Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Жұма, 15 тамыз, 22:35

ҚМДБ – дін мен дәстүр тоғысқан қара шаңырақ

25.06.2025

22

0

Кез келген халықтың немесе қоғамның ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан діни және ұлттық құндылықтары болады. Қоғамдағы адамгершілікке бастау болатын рухани құндылықтар өмір сүру сапасын жақсартуға, ізгі қоғам қалыптастыруға жол бастайды. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) құндылықтарымыздың сақталуы мен ел арасында ислам дінінің дұрыс және жүйелі насихатталуын қамтамасыз етіп келеді.

Имандылыққа баулу – басты міндет

Діни басқарманың құрылуындағы негізгі мақсат – ислам діні мен шариғат ілімдерін көркем түрде насихаттау мен жеткізу. Сонымен қатар мұсылман жамағатының діни сауатын ашу мен білімін жетілдіру, олардың заң мен ата заң алдындағы міндеттерін атқаруына бағыт береді. 1990 жылы діни басқарма құрылғалы біршама насихат жұмыстары жүргізіліп келеді.

Әлеуметтік желілер насихат жасаудың заманауи жолы

ХХІ ғасыр ғаламтор ғасыры болғандықтан Діни басқарма 2006 жылы muftyat.kz атымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты өз жұмысын қарқынды жасап келеді. Заман талабына сай түрлі әлеуметтік желілерде парақшаларын ашып, уағыз-насихат жұмыстарын жүргізуде.

Мешіт – руханият ордасы

Діни басқарма еліміздің әр аймағынан және көрікті жерлерден мешіттердің салынуы үшін жергілікті әкімшіліктен рұқсат алып, ұйымдастыру жұмыстарын атқарып келеді. Жаңадан мешіттер салумен қатар тарихи мешіттерді де күрделі жөндеуден өткізіп, мұсылман жамағатының игілігіне беруде. Діни сауат ашу курстарында жүйелі дәрістер беріліп, жамағаттың діни сауатын көтеруге жағдай жасалуда.

Жастарды отаншылдыққа шақыру

«Отанды сүю – иманнан» деген нақыл бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жастарды отаншылдыққа үндеп, патриотизмге тартуда үлкен жұмыстар атқарып келеді. «Жастар секторын» ашып, әрбір өкілдік жанынан жастармен айналысатын, оларға бағыт-бағдар беретін, жастарға арналған түрлі шараларды ұйымдастыратын жауапты имамдарды бекітті.

Отбасындағы дін мен дәстүр үндестігі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы азаматтық қоғамның ықпалды бір ұйымы ретінде дәстүрлі отбасылық құндылықтарды жаңғыртып орнықтыру жолындағы қызметте бар күш-жігерін жұмсап келеді. Отбасы құрудың мақсаты мен жауапкершілігіне көңіл бөлуді бұйырады.

Салт-дәстүрді қайта жаңғырту

Осы күнге дейін атадан қалған жол – дін мен дәстүрді жақындастыруға барынша күш жұмсап келеді. Имани құндылықтарды қайта жандандырып, сара жолға айналдыру мақсатында «Дін мен дәстүр» жылын жариялап, аталмыш тақырыпта екі томдық кітап шығарды.

ҚМДБ-ның басты мақсаты – ғасырлар бойына жинақталған қазақтың бай рухани мұрасы мен ислам дінінің асыл қасиеттерін ұштастырып, қайырымды һәм ізгі қоғам жасау жолында игі істерге бастамашы болу. Еліміздің тұтастығы жолында аянбай қызмет етеді.

Нұрдәулет ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ,

аудандық «Иманқұл» мешітінің бас имамы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: