Қазір азық-түліктің нарықтағы бағасы құбылып тұр. Мұны кешегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент те қаперге салып, мәселенің алдын алуға қатысты тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырма да берді. Әрине Мемлекет басшысының тапсырмасын өз деңгейінде жүзеге асыруға мүмкіндік те жоқ емес. Мәселен, біз бұған дейін егісті әртараптандыру аяқ су мәселесінің алдын алудың тиімді тұсы деп келсек, дәл осы әдіспен құрығанда күнделікті тұрмыста тұтынатын бау-бақша дақылдары бағасының қымбаттауына жол бермеуге болады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы қымбаттап жатқан тұста мұны күн тәртібінен түсірмеген дұрыс.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, бүгінге дейін әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік өнімінің 15-і қымбаттапты. «Қызылорданың Қостанайы» атанған Жалағашта жыл басынан бері ақ күріштің бағасында 35 теңгеге өсім қалыптасқан. Әрине қазір Сыр салысын ала жаздай күтіп-баптаудан оны өндіруге дейін қолданатын құрал-сайман, тыңайтқыш, жанармай сынды қажетті материалдар бағасындағы өсімге келсек, ақ күріштің құнындағы қымбатшылыққа түсіністікпен қарауға болады. Алғашқы 6 айда ұнның өзі 20 пайызға қымбаттаған. Бұл өз кезегінде нан бағасына да тікелей әсер ететіні анық.
Тізе берсек, жыл басынан бері бағасында өсім бар азық-түлік тауарлары мұнымен шектелмейді. Мәселен, бірінші жартыжылдықта қарақұмық жармасы 0,9, рожки 54,8 пайызға қымбаттаса, сиыр еті 100, тауық еті 350, сүт 125, айран 100, ірімшік 400, сары май 40, күнбағыс майы 65, жуа 190, сәбіз 25, қант 325, тұздың құны 5 теңгеге өскен.
Алты айда арзандаған азық-түлік өнімдері де бар екен. Мәселен, бізде жыл басынан бері жұмыртқа, қырыққабат пен картоптың бағасы арзандапты. Бұл мәліметтерге сүйенсек, бізде тауық етін тұтынатын тұрғындар қатары көп, керісінше оның жұмыртқасына сұраныс төмен сияқты. Болмаса төрт түлік етінің нарықтағы бағасында айтарлықтай өсімнің қалыптасуы тұрғындардың тауық етін көптеп тұтынуына сеп болуы әбден мүмкін.
Жыл басынан бері Жалағашта пияздың бағасы 200 пайызға өскен. Ал еліміз бойынша сөрелері бос қалған қанттың құны 92,9 пайызға қымбаттапты. Ірімшік пен рожкидың бағасында да жыл басынан бері 50 пайызға өсім бар. Рас, бізде рожки өндіретін кәсіпорын болмағанымен пияз бен ірімшіктің бағасын көтермеуге мүмкіндік жоқ емес. Ол үшін ауданда сүт өндірісін қолға алып, бау-бақша дақылдарына басымдық беру керек.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары да өндірілетін өнім көлемін арттыру арқылы азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік барын жоққа шығармайды. Оның ішінде күріш, картоп, пияз, сәбіз дақылдарының көлемін арттыру қажет деп есептейді. Ал мал шаруашылығын дамыту арқылы ет, сүт, айран, сары май, ірімшік өнімдерінің көлемін де арттыруға болады.
Биыл Жалағашта 35 486,5 гектарға егiс орналастырылған. Оның ішінде Сыр салысы 18 501 гектарды құрайды. Ал 720 гектарға бидай егілсе, қант құмайы 73, арпа 42, соя 39, мақсары 520, сүрлемдік жүгері 445, сұлы 5, қант қызылшасы 2,5, жаңа жоңышқа 4903 гектарға егіліп, 7186 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған. Мұнан бөлек 646 гектарға картоп, 1108 гектарға көкөніс дақылдары егілсе, басқа да бақша өнімдері 1296 гектарға орналастырылған. Бұдан биыл да егісті әртараптандыру бағытында біршама жұмыс атқарылғанын аңғаруға болады.
Мәселен, егінді әртараптандыру мақсатында ауданда алғаш рет «Егінші» шаруа қожалығы 47 гектарға, «Тайжан» шаруа қожалығы 26 гектарға қант құмайын егіпті. Мамандар оның жерді тыңайту қабілеті жоңышқадан 2-3 есе жоғары екенін айтады. Әсіресе ол жердің тұздылығын жоюда таптырмас мүмкіндікке ие екен. Мұнан бөлек жергілікті 5 шаруашылық 36 гектарға картоп, сәбіз, қант қызылшасы секілді бақша дақылдарын еккен. Мұның өз кезегінде азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға оң әсерін тигізері анық.
Иә, биыл бірінші рет «Ер-Әлі» шаруа қожалығы тамшылатып суару әдісімен 24 гектарға картоп, 5 гектарға сәбіз, 2,5 гектарға қант қызылшасын егуді қолға алған. Шаруашылық ұжымы күзгі науқанда картоптың өзінен 900 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Мұнан бөлек биыл ауданда 500 гектар картоп, 1100 гектар көкөніс, 1200 гектар басқа да бақша дақылдары егілген. Оның үстіне облыс әкімінің суармалы жерлерден картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыратын жер дайындауға қатысты тапсырмасы аясында 146 гектар картоп, 8 гектар көкөніс, 96 гектар басқа да бақша дақылдары егіліпті. Ашылған жер аудандағы 802 отбасына үлестірілген.
Біз бұдан не аңғардық? Бастысы егісті әртараптандыру кезінде нарықтағы бағасында өсім болады-ау деген өнімдерге басымдық берсек, екі жеп биге шығуға мүмкіндік барын түйдік. Бірінші кезекте аяқ су мәселесін тұсауласақ, келесі кезекте азық-түлік бағасында өсім қалыптасуына жол бермейміз. Қазір Жалағашта өткен кезеңмен салыстырсақ, төрт түлік санында да өсім бар. Демек ет және сүт өнімдерінің бағасында да тұрақтылық қалыптастыруға мүмкіндік жоқ емес, тек әрекет керек. Бастысы жұмыс бар, енді келер жылы да дәл осы жоба қолға алынса игі.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!