда шаңға көмілген көлік қарсы келе жатыр. Кәнігі ала жаздай күнге күйген таза еңбек адамдары екені көрініп-ақ тұр. Сол жолдың шаруашылықтың егіс алқабына алып баратынын түсіне қойдық.

Бір ша­­қы­рымнан кейін алдымыз­дан егіс ал­қабына алып барар жолдың бойын­дағы темір қақпаға кездестік. Қарсы беттегі атызда егінге орақ түскен. Ме­ханизатордың қимылы шалт, өнім орып жатқан маманнан тегіс жолда жүйт­­кіп бара жатқан жеңіл көліктей жыл­дам жүр. Әріректе орылған өнім­нің арасын ашып қарап жүрген жігіт ағасы көзге түсті. Бұл бригадир Ербол Май­басаров екен.
Ерекеңнің «Сәрке батыр» шаруа қо­жалығында еңбек етіп жатқанына 15 жылға жуықтаған. Бастапқыда ди­­­қан болған дала дарабозына қай өнім­ге қандай күтім қажет, бұл жағы таң­сық емес. Оның бригадасы жыл сайын са­ланы толайым табыспен қо­ры­­тын­ды­лап келе жатқаны бұл сөзімізді қуат­тайды.
Ербол Майбасаровтың қарама­ғын­­да 7 диқан, 1 механизатор және 2 аспаз бар. Бұл ұжым ақегісті ерте көк­темде бастаған. Наурыздың басында 50 гек­тар алқапқа бидай егіпті. Сө­зінше, би­дайды мүлде суармайды, ол кәнігі жаң­бырдың суымен пісіп же­тіледі екен. Несібесі шығар, жаздай жауын бол­мағанымен көктемнің әр айы жаңбырға толы болды. Ал бидай енді қылтиып шыға бастағанда су маңызды рөл атқарады екен.
– Рас, өнімділік жағынан күріш ек­кен дұрыс. Бірақ біз ротацияға мән береміз. Ротация сақтамасақ, алдағы уақытта жердің құнары кетіп, не ексек те өнім сапасын жоғалтып аламыз. Сондықтан біз бұған қатаң қараймыз. Соңғы жылдары су мәселесі біз сияқты шаруа адамдарына қандай қиындық тудырып жатқанын жақсы білесіздер. Бірақ біз бұл мәселенің барлығының амалын тауып келеміз. Соңғы 5 жыл­да біздің шаруашылық егінді әрта­рап­тандыруға аса мән беріп келеді. Мәселен, біз бұл ретте суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық береміз. Соның бірі – көз алдыңызда орақ түсіп жатқан бидай. Шындығында, бидайды мүлде ка­нал­дың суымен суармаймыз. Бұл жаң­бырдың суымен пісіп жетіледі. Не­сі­бемізге биыл көктемде жауын көп түсті. Есесіне бидайдың шығымы да жақсы болды. Былтыр гектарынан 10 цент­нерден өнім берген. Биыл одан жоғары өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз. Біздің бригада биыл 50 гектар ал­қапқа бидай екті. Алдағы үш күнде толық орып, осы аптаның соңына дейін қамбаға құямыз, – дейді Ербол Майбасаров.
Соңғы жылдары барлық дақылдың жаңа сұрпы енуде. Табысқа кенелуде мұндай жаңалықты қос қолдап қол­даймыз. Бірақ олардың да күтіміне қа­­тысты өзгерістер болып жатады. Мұн­­­дайда агроном берген кеңеске жү­гініп, диқандар сапалы әрі мол өнім алу­ды жетік меңгерген.

– Бастапқыда мұндай жаңалыққа жатырқай қарадық. Енді тұтас бір шаруашылықтың табысын еселеуде әр еңбек адамының жұмысы маңызды ғой. Сондықтан «Жаңа сұрыптан ойдағыдай өнім ала аламыз ба?» деген сұрақ болды. Бастапқыда агрономның кеңесіне жүгініп, сол бойынша жұмыс жүргізуіміздің арқасында жақсы өнім ала бастадық. Кейін өзіміз де білген-түйге­німізді іске қостық. Шынында жаңа сұрыптарға басым­дық берудің соңы үлкен табысқа әкелетінін түсіндік. Алдыңызда өсіп тұрған бидайдың да тұқымы биыл жаңадан келді, – дейді еңбек адамы.
Ерекең бастаған еңбек ұжымы биыл 311 гектар ал­қапқа Сыр салысын сепкен. Сұрпын сұрасаңыз – «Лидер». Күріштің бұл түрі салмақты көрінеді. Сон­дықтан шаруашылық жыл сайын «Лидер» сұрпын егуде.
Былтыр да өнімнің шығымы жаман болмапты. Күзгі науқанда гектарынан 53 центнерден өнім жиған. Ша­руашылық бойынша алды 68 центнер өнім алған. Оның өзі осы бригаданың диқаны екен.
Шаруашылықта жалпы 3 бригада жұмыс жасайды. Соның бірін Ербол Майбасаров басқарып келеді. Қазір еңбек адамының бұл міндетті абыроймен атқарып келе жатқанына 5 жыл болыпты. Ерекең басқаратын еңбек ұжымы күріштен бөлек 200 гектардан астам жаңа жоңышқа егіп, 200 гектарға жуық ескі жоңышқаны күтімге алған. Бір ай бұрын бірінші орым да аяқталды, алдағы онкүндікте екінші орымға орақ салуды жоспарлап отыр. Бұйыртса, одан да жоғары өнім шығады деген болжам бар. Оған да негіз жоқ емес. Өйткені күтімі жоғары өнімнің шығымы да көңіл көншітеді.
– Өзім шаруашылықта 7 жыл күріш ектім. Шүкір, осынша уақытта қаншама қиындықты еңсердік, су тап­шылығының да амалын таптық, техника да жа­ңарды. Қазір жұмысымыз айтарлықтай жеңілдеді. Енді күзге дейін барлық міндет диқандарда. Жазға дейін меха­низаторлар жер жыртып, тегістеп, дән сеуіп, өз міндетін атқарды. Әр орымның уақытында жоңышқаға орақ салмаса, күзге дейін оларда айтарлықтай қиын жұмыс жоқ. Ал күзде диқандар жұмысы жеңілдеп, барлық жауапкершілік механизаторларда болады. Қазір барлық өнімнің шығымы жоғары, бұйыртса, алдағы науқанды да шаруашылық жоғары табыспен қорытындылайды деген жоспарымыз бар, – дейді еңбек адамы.
Ерекең отбасында бес бала тәрбиелеп отыр. Оларға да күнделікті жұмысымен адал еңбекті дәріптеп келеді. Он бес жылға жуық жұмыс тәжірибесінде ол қандай қиыншылыққа да сыр алдырмады. Керісінше соның барлығын еңсеріп, шаруашылық жұмысын ширатты, табысын еселеді. Оның осы жолдағы адал еңбегі – тек балаларына ғана емес, өскелең ұрпаққа үлгі.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: