Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Сейсенбі, 15 қазан, 18:41

Өнім көлемі артса, баға да тұрақталады

23.07.2022

607

0

Қазір азық-түліктің нарықтағы бағасы құбылып тұр. Мұны кешегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент те қаперге салып, мәселенің алдын алуға қатысты тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырма да берді. Әрине Мемлекет басшысының тапсырмасын өз деңгейінде жүзеге асыруға мүмкіндік те жоқ емес. Мәселен, біз бұған дейін егісті әртараптандыру аяқ су мәселесінің алдын алудың тиімді тұсы деп келсек, дәл осы әдіспен құрығанда күнделікті тұрмыста тұтынатын бау-бақша дақылдары бағасының қымбаттауына жол бермеуге болады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы қымбаттап жатқан тұста мұны күн тәртібінен түсірмеген дұрыс.

Аудандық ауыл шаруашылығы бө­лі­мінің мәліметіне сүйенсек, бүгінге дейін әлеу­меттік маңызы бар 19 азық-түлік өнімінің 15-і қымбаттапты. «Қызылорданың Қостанайы» атанған Жалағашта жыл ба­сынан бері ақ күріштің бағасында 35 тең­геге өсім қалыптасқан. Әрине қазір Сыр салысын ала жаздай күтіп-баптаудан оны өндіруге дейін қолданатын құрал-сайман, тыңайтқыш, жанармай сынды қажетті ма­териалдар бағасындағы өсімге келсек, ақ күріштің құнындағы қымбатшылыққа түсіністікпен қарауға болады. Алғашқы 6 айда ұнның өзі 20 пайызға қымбаттаған. Бұл өз кезегінде нан бағасына да тікелей әсер ететіні анық.


Тізе берсек, жыл басынан бері баға­сында өсім бар азық-түлік тауарлары мұ­ны­мен шектелмейді. Мәселен, бірінші жар­тыжылдықта қарақұмық жармасы 0,9, рожки 54,8 пайызға қымбаттаса, сиыр еті 100, тауық еті 350, сүт 125, айран 100, ірімшік 400, сары май 40, күнбағыс майы 65, жуа 190, сәбіз 25, қант 325, тұздың құны 5 теңгеге өскен.


Алты айда арзандаған азық-түлік өнім­дері де бар екен. Мәселен, бізде жыл ба­сынан бері жұмыртқа, қырыққабат пен картоптың бағасы арзандапты. Бұл мә­лі­меттерге сүйенсек, бізде тауық етін тұ­ты­натын тұрғындар қатары көп, кері­сін­ше оның жұмыртқасына сұраныс тө­мен сияқты. Болмаса төрт түлік етінің нарықтағы бағасында айтарлықтай өсім­нің қалыптасуы тұрғындардың тауық етін көптеп тұтынуына сеп болуы әбден мүмкін.


Жыл басынан бері Жалағашта пияздың бағасы 200 пайызға өскен. Ал еліміз бойын­ша сөрелері бос қалған қанттың құны 92,9 пайызға қымбаттапты. Ірімшік пен рожкидың бағасында да жыл басынан бері 50 пайызға өсім бар. Рас, бізде рожки өндіретін кәсіпорын болмағанымен пияз бен ірімшіктің бағасын көтермеуге мүм­кіндік жоқ емес. Ол үшін ауданда сүт өндірісін қолға алып, бау-бақша дақыл­дарына басымдық беру керек.


Аудандық ауыл шаруашылығы бөлі­мінің мамандары да өндірілетін өнім кө­лемін арттыру арқылы азық-түлік өнім­дерінің бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік барын жоққа шығармайды. Оның ішінде күріш, картоп, пияз, сәбіз дақылдарының көлемін арттыру қажет деп есептейді. Ал мал шаруашылығын дамыту арқылы ет, сүт, айран, сары май, ірімшік өнімдерінің көлемін де арттыруға болады.


Биыл Жалағашта 35 486,5 гектарға егiс орналастырылған. Оның ішінде Сыр салысы 18 501 гектарды құрайды. Ал 720 гектарға бидай егілсе, қант құмайы 73, арпа 42, соя 39, мақсары 520, сүрлемдік жүгері 445, сұлы 5, қант қызылшасы 2,5, жаңа жоңышқа 4903 гектарға егіліп, 7186 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған. Мұнан бөлек 646 гектарға картоп, 1108 гектарға көкөніс дақылдары егілсе, басқа да бақша өнімдері 1296 гектарға орналастырылған. Бұдан биыл да егісті әртараптандыру бағытында біршама жұмыс атқарылғанын аңғаруға болады.


Мәселен, егінді әртараптандыру мақса­тында ауданда алғаш рет «Егінші» шаруа қожалығы 47 гектарға, «Тайжан» шаруа қожалығы 26 гектарға қант құмайын егіпті. Мамандар оның жерді тыңайту қабілеті жоңышқадан 2-3 есе жоғары екенін ай­тады. Әсіресе ол жердің тұздылығын жою­да таптырмас мүмкіндікке ие екен. Мұ­нан бөлек жергілікті 5 шаруашылық 36 гектарға картоп, сәбіз, қант қызылшасы секілді бақша дақылдарын еккен. Мұның өз кезегінде азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға оң әсерін тигізері анық.


Иә, биыл бірінші рет «Ер-Әлі» шаруа қожалығы тамшылатып суару әдісімен 24 гектарға картоп, 5 гектарға сәбіз, 2,5 гек­тарға қант қызылшасын егуді қолға алған. Шаруашылық ұжымы күзгі нау­қан­да картоптың өзінен 900 тонна өнім алу­ды жоспарлап отыр. Мұнан бөлек биыл ауданда 500 гектар картоп, 1100 гек­тар көкөніс, 1200 гектар басқа да бақша дақылдары егілген. Оның үстіне облыс әкі­мінің суармалы жерлерден кар­топ, көкөніс, бақша дақылдарын орналас­тыратын жер дайындауға қатысты тапсырмасы аясында 146 гектар картоп, 8 гектар көкөніс, 96 гектар басқа да бақша дақылдары егіліпті. Ашылған жер аудандағы 802 отбасына үлестірілген.


Біз бұдан не аңғардық? Бастысы егіс­ті әртараптандыру кезінде нарықтағы баға­сында өсім болады-ау деген өнімдерге басымдық берсек, екі жеп биге шығуға мүмкіндік барын түйдік. Бірінші кезекте аяқ су мәселесін тұсауласақ, келесі кезекте азық-түлік бағасында өсім қалыптасуына жол бермейміз. Қазір Жалағашта өткен кезеңмен салыстырсақ, төрт түлік санында да өсім бар. Демек ет және сүт өнімдерінің бағасында да тұрақтылық қалыптастыруға мүмкіндік жоқ емес, тек әрекет керек. Бастысы жұмыс бар, енді келер жылы да дәл осы жоба қолға алынса игі.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: