Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 22:43

Топ бастады жігіттер «томағасын» сыпырып

23.09.2022

436

0

Қаншама сәтсіздік, қан­шама сүреңсіз ойын, уыс­та тұрып соңғы секундтарда сусып кеткен жеңістер, жан­күйерлердің күйініші… Ел фут­болындағы осынша сұрғылт күндерді сыпырып тастап, біздің жігіттер жеңіске жетті! Ұлттар лигасының «С» тобын­да ұтымды ұпай жина­ған құрамамыз топ бастады!

Аталған турнирдің бесінші турында елордада Бела­русь құрамасын қабылдаған жерлестеріміз аса тар­тысты өткен матчта қарсыластарын 2:1 есебі­мен ұтты. Біз бұл жеңісті бекерге тарихи же­ңіс деп атап отырған жоқпыз. Мұның екі себебі бар.

Біріншісі, Қазақстан мен Беларусь футболшылары бүгінге дейін бес мәрте ресми матч өткізіп, соның төртеуінде қонақтардың мерейі үстем болған еді. Тек бір кездесуде ғана екі елдің құрамасы тең тарқасқан. 2009 жылдан бері Қазақстан құрамасына «Брест қамалына» айналған Беларусь қорғанысы сыр берді. Екіншісі, осы бір тамаша жеңістен кейін Магомед Адиев басшылығындағы біздің құрама 13 ұпай жинап, «С» дивизионының үшінші тобында жеке-дара көш бастады. Бұған дейін қазақстандық футболшылар УЕФА және ФИФА аясында өткен бірде-бір турнирде өз тобында топ бастап көрмеген еді.

Аталған жеңіс Қазақстан құрамасына топтағы Әзербайжанмен өтетін соңғы ойынның нәтижесіне қарамай-ақ, келесі жылдан бастап «В» дивизионында ойнау мүмкіндігін сыйлады. Бұл дегеніміз, 2024 жылы өтетін Еуропа чемпионатына қатысу мүмкіндігіміз жоғарылайды деген сөз. Тарқатып айтар болсақ, «В» дивизионында Еуропа құрлығының орта деңгейлі 16 құрамасы 4 топқа бөлініп ойнайды. Әр топтың жеңімпазы келесі жылы өзара плей-офф бәсекесін өткізеді. Сөйтіп, төрт мықтының арасынан қара үзіп шыққан екі құрама 2024 жылғы кәрі құрлық біріншілігінің финалдық кезеңіне жолдама алады.

30 мыңға жуық жанкүйер тамашалаған елордадағы матчқа тоқталар болсақ, Қазақ­стан ұлттық құрамасының бас бап­кері Магомед Адиев маусым айындағы ойындарда алаңға шыққан негізгі құрам­мен салыстырсақ, аса көп өзгеріс жасай қойған жоқ. Қақпаны әдеттегідей Игорь Шацкий қорғаса, қорғаныста Әліп, Малый, Марочкин, Габышев, Вороговский бестігі ойнады. Жартылай қорғаныста Та­ғыберген, Дарабаев, Зайнутдинов пен Оразов өнер көрсетсе, шабуылда Беларусь қақпасына гол соғудың шебері Абат Айымбетов ойнады.

Кездесудің алғашқы таймы Қазақстан құрамасының басымдығымен өткенімен, командалар үзіліске тең нәтижемен шықты. 24-минутта Аслан Дарабаевтың есепті ашатын тамаша мүмкіндігі болған еді. Алайда Беларусь қақпашысы қырағылық танытып, қақпасын голдан аман сақтап қалды. Бірақ арада бес минут өткенде қорғаушы Михаил Га­бышев бәрібір қарсылас команданың қақ­пасынан саңылау тауып, ұлттық құра­маны есепте алға шығарды – 1:0. Өкі­нішке қарай, жігіттер бірінші таймда есептегі басымдықты сақтап қала алмады. Бірінші таймға қосылған қосымша минутта Беларусь құрамасы айып добынан гол соғып кетті. Сөйтіп, бірінші тайм 1:1 есебімен тең аяқталды.

Үзілістен кейін де қазақстандық футболшылар шабуылдарын бір сәтке де тоқтатқан жоқ. 60-минутта алғашқы голдың авторы Михаил Габышев дубльдің авторы атану мүмкіндігін мүлт жіберіп алды. Қорғаушы мен қақпашыны алдап өткенімен, соңғы сәтте допты еркіне бағындыра алмады. Кейіннен Рамазан Оразов пен Абат Айымбетовте де есепті еселейтін бір-екі мүмкіндік болған еді. Олар да соңғы сәтте дәлдік таныта алмады. Екінші таймның белортасына жеткенде матч кішкене саябырсығандай болды. Сөйтіп, ойынды күшейту мақсатында Магомед Адиев алаңға тың ойыншыларды шығара бастады. Мәселен, бірінші голдың авторы М.Габышевтің орнына Бағдат Қайыров шықса, Рамазан Оразовтың орнын Эльхан Астанов басты. Арада көп уақыт өтпей бұл өзгеріс өз нәтижесін берді. Беларусь қақпасының маңындағы келесі бір қарбалас сәтте Бақтиер Зайнутдинов жеке шеберлігінің арқасында Беларусь қақпасына екінші голды соғып кетті. Бұл – жартылай қорғаушымыздың ұлттық құрама жейдесіндегі 22-ойынындағы мерейлі оныншы голы болды.

Матч соңына қарай Беларусь футболшылары есепке өзгеріс енгізетін бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Қақпашы Игорь Шацкийдің шеберлігі болмағанда ойын тең есеппен аяқталуы әбден мүмкін еді. Абырой болғанда қонақтар қақпамызға бір голдан артық доп соға алмады. Сөйтіп, екі құраманың Астанада өткен екінші кездесуі Қазақстан құрамасының тарихи жеңісімен аяқталды.

Енді Қазақстан құрамасы топтағы соңғы ойынды 25 қыркүйек күні сырт алаңда Әзербайжан футболшыларымен өткізеді. Екі құрама арасындағы алғашқы матч елордада өтіп, онда жерлестеріміз 2:0 есебімен басым түскен еді. Матчтағы екі голды да «Астананың» шабуылшысы Абат Айымбетов соққан болатын. Әзербайжан мен Қазақстан құрамалары арасындағы қарымта кездесу Бакудегі 31 мың жанкүйер сыятын Тофик Бахрамов атындағы республикалық стадионда өтеді. Матч елорда уақытымен 22:00-де басталады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: