Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 20:17

Қауіпті індеттің қайтсек алдын аламыз?

23.07.2022

1188

0

Ауру айтып келмейді. Әсіресе күн ысығанда түрлі жәндік тіршілігін қайта бастап, тіпті тым көбейіп кетеді. Олардың дені адамға қауіпті. Бірақ тұрғындар қарапайым жәндіктердің қауіптілігіне бас қатыра қоймайды. Сақтықта қорлық жоқ екенін естен шығарады, ақырында салғырттыққа бой алдырады. Ал салғырттық сан соқтырады. Бұл сөзімізге қазіргі кене шағуынан өмірімен қоштасып жатқан жандар дәлел болмақ. Мезгіл мәселесі бізді де бейжай қалдырмады. Тиісті мамандармен тілдесіп көрдік, білген-түйгенімізді ой таразысына салып, саралап, сараптап оқырманға жеткізіп отырмыз.

ДӘРІГЕРГЕ СЕН, БІРАҚ САҚ БОЛ!

Облыстың бас санитары биыл аймақта кененің тым көбейіп кеткенін айтады. Жыл басынан бері кененің шағуынан болатын Конго-қырым гемор­рагиялық қызбасы он беске жуық адамнан анықталыпты. Ал кененің шағуынан шағым айтып тіркелген адам саны 600-ге жуықтаған. Конго-қырым геморрагиялық қызбасы анықталған нау­қастардың 4-еуі аурухана төсегінде ауыр халде көз жұмған. Соңғы қайтыс болған кісі Жала­ғаш ауданының тұрғыны екені белгілі болды. 50 жастан асқан ел ағасына ауру тасымалдағыш кене далалық жерде жабысып, шағып үлгеріпті. Марқұм улы жәндіктің шағуынан зардап шегіп, аурухана бөлмесінде аурумен арпалысқан еді. Бірақ өкінішке орай арты қайғылы оқиғамен аяқталды.
Көбіне кене жабысқанда жіберетін қателік – кенені теріден жұлып алу. Осындай қателікке бой алдырмас үшін алдымен адам денесіне жабысып, қан сорып жатқан кенені тұмсық астынан жіңішке жіппен байлап, асықпай, жұлқымай, кене мұртшаларын толық шығарғанша ақырын тарту керек. Егер кененің басы толық шықпай, теріде қара дақ түрінде қалып қойса, өздігінен шығуын бақылау немесе емхана хирург дәрігеріне қаралу керек. Кенені жұлған соң қолды мұқият жуып, йод немесе спиртпен сүрту керек. Өйткені кейбір жағдайларда кенелер қан сору кезінде теріге патогенді вирустар жұқтырылған зәрін қалдыруы мүмкін екен. Табылған кенені өртеп немесе қайнаған суға салып құртқан жөн. Кенені жұлу да қауіпті, өйткені жұлу кезінде де кене басы теріде қалып кетеді де, улы сөлі адам ағзасына тарала береді. Кене шаққанда ағзаның қанды ұйыту қабілеті бірте-бірте жоғалып, адам қансырау салдарынан қаза болуы мүмкін. Бұл дерттің қауіптілігі сол осы аурумен сырқаттанған адамның қаны сау адамның денесіне тисе, осы дерттің жұғуына себепші болады екен.

БАС САНИТАР НЕ ДЕЙДІ?

Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бас­­­қармасының басшысы Оразғали Ахановпен қазіргі ахуал жөнінде әңгімелестік. Кене шағуынан бо­ла­тын Конго-Қырым қанды безгегінің қанша­лықты қауіпті екенін қатаң ескерткен бас санитар денсаулықтың кепілі тазалықта екенін еске салды.
– Кез келген аурудың алдын алуда сақтанудың, та­залықты сақтаудың көп көмегі тиеді. Тазалық денсаулық кепілі деп бекер айтпаймыз. Кенеден болатын адам өмірін қиюға дейін баратын ауру да сақтанбағанның салдарынан болады. Дауасы кешегі ата-бабамыздың сақтық шараларын үнемі қолданыста ұстап, есте сақтасақ, кене шағудан аман болар едік. Қанша жерден медицина дамығанымен туралап келген ажал жәндік шақса да алып кетеді. Біздің халықтың тектілігіне қайран қалмасқа шараң жоқ. Өйткені ата-бабамыздың кенеден қорғанған әдістерін білсеңіз, таңғалар едіңіз. Мәселен, қазақтың көшпелі тұрмысындағы тәжірибелі іс – малдың қоныстанатын қорасын қыстаудан жайлауға көшкенде немесе жайлаудан қыстауға көшкенде көңін аударып кету. “Бұл не үшін?” деген сұрақ туындауы мүмкін. Негізі кене күн суықта жерге бір жарым метр тереңдікке дейін тұмсығымен еніп кете алады. Өйткені кене екі жағымен де дем алу қабілетіне ие. Ал жерді аударған кезде жерге тереңінен еніп кеткен кене топырақпен бірге бетіне қопарылып шығады да, тірі қалмайды. Ал көшпелі халық келер жылы осы қонысқа қайта келгенде кене секілді жәндіктерден зардап шекпейді, – дейді аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқарма басшысы.

КОНГО-ҚЫРЫМ ҚАНДЫ БЕЗГЕГІ

Конго-қырым қанды безгегі аса қауіпті жұқпалы аурулар қатарына жатады. Ауру көктем, жаз, күз айларында кездеседі. Конго-Қырым қанды қызбасы ауруының тасымалдаушысы – қа­ра­пайым кене. Кене шағу қауіптілігі кейбір кене­лердің ағзасында осы ауруды тарататын вирус­тардың сақталуында жатыр. Кенелер адам­ға мал жайғау, малды сауу, сыртта бақша егу, отын-шөп дайындау, табиғатта дем алу, тағы сол сияқты жағдайларда жабысады. Өйт­кені қарап отырсақ, кенелердің шығу мерзімі де осы күз, жаз айларында. Дәл осы мезгілдерде адамдар кененің шағуынан зардап шегіп жатады.
Табиғат аясына, саяжайға демалған сәт­тер­де, яғни дененің киімнен ашық жерлерін мей­лінше азайту керек. Бұл шара кененің денеге кіруінен қорғайды. Жұмыстан кейін жабысқан кенелерді анықтау үшін күнделікті үстіңізді мұ­қият тексеріп шығыңыз. Кене малдың үстінде бо­латынын ескере отырып, малды күту бары­сында сақтық ережелерді бұлжытпай орындау керек. Малдағы кенені жалаңаш қолмен жұлуға болмайды. Егер адамды кене шағып алған болса, онда шұғыл түрде тұрғылықты жер бойын­ша емдеу мекемесіне медициналық көмек­ке жүгінуі керек. Сосын дәрігерлер ол кісіні 14 күнге дейін медициналық бақылауға алады. Аурудың бірінші белгілері дене қызуы көтерілуі пайда болған жағдайда өлім-жітімді болдырмау үшін емдеуді мүмкіндігінше тез бастау керек. Міне, осы айтылған қарапайым ережелерді күнделікті сақтаған жағдайда ғана адам аурудан таза болады. Сақтансаң, сақтайтынын естен шығармаған абзал.
Мамандардың айтуынша, бұл аурудың негізгі белгісі науқастың басы қатты ауырып, дел-сал күйге түсіп, тамаққа тәбеті болмайды және дене қызуы көтеріледі. Терісіне бөртпелер шығып, иньекция (ине) салған, шымшыған жерлерде терісі көгеріп, ауру белгілері пайда болады. Ағзаның қанды ұйыту қабілеті бірте-бірте жоғалып, адам қансырау салдарынан қаза болуы мүмкін. Бұл дерттің қауіптілігі сол, осы аурумен сырқаттанған адамның қаны сау адамның денесіне тисе, осы дерттің жұғуына себепші болады екен.

ТӨРТ ТҮЛІК ТҮРЛЕРІНЕ ДЕ ЖАНАШЫРЛЫҚПЕН ҚАРАҢЫЗ

Осы тұста айта кететін жайт бар. Айналып келгенде ата-бабамыздың қаншалықты тазалық­ты ұстанғанын, түрлі кеселдерден қалай қорған­ғанын, сақтанғанын айтпай кете алмаймыз. Әсіресе бұрында тікелей мал шаруашылығымен күнелткен халықтың осындай індеттерден аман болуы тұрмыстағы тазалығына, халықтың дана­лығына байланысты. Қазақтан асқан философ жоқ деп жатамыз. Мәселен, қыста қыстауда, жазда жайлауда, күзде күзеуде қоныстанған көшпелі халық о бастан-ақ кененің, жәндіктердің шағуынан болатын аурулардың алдын алуды білген екен. Қарапайым ғана мысал, кенені тек өртеу, отқа тастау арқылы көзін жоямыз. Басқалай кененің өлуі мүмкін емес. Ал енді атам қазақ тұрмысында түзден үйге оралғанда үйге енбестен бұрын сыртқы киімдерін түгел отқа қатаған. Яғни отқа сілкігенде киімге жабысқан кенелер сырт-сырт етіп отқа түсетін көрінеді.
Ал облыстық ветеринария басқармасының бас маманы Бағдат Әлібаев Конго-қырым ге­моррагиялық қызбасымен ауыл шаруашылығы жануарлары ауырмағанымен оларға жабысқан кене тасымалдаушы екенін айтады.
«Осыған байланысты бекітілген ере­жеге сәйкес мал егесі сезімтал жануарларды кене­лерден таза қора­ларда ұстауды қамтамасыз етуі керек. Ветеринар маманның рұқсатынсыз төрт түлікті қайта топ­тастыруға және әкелуге рұқсат етілмейді. Со­нымен қатар үй жануарларын кенеге қарсы өндеу жергілікті температуралық жағдайларға және кененің белсенділігіне бай­ланысты наурыз, қыркүйек айларында жүзеге асырылуы керек. Бұл залалсыздандыру жұ­мыстарын аптасына бір рет, қазан, қараша айларында екі аптада бір рет және желтоқсан, ақпан айларында айына бір рет залалсыздандыру жүргізген дұрыс. Наурыз, қыркүйек айларында жануарларды өндеу үшін дымқыл әдісі, бүрку немесе ванналарға тоғыту әдісі қолданылады» деген облыстық ветеринария басқармасының бас маманы Бағдат Әлібаев кенеге карсы өндеу жұмыстары ірі қара малға, жылқы мен түйелерге жасалатынын атап өтті.
– Айта кету керек, малды тоғыту деген қазір де бар. Бірақ кей жерлерде бұл әдіс іске асырылғанмен, оның тиімділігін аса көрмейміз. Өйткені біріншіден, малды тоғыту үшін арнайы қазылған шұқырлардың іші тар әрі табанына суды ұстап қалатын цемент секілді құрылыс заттары қойылмағандықтан, кішкене шұқырдың өзін сумен толтыру қиынға түсіп жатады. Өйткені топыраққа су сіңіп кетеді ғой. Сосын мал тоғытылғаннан кейін де қауіпсіз, оқшауланған жерде белгілі бір уақытқа дейін тұруы керек. Үстіндегі кенелер суға тұншыққаннан кейін де бірден түсіп қала салмауы мүмкін. Біртіндеп түседі ғой. Сосын сол жер толықтай дезинфекциялық тазалаудан өтуі керек. Бұл жерде қазіргі мал тоғытатын орындардың ағынды су емес екенін ескеру керек. Шұқырға толтырылған су болғандықтан, кененің өлгеніне толықтай көз жеткізу керек. Ал ата-бабамыз бұл әдісті ағын суда жасаған. Малды суға айдап, ары-бері өткізетін. Сонда суға тұншыққан кенелер теріден тұмсығын ажыратады. Осылайша ағыспен ағып кетеді де, мал терісі тазарады. Сосын барып жүнін қырыққан екен. Кенеден жұғатын аурулардан сақтанудың тағы бір түрі ол – мал қораны таза ұстау, – деген облыстық ветеринария басқармасының бас маманы Бағдат Әлібаев әсіресе мал көңінің ұзақ жатып қалмауын, қораның ылғалды болмауын қадағалау керек екенін жеткізді.
Кене боррелиозы немесе
Лайм ауруы
Кене боррелиозы да қауіпті бактериалдық жұқпалы дертке жатады. Бастапқы сатыда нау­қасты дене қызуының 38 градусқа дейін жо­ғарылауы, әлсіздік пен шаршау тәрізді ауру бел­гілері мазалауы мүмкін. Яғни ЖРВИ-мен ша­тастырып алуы мүмкін. Сол себепті көбінесе ол назардан тыс қалуы мүмкін. Дұрыс емдеу ша­ралары тағайындалмаса, жүйке және жүрек-қантамырлар ауруы мен тері және қимыл-тірек аппаратының зақымдалуының созылмалы тү­ріне ұласу қаупі бар.
Ауруға шалдығудың белгісі – шағып алған жердің ортасында солғын түсті, ал шетінде ашық түсті сақина тәрізді эритеманың пайда болуы. Әдетте дәл осы белгі адамдардың үрейін тудырып, дәрігерге қаралуға итермелейді. Мұн­да ең бастысы ауруды анықтай алатын және зертханалық тексерусіз клиникалық-эпи­демио­логиялық тәсілмен диагноз қоя білетін жұқ­па­лы аурулар дәрігерінен кеңес алу керек. Дерт бастапқы кезеңінде қан талдауы арқылы анық­талмайды және қарсы денелер тек бірнеше ап­тадан кейін пайда болады.
Қарап отырғанымыздай, қарапайым ғана ке­ненің өзі адам өміріне өте үлкен қауіп әкеледі. Сондықтан сақтық шараларын сақтанып жүру бар­лығымыз үшін денсаулығымызға келетін зиян­­ның алдын алуда көп көмегін тигізеді. Жуыр­да ғана кененің шағуынан ауруханаға түс­кен тағы бір жерлесіміз аурудың асқынуынан өмірімен қош­тасқан болатын. Арты қайғылы жағ­даймен аяқ­талған оқиғаның болғанына шамалы ғана уақыт өткенімен, тағы кенеден зардап шеккендер тіркеліп отыр.
Түйін: Жалпы тіршілік оянып, күн күрт жы­литын көктем, жаз айлары адам мен үй жануарлары үшін аса қауіпті саналатын кене­лердің көбейетін кезі. Осындай шақта сақтық ережелерін ескеріп, қауіпті жәндіктерден сақ болған жөн. Бұл жәндіктердің белсенділік мау­сымы сәуірде басталып, табиғи-климаттық жағ­дайларға байланысты қыркүйектің соңы­на дейін жалғасуы мүмкін. Сондықтан абай болған абзал.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: