Бүгінде аяғыңды аңдап баспасаң, алаяқтың арбауына алдануыңыз әбден мүмкін. Олар жалған бетперде киіп, сіздің іші-бауырыңызға кіріп, қалтаңызды қағуға құштар. Қорқыныштысы, алаяқпен өмірде бетпе-бет кездеспей-ақ, интернетте отырып, шотындағы бар жиғанынан бір-ақ сәтте айырылып жатқандар жетерлік. Жасыратыны жоқ, бүгінде кейбір адамдар еңбек етпей, оңай жолмен қыруар ақша табуды армандайды. Сол жалған қиялмен алаяқтардың қақпанына қалай түсіп қалғанын байқамай да жатыр. Баспана алуға, тіпті Меккеге баруға жинаған ақшаларынан айырылып, зар жылаған азаматтардан жаңалықтардан көз ашпайсың. Әрине, қоғам белсенділері дабыл қағуда. Үкімет те аталған мәселе тарапынан бірқатар жұмысты қолға алған. Алайда нәтиже көңіл көншітпейді.
Алаяқтар ауылға да жетті
Жалпы алаяқтық дегеніміз – бағзы заманнан бері адамзат баласымен бірге жасап келе жатқан қылмыстың бірі. Ол қоғамның жағдайына байланысты түрленіп, дамып, жаңа сипатта көрініс беріп жатады. Соған орай алаяқтықтың бүгінгі таңдағы жаңа бір сипаты – ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты өмірге келген интернет алаяқтық болып отыр және оның түрлері де күн өткен сайын кең таралып, етек жаюда. Ең көп кездесетін интернет-алаяқтық қылмыстардың түрі банк, пошта, ұялы байланыс операторының қызметкері, тіпті құқық қорғау органы қызметкері ретінде де хабарласып, жәбірленушілердің жеке деректеріне қол жеткізіп отыр. Тіпті жалған сілтемелер жіберіп, сол арқылы өз арам ойларын жүзеге асыруда.
Интернет алаяқтық деп ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемденуді айтамыз. Яғни бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап-арбап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді жымысқы әрекеттерге барады. Алаяқ кез келген қызмет түрлерінен жарнамалап, «жоғары оқу орнына түсіремін, жұмысқа тұрғызамын, үйге керекті жиһаздарды жарнамалап, қайтарымсыз несие алып беремін» деп қаражатты алдап алып, жымқырады.
Алматы, Астана секілді ірі қалаларда алаяқтар көп деп ойласаң, қателесесің. Олар 1000 ғана тұрғыны бар ауылға да қақпанын қоя береді екен. Аз ғана халқы бар ауданымыздың өзінде қаншама азамат алаяқтардың арбауына түскен.
Жалағашта 11 қылмыстық
іс қозғалған
Аудандық соттың мәліметінше, 2025 жылдың 6 айында аудандық соттың өндірісіне жалпы 29 қылмыстық іс түскен, оның ішінде алаяқтық жөнінде Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабының 1,2,3,4 бөліктерінде көзделген 11 қылмыстық іс түскен. Алаяқтық санаттағы 3 іс бойынша үкім шығып, 3 іс бойынша қаулы шыққан, 5 іс соттылығы бойынша жолданған.
Нақтырақ айтсақ, сотталушы С.В. бөтеннің мүлкін сенімді теріс пайдалану арқылы алаяқтық жолмен алдап, төмендегі мән-жайда жымқырған. 2024 жылы қараша айында тергеп-тексерумен нақты анықталмаған күні танысы Ш.Б-мен ұялы телефон арқылы байланысып, оның танысы Ф.О-ның баласын жұмысқа орналастырамын деп жалған мәлімдеп, сеніміне кірген. Алаяқ қызметін 1 млн теңгеге бағалап, сомманы аударуды сұраған. Жәбірленуші аталған сомманы «Kaspi.kz» қосымшаға аударған. Қаржыға қол жеткізген алаяқ ақшаны бас пайдасына жаратып, жәбірленушіге 1 000 000 теңге мүліктік залал келтірген.
Абырой болғанда, ол құқық қорғау органдарымен дереу әшкереленіп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекснің 190-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылған. Оған 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, осы мерзімге пробациялық бақылау белгіленді. Жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда, жазаны өтеудің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан аспайтын мәжбүрлі еңбекке тартылып, сотталушыға орындау үшін келесі міндеттер жүктелген.
Бұл жайтты жазып отырған себебім, бүгінде азаматтар жай ғана бөтен адамға ақша аударуға болмайды деген ескертуге мән бере қоймайды. Ал міне, осындай оқиғалар басқа да азаматтар үшін сабақ болары сөзсіз.
Тағы да ескере кететін жайт, жалпы аудандық соттың өндірісіне түскен алаяқтыққа қатысты қылмыстық істерді қарау барысында әйел адамдардың қылмыс жасауы жиілеген.
Қаржылық сауаттылықты арттыру маңызды
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «XXI ғасырдың қаржылық триггерлері» тақырыбында форум өтті. Форумға Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, жауапты сала басшылары, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларының мамандары, зиялы қауым, белсенді жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Аймақ басшысы қоғамдағы күрделі мәселелерді талқылап, алдағы бірлескен маңызды міндеттерді айқындау мақсатында атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
– Цифрлық шешімдер жылдам дамыған уақытта азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың, қаржылық сауаттылығын, құқықтық мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы артты. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында: «Біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның, әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз» деп нақты міндеттерді белгілеген болатын. Биыл 1 сәуірде Үкімет қаулысымен «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама» бекітіліп, нақты міндеттер белгіленді. Өңірімізде Мемлекет басшысының «Заң мен Тәртіп» қағидасын іске асыруда Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп, кешенді шараларды қолға алдық. Жаңа бастамаларға әрдайым қолдау көрсетіп келеміз, – деді аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев.
Заманауи мүмкіндіктерді өз пайдасына асырған алаяқтар жасаған қылмыстар азаматтардың лайықты өмір сүруіне теріс әсер етуде. Түрлі гаджет пен смартфондағы бағдарламалардың көмегімен жасалатын алаяқтық, кибершабуылдар схемасы сәт сайын өзгеріп, қадамы жаңарып барады. Халықтың қаржылық қауіпсіздігі үшін қаржылық пирамидалар, құмар ойындарға тәуелділік, интернет-алаяқтық, дропперлік қылмыстардың алдын алуда уақытылы, тиісті шешімдер қабылдаудың маңыздылығы артты.
Бір қарағанда жеке адамның мәселесі секілді көрінуі мүмкін. Бұл – тұтас қоғамға, әрбір отбасыға, ұрпағымыздың болашағына әсер ететін қауіп-қатер. Жергілікті билік ашықтық қағидатына сәйкес, қала, аудандарда халықтың өзекті мәселелері бойынша құқық қорғау органдарының бірінші басшыларымен бірге қоғамдық қабылдауларды тұрақты өткізіп келеді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырып, әділетті қоғам құруға оң ықпал етуде. Елімізде заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөнінде заң қабылданып, кешенді шараларға жол ашылды. Бұл кеселмен халық, әлеумет болып күресуіміз керек. Сондай-ақ лудомания дертіне шалдыққан адаммен психологтар, дін мамандары жұмыс істеп, жеңіл жолмен келген ақша пайда әкелмейтінін, тек адал еңбекпен тапқан табыстың ғана берекесі болатынын ұғындыру қажет.
Жақында Жалағаш аудандық прокуратурасының үйлестіруімен «Заң және тәртіп апталығы» акциясы аясында қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған «Қаржылық сауаттылық, қаржы қауіпсіздік» акциясы өтті. Іс-шара барысында халыққа қызмет көрсету орындарында тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, қаржыға байланысты құқықтық кеңес берілді.
Қатысушыларға құқықтық мазмұндағы үнпарақтар таратылып, қаржылық алаяқтық, заңсыз несие рәсімдеу, кепілсіз ақша ұсыныстары сияқты тәуекелдер туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Әрине, мұндай бастамалардың мақсаты азаматтарды өз құқықтарын білуге, жеке қаржысын дұрыс басқаруға, алаяқтыққа жол бермеуге үйрету болып табылады.
186 интернет-алаяқтық әшкереленген
Интернет алаяқтықтың басқа қылмыстарға қарағанда басты ерекшелігі, жалпақ жұрттың бәріне қатысты жасалуында болып отыр. Қылмыскерлер уақыт талабынан қалмай, азаматтардың ақшалай қаражатын жымқырудың түрлі жаңа әдіс-тәсілдерін қолдануда. Әсіресе олар әлеуметтік желілердің мүмкіндігін ұтымды пайдаланып отыр.
Облыстық полиция департаментінің киберпол басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері аймақта 186 интернет-алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесімен 66 қылмыстық іс өндірістен аяқталып, түпкілікті шешім қабылданған.
50 млн-нан астам
қоңырау бұғатталған
Қуантарлығы, аймақта интернет-алаяқтық қылмыстарымен айналысу мақсатында «Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы» құрылып, арнайы ақпараттық техникалармен жабдықталып, қылмыс ашу бағытында жұмыстар атқаруда. Қазіргі уақытта өңірімізде ең жиі кездесіп жүрген бірнеше интернет алаяқтықтың түрі бар. Ең жиі кездесетіні, өзін ұялы байланыс операторы немесе банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректеріңізге қол жеткізгісі келеді.
Айта кету керек, еліміздің байланыс операторлары алаяқтық мақсатпен шетелден қоңырау шалатын нөмірлерді бұғаттайды. Осы уақытқа дейін 50 млн-нан астам қоңырау бұғатталған.
Алаяқтық 24,7 пайызға өскен
Қазақстанда несие беру тәртібі қатаңдатылады, енді несиеге кез келген адам қол жеткізе алмайды. Бұған интернет алаяқтықтың күрт көбеюі себеп болып отыр. Соңғы деректерге сәйкес, ел бойынша осындай 12 390 қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 24,7 пайызға көп.
Несие рәсімдеу
қиындайды
Енді несие рәсімдеу бұрынғыдай оңай болмайды. Себебі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк пен микроқаржылық ұйымдарға қатысты бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынып отыр. Жаңа ереже жобасына сәйкес, егер сіз 589 800 теңгеден жоғары сомаға онлайн несие алсаңыз, қаражат бірден қолыңызға тимейді. Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін ақша тек 24 сағаттан соң ғана шотқа аударылады. Мұндай шектеу алаяқтықтың алдын алуға бағытталған. Себебі қазір жеке деректерді пайдаланып, бөтен адамның атына несие рәсімдеу жиілеген.
Жаңа ереже жобасына сәйкес, бірінші рет 600 мың теңгеге жуық немесе одан көп көлемде несие рәсімдеуді көздеген азаматтар енді қаржы ұйымына өзі келуі тиіс. Онлайн қол қою бұл жағдайда жарамсыз. Себебі банк немесе микроқаржы ұйымы қарыз алушының шын мәнінде өзі екенін көзімен көріп, жеке басын нақты растауы қажет. Сонымен қатар бір тәуліктің ішінде бірнеше микрокредит алуға да шектеу енгізу ұсынылды.
Нақтырақ айтсақ, егер бір азамат 24 сағат ішінде бірнеше қаржы ұйымынан микронесие рәсімдеп, олардың жиынтық көлемі 150 айлық есептік көрсеткіштен асып кетсе, келесі қарыз уақытша тоқтатылады. Бұл – несие алушыға ойлануға мүмкіндік беретін кезең. Себебі соңғы жылдары қысқамерзімді, бірақ көп мөлшерде алынған микрокредиттер салдарынан азаматтардың қарыз жүктемесі күрт артып, төлем қабілеттілігі нашарлап кеткен. Соны азайту үшін осы шара енгізілмек.
Сондай-ақ талқыланып жатқан заң жобасына сәйкес, егер қарыз көлемі 1000 АЕК-ден, яғни шамамен 4 млн теңгеден асса, міндетті түрде жұбайының жазбаша келісімі қажет болады. Бұл талап отбасының мүліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне зиян келтірмес үшін екінші тараптың келісімі заң жүзінде бекітілмек.
Әзірше алаяқтықтың алдын алуға бағытталған жаңа ереже жобасы қоғамдық талқылауға ғана ұсынылды. Құжатқа қатысты ұсыныстар 18 шілдеге дейін қабылданады. Заң күшіне енсе, құқық бұзушылықтарға тосқауыл қою тетіктері күшеймек.
Түйін. Алаяқтар қаптаған тұста азаматтар да өз құқығын қорғап, бөтен кісілерге ақшасын немесе бағалы мүлкін сеніп, тапсыра салудан аулақ болуы керек. Тіпті қаржылық сауаттылығыңызды әрдайым арттыруға талпыныңыз, себебі қаржылық сауаттылық – тек сіздің ғана емес, отбасыңыздың да қауіпсіздігі! Тегін ірімшік тек қақпанда екенін естен шығармайық. Біздікі ой салу…
Ж.АРЫН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!