Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Сәрсенбі, 11 желтоқсан, 13:48

Қаржы пирамидасы – алаяқтардың қақпаны

23.09.2022

968

0

Бүгінде елімізде “мол табысқа кенелемін” деп бар жиған-тергенінен күмәнді қаржылық ұйымдарға салып, әп-сәтте айырылып жатқан қазақстандықтар аз емес. Ашынған азаматтар, тіпті өз-өзіне қол салып, өмір сүруден түңіліп жатады. Алаяқтық фактілерінің көбейгенін ескерткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті мемлекеттік органдарға қаржы пирамидаларына қарсы кешенді шаралар әзірлеуді міндеттеген еді. Өйткені оңай олжаға құныққан алаяқтар халықты алдап-арбаудың айла-амалын ойластырып, одан әрі дами түсуде.

Заман ағымына қарай қаржы пира­мидалары да түрленіп келеді. Жаңа бай­ланыс технологияның дамуымен олардың саны да артуда. Қазір интер­нет алаяқтарының өршіп тұрған сәті, себебі интернет алаяқтары өзінің құрығына түсіремін деген кісімен бетпе-бет жүздеспей, монитордың әр жағында отырып-ақ өз ісін тындыра береді. Сондай-ақ қаржы пирамидалары баға­лы қағаздар, зергерлік бұйымдар, ту­ристік жолдамалар, криптовалюта са­тамыз дегенді желеу етіп, жұрттың қалтасына түсіп жүр. Бұған қоса заңды микроқаржы ұйымдары, букмекерлік кеңселер, тұтыну кооперативтері мен үлеспұлдық инвестициялық қорлардың атын жамылып жүргендер де жетерлік.
Осы орайда аудан орталығында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлерінің аудан тұрғындарымен кездесуі өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – аудан халқын осындай күмәнді қаржылық ұйымдарына қаржы құю, интернет алаяқтарының қалай құрығына түспеудің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу.

Аса манызды істер жөніндегі тергеуші Майра Оралбаеваның айтуын­ша, республикамыздың барлық өңірінде әртүрлі үлгідегі алаяқ­тық жобалар көбейген. Ел аума­ғында жыл басынан бері 37 қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қа­тысты ҚР ҚК-ның 217 бабымен 45 қыл­мыстық іс тіркелген, оның ішінде 7 қылмыстық іс сотпен қаралып, 11 адам 3 жылдан 6 жыл 8 ай мерзімге дейін түрлі жазаға тартылды. Барлығы 6,5 млрд теңгенің мүлкіне тыйым салынған. Қазіргі кезде бұл саладағы қылмыспен күресудің жаңа әдістемелері бас­шылыққа алынған. Яғни талдау жасау ар­қылы оларды басталу кезеңінде тыйып тастауға мүмкіндік туындаған.

– Әлеуметтік желі арқылы оңай олжа ұсынатын жарнамалық сайттар мен сілтемелерді анықтау мақсатында тұ­рақ­ты түрде арнайы ақпараттық жүйемен мониторинг жасалады. Бүгінгі күнге департамент мамандарымен заңсыз ойын белгілерімен 1 178, оның 747-сі заңсыз ойын бизнесі және қар­жы пирамидасына қатысты 431 сайт­ пен сілтеменің белсенді жұмысы тоқтатылды. Департамент қызмет­керлерінің жедел-іздестіру шаралары нә­тижесінде облысымызда жыл ба­сынан бері алаяқтық белгілерімен «ROGNEDA» және «Не работа» деген компаниялар анықталды. Азаматтардан «Каспи голд» арқылы аударым қа­былдау жолымен жиналған қаражат көлемі 89,6 млн теңгеге жеткен. ҚР ҚК-ның 217 бабымен тіркелген екі іс материалы, тергеу реттілігімен, облыстық полиция департаментіне және Түркістан облысы бойынша ЭТД-ға жолданды. Осындай күмәнді жобалардан азаматтарды сақ­тандыру және алдын алу үшін бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Алайда «ақшамды еселеп көбейтіп аламын» деген сеніммен мыңдаған жан ал­данып қалып жатыр. Облыстық қо­ғамдық даму басқармасымен бірлесіп, біздің мамандар аудандарда кездесулер өткізіп жүр. Облыстық телеарнамен бірге бейнеролик жасалды, «Азаматтарға ар­налған үкімет» залдарында, сауда орын­дарында, қала көшесіндегі LED экрандарда көрсетілуде, – дейді Майра Оралбаева.
Ашығын айтқанда, халықтың мұн­дай пирамидаларға алданып қалуы­ның басты себептерi қаржылық-кре­диттiк заңнама саласындағы бi­лiм­нiң жеткiлiксiздiгi, ақшаны ұстау мәде­ниетiнiң төмендiгi, сондай-ақ аза­мат­тардың ақша жинауы және инвес­тициялауынан болып табылады. Өйт­кені мұндай ұйымдардың жарнама саясаты өте қарқынды дамыған. «Ақшаңды еселеп қайтарасың», «Жақсы өмірге жолдама», «Анаңды Меккеге апарғың келсе, бізбен жұмыс жаса» деген секілді қаржылай қиналып жүрген адамның ойына дереу психологиялық әсер ететін сөздермен баурап жатады. Сонымен қатар интернет желісіне кіре қалсаң, бірінші осындай күмәнді ұйымдардың жарнамасы шыға келеді. Интернетте 30 минут жұмыс жасаған адам, кемінде 3-4 рет осындай жарнамаға кездеседі. Яғни мұндай алаяқтар адам тартудың барлық тәсілін пайдалануға дайын екенін көрсетеді. Сондықтан халықтың қаржылық сауаты жоғары болуы қазіргі таңда маңызды.

– Статистикаға көз жүгіртсек, ерлерге қа­ра­ғанда әйелдер қаржылық ұйым­дарға көп алданып жатады. Оның себебі әйелді ыдыс, жиһаз секілді материалдық заттарды ұсыну арқылы оңай тұзаққа түсіреді екен. Яғни қаржылық ұйымға қаржы салып кіріп, сол ұйымнан ыдыс не болмаса жиһаз сатып алатын көрінеді. Содан өзіңнен кейін 3-4 адам тартуды міндеттейді. Осылай қаржылық пи­ра­мида өзінің ауқымын кеңейтеді. Бі­рақ соңында тек осы ұйымды ойлап тап­қандар ғана ұтыста болады, соны естен шығармау керек. Ал ер кісілер бук­мекерлік кеңселердің құрығынан шыға алмай жүр. “1хбет”, “Олимпбет” секілді кеңселерге ер кісілердің спорттық ойын­дарға бәс тігіп, өз ақшаларынан айырылып жатқандары жетерлік. Әрине қазіргі таңда бұл ұйымдарға ел аума­ғында өз кеңсе-ғимараттарын ашуға рұқсат жоқ. Бірақ бұл кеңселер жұмыс істеудің басқа жолын ойлап тапқан, қазір букмекерлік кеңсе ғимаратына барудың еш қажеті жоқ. Қолыңда ұялы телефон немесе ноут­бук болса, жеткілікті. Букмекерлік кеңсе сайтына интернет желісі арқылы кіріп, сонда тіркеліп, ақшаңды салып әрі қарай ойнай бересің. Менің ай­та­рым, мүмкін мұның барлығы жеңіл ақша әкелетін шығар, бірақ мұның алып келетін межесі сіздің банкрот болуыңыз. Өйткені мұндай ұйымдар ешқашан ұтыл­­майды, қаржысынан айырылатын қа­рапайым халық, – дейді аса манызды іс­тер жөніндегі жедел уәкіл Кайрат Ахметов.

Жаман айтпай, жақсы жоқ, егер сіз осындай алаяқтық әрекетке жолық­саңыз не істеу керек? Ең алдымен тағы бір рет бұл ұйымның қаржылық пирамида екеніне көз жеткізу қажет. Қолындағы алаяқтарға ақша аудару фактісін растайтын құжаттар, яғни ке­лісім, банктік шот бойынша үзінді кө­шірме, қолма-қол ақшаны беру туралы бұйрық болса, пирамидаға кіргізген адамға дереу хабарласқан жөн. Егер пирамида схемасы әлі де күшінде болса, ұйымға жазбаша шағым беріп, ақшаны қайтаруды талап ету қажет. Ақшаны қайтарып бермесе, қылмыстық іс қозғау үшін құқық қорғау органдарына хабарласатын ұйымдастырушыларға, одан нәтиже болмаған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарлаған жөн. Әдетте мұндай жағдайда ақшаны қай­тарып алу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары. Алаяқтықпен күрестің маңызды сәті – бұл туралы көпшілікке жария ету. Сондықтан алаяқ­тардың көбейген уақытында өзіміздің бас­қан әрбір қадамымызға сақтықпен және жауапкершілікпен қара­ған абзал. Тегін ірімшік тек қақпанда екенін ұмытпайық.

Жандос Жазкен

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: