Бүгінде елімізде “мол табысқа кенелемін” деп бар жиған-тергенінен күмәнді қаржылық ұйымдарға салып, әп-сәтте айырылып жатқан қазақстандықтар аз емес. Ашынған азаматтар, тіпті өз-өзіне қол салып, өмір сүруден түңіліп жатады. Алаяқтық фактілерінің көбейгенін ескерткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті мемлекеттік органдарға қаржы пирамидаларына қарсы кешенді шаралар әзірлеуді міндеттеген еді. Өйткені оңай олжаға құныққан алаяқтар халықты алдап-арбаудың айла-амалын ойластырып, одан әрі дами түсуде.
Заман ағымына қарай қаржы пирамидалары да түрленіп келеді. Жаңа байланыс технологияның дамуымен олардың саны да артуда. Қазір интернет алаяқтарының өршіп тұрған сәті, себебі интернет алаяқтары өзінің құрығына түсіремін деген кісімен бетпе-бет жүздеспей, монитордың әр жағында отырып-ақ өз ісін тындыра береді. Сондай-ақ қаржы пирамидалары бағалы қағаздар, зергерлік бұйымдар, туристік жолдамалар, криптовалюта сатамыз дегенді желеу етіп, жұрттың қалтасына түсіп жүр. Бұған қоса заңды микроқаржы ұйымдары, букмекерлік кеңселер, тұтыну кооперативтері мен үлеспұлдық инвестициялық қорлардың атын жамылып жүргендер де жетерлік.
Осы орайда аудан орталығында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлерінің аудан тұрғындарымен кездесуі өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – аудан халқын осындай күмәнді қаржылық ұйымдарына қаржы құю, интернет алаяқтарының қалай құрығына түспеудің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу.
Аса манызды істер жөніндегі тергеуші Майра Оралбаеваның айтуынша, республикамыздың барлық өңірінде әртүрлі үлгідегі алаяқтық жобалар көбейген. Ел аумағында жыл басынан бері 37 қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты ҚР ҚК-ның 217 бабымен 45 қылмыстық іс тіркелген, оның ішінде 7 қылмыстық іс сотпен қаралып, 11 адам 3 жылдан 6 жыл 8 ай мерзімге дейін түрлі жазаға тартылды. Барлығы 6,5 млрд теңгенің мүлкіне тыйым салынған. Қазіргі кезде бұл саладағы қылмыспен күресудің жаңа әдістемелері басшылыққа алынған. Яғни талдау жасау арқылы оларды басталу кезеңінде тыйып тастауға мүмкіндік туындаған.
– Әлеуметтік желі арқылы оңай олжа ұсынатын жарнамалық сайттар мен сілтемелерді анықтау мақсатында тұрақты түрде арнайы ақпараттық жүйемен мониторинг жасалады. Бүгінгі күнге департамент мамандарымен заңсыз ойын белгілерімен 1 178, оның 747-сі заңсыз ойын бизнесі және қаржы пирамидасына қатысты 431 сайт пен сілтеменің белсенді жұмысы тоқтатылды. Департамент қызметкерлерінің жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде облысымызда жыл басынан бері алаяқтық белгілерімен «ROGNEDA» және «Не работа» деген компаниялар анықталды. Азаматтардан «Каспи голд» арқылы аударым қабылдау жолымен жиналған қаражат көлемі 89,6 млн теңгеге жеткен. ҚР ҚК-ның 217 бабымен тіркелген екі іс материалы, тергеу реттілігімен, облыстық полиция департаментіне және Түркістан облысы бойынша ЭТД-ға жолданды. Осындай күмәнді жобалардан азаматтарды сақтандыру және алдын алу үшін бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Алайда «ақшамды еселеп көбейтіп аламын» деген сеніммен мыңдаған жан алданып қалып жатыр. Облыстық қоғамдық даму басқармасымен бірлесіп, біздің мамандар аудандарда кездесулер өткізіп жүр. Облыстық телеарнамен бірге бейнеролик жасалды, «Азаматтарға арналған үкімет» залдарында, сауда орындарында, қала көшесіндегі LED экрандарда көрсетілуде, – дейді Майра Оралбаева.
Ашығын айтқанда, халықтың мұндай пирамидаларға алданып қалуының басты себептерi қаржылық-кредиттiк заңнама саласындағы бiлiмнiң жеткiлiксiздiгi, ақшаны ұстау мәдениетiнiң төмендiгi, сондай-ақ азаматтардың ақша жинауы және инвестициялауынан болып табылады. Өйткені мұндай ұйымдардың жарнама саясаты өте қарқынды дамыған. «Ақшаңды еселеп қайтарасың», «Жақсы өмірге жолдама», «Анаңды Меккеге апарғың келсе, бізбен жұмыс жаса» деген секілді қаржылай қиналып жүрген адамның ойына дереу психологиялық әсер ететін сөздермен баурап жатады. Сонымен қатар интернет желісіне кіре қалсаң, бірінші осындай күмәнді ұйымдардың жарнамасы шыға келеді. Интернетте 30 минут жұмыс жасаған адам, кемінде 3-4 рет осындай жарнамаға кездеседі. Яғни мұндай алаяқтар адам тартудың барлық тәсілін пайдалануға дайын екенін көрсетеді. Сондықтан халықтың қаржылық сауаты жоғары болуы қазіргі таңда маңызды.
– Статистикаға көз жүгіртсек, ерлерге қарағанда әйелдер қаржылық ұйымдарға көп алданып жатады. Оның себебі әйелді ыдыс, жиһаз секілді материалдық заттарды ұсыну арқылы оңай тұзаққа түсіреді екен. Яғни қаржылық ұйымға қаржы салып кіріп, сол ұйымнан ыдыс не болмаса жиһаз сатып алатын көрінеді. Содан өзіңнен кейін 3-4 адам тартуды міндеттейді. Осылай қаржылық пирамида өзінің ауқымын кеңейтеді. Бірақ соңында тек осы ұйымды ойлап тапқандар ғана ұтыста болады, соны естен шығармау керек. Ал ер кісілер букмекерлік кеңселердің құрығынан шыға алмай жүр. “1хбет”, “Олимпбет” секілді кеңселерге ер кісілердің спорттық ойындарға бәс тігіп, өз ақшаларынан айырылып жатқандары жетерлік. Әрине қазіргі таңда бұл ұйымдарға ел аумағында өз кеңсе-ғимараттарын ашуға рұқсат жоқ. Бірақ бұл кеңселер жұмыс істеудің басқа жолын ойлап тапқан, қазір букмекерлік кеңсе ғимаратына барудың еш қажеті жоқ. Қолыңда ұялы телефон немесе ноутбук болса, жеткілікті. Букмекерлік кеңсе сайтына интернет желісі арқылы кіріп, сонда тіркеліп, ақшаңды салып әрі қарай ойнай бересің. Менің айтарым, мүмкін мұның барлығы жеңіл ақша әкелетін шығар, бірақ мұның алып келетін межесі сіздің банкрот болуыңыз. Өйткені мұндай ұйымдар ешқашан ұтылмайды, қаржысынан айырылатын қарапайым халық, – дейді аса манызды істер жөніндегі жедел уәкіл Кайрат Ахметов.
Жаман айтпай, жақсы жоқ, егер сіз осындай алаяқтық әрекетке жолықсаңыз не істеу керек? Ең алдымен тағы бір рет бұл ұйымның қаржылық пирамида екеніне көз жеткізу қажет. Қолындағы алаяқтарға ақша аудару фактісін растайтын құжаттар, яғни келісім, банктік шот бойынша үзінді көшірме, қолма-қол ақшаны беру туралы бұйрық болса, пирамидаға кіргізген адамға дереу хабарласқан жөн. Егер пирамида схемасы әлі де күшінде болса, ұйымға жазбаша шағым беріп, ақшаны қайтаруды талап ету қажет. Ақшаны қайтарып бермесе, қылмыстық іс қозғау үшін құқық қорғау органдарына хабарласатын ұйымдастырушыларға, одан нәтиже болмаған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарлаған жөн. Әдетте мұндай жағдайда ақшаны қайтарып алу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары. Алаяқтықпен күрестің маңызды сәті – бұл туралы көпшілікке жария ету. Сондықтан алаяқтардың көбейген уақытында өзіміздің басқан әрбір қадамымызға сақтықпен және жауапкершілікпен қараған абзал. Тегін ірімшік тек қақпанда екенін ұмытпайық.
Жандос Жазкен
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!