Жалағаш Сыр салысынан мол өнім алуда жылда рекорд жаңартуды дәстүрге айналдырып келеді. Бұл ауыл еңбеккерлерінің табанды ісінің нәтижесі екеніне дау жоқ. Озық технологиялардың ауыл шаруашылығы саласына тың серпін беруі бір жағынан салада еңбек өнімділігін де арттырып отыр. бүгінгі күні аудандағы ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосып, өз кәсібін дөңгелентіп, тіпті қанша адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылықтар баршылық. Олардың қатарында егілген егістен мол өнім алуды әдетке айналдырған «Байтабын» ЖШС да бар.
Шаруашылық биыл 800 гектарға жуық алқаптан жоңышқа өнімін жиған. Оның 210 гектары жаңа жоңышқа болса, 580 гектар ескі жоңышқаны күтімге алды. Ескі жоңышқадан тұқымға 39 тонна дақыл жинап алған. «Пиктус» деп аталатын германиялық аппарат күніне 1 тоннадан астам тұқым әзірлейді. Қырманда дәл осындай күріш тазалайтын да заманауи аппарат бар. Шаруашылық төрағасымен сөйлескенімізде күніне 90-95 тонна тұқым дайындауға қауһарлы германиялық алып аппарат 2018 жылы 48 млн теңгеге сатып алынғанын айтты. Өнім сапасында мін болмаса керек, бүгінде «Байтабын» ЖШС-да дайындалған жоңышқа және күріш тұқымдары қолдан-қолға тимей өтіп жатыр екен.
Батыр атындағы ауылға көктемгі науқанның тұсында бір мәрте ат ізін салғанбыз. Ол кезде төраға Болат Ділдабеков қырман басында екен. Бас-аяғы 2 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы дақылдарының күтіміне 41 диқан жауапты. Еткен еңбек, төккен тердің жемісі болуы керек, биыл «Байтабындықтар» жоңышқаның әр гектарынан 60 центнерден орташа өнім жиса, Сыр салысы себілген алқаптың әр гектарынан 72 центнер орташа өнім алыпты. Шаруашылық бойынша Жайлау Ниязшаев пен оның көмекшісі Дастан Шайхыисламов биыл озаттар арасында көш бастады. Даңғайыр диқандардың ізбасарлары 87 гектар күріштің күтіміне алажаздай жауапкершілікпен қарағаны көрініп-ақ тұр. Кешегі науқан қорытындысымен олар әр гектардан 92 центнерден өнім алған. Салада 20 жылдан астам тәжірибесі бар Жайлау Ниязшаев та биыл аяқ судың айтарлықтай мәселеге айналғанын жасырмады. Десе де ол әріптесі екеуі туындаған мәселеге төтеп беру үшін бойдағы жауапкершілікті еселепті.
– Суды ең көп қажет ететін өнімнің бірі де бірегейі – күріш. Тіпті жерге себілгеннен жинап алғанша суда жатады десем, қателеспеймін. Рас, суды ауыстырып тұратын уақыттар болады. Бірақ негізгі қорегі де осы екенін ескерсек, жылдан-жылға күрделеніп отырған аяқ су мәселесінің бізді алаңдатып отырғанын жасыра алмаймыз. Су келетін арық, каналдарымызды қазу, тазалау жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырамыз. Биыл межелеген өнімнен де жоғары астық алдық. Мұның бәрі маңдай тердің жемісі деп білемін. Шаруашылық бойынша біз диқандардың алды болдық. Бұл жетістікте көмекшімнің де үлкен еңбегі бар. Салада нәтижелі еңбек еткен жұмысшыларға жалақыдан бөлек қосымша сыйақы үлестіріледі. Биыл солардың қатарынан табылғанымызға қуанып отырмыз. Келер жылы да алдымызға жоғары меже қойып, содан шығуға талмай жұмыс жасаймыз, – дейді диқан.
Иә, жалпы аяқ судың мәселесі жергілікті шаруашылықтардың ешқайсысын айналып өткен жоқ. Уақыт өткен сайын мәселе күрделеніп келеді. Егер келер жылы мұндай мәселе қайталанбаса, «Байтабын» ЖШС 1 390 гектарға күріш егуге ниетті. Ротация тәртібі мұны көтергенімен, алда аяқ су мәселесі қалай болады? Міне, шаруашылық ұжымы осыған бас қатырып отыр. Шаруашылық бүгінде 100-ден астам ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. 3 өндіріс бригадасы биыл науқанды оң нәтижемен қорытындылаған. Техникадан да мәселе жоқ, төраға Болат Ділдабеков «Алажаздай бапталған өнім жауын-шашынға қалады» деп уайымдамайды. Себебі ол шаруашылық базасын толық заманауи соңғы үлгідегі техникалармен жарақтап алған. Ал мұның еңбек өнімділігіне де оң әсері болатыны айтпаса да белгілі. «Байтабын» ЖШС егінді әртараптандыруға да басымдық беріп келеді. Биыл ауыл халқына біршама жер ашып берген еді. Жергілікті тұрғындар қыстай тұтынатын картоп-сәбізін, қызылша, асқабын өздері өсіріп, жинап алды. Болат Ділдабеков ағамыз бұл жылдағы қалыптасқан дәстүр екенін айтады. Әрине шаруашылық қолға алған бұл бастаманың жергілікті халыққа тиімді екені айтпаса да белгілі.
Ал биыл мақсары, соя секілді суды аз қажет ететін дақылдарға да басымдық беріледі екен. Төрағаның жоспары көп, мақсаты айқын, жұмысы жүйелі. Алдағы уақытта шаруашылықты түрлендіру арқылы кәсіптің көкжиегін кеңейту де ойда жүрген дүние екен. Мәселен, осыған дейін егін шаруашылығында өзіндік қолтаңбасын қалдырған «Байтабындықтар» келер жылдан бастап мал шаруашылығын да қолға алмақ ниетте. Әрине бірінші кезекте төрт түліктің басын көбейтуге күш салады. Одан кейін мал басын асылдандыруға кезек беріледі. Осылайша салада бақ сынаған шаруашылық ұжымы табысты еселеуге бел буып отыр. Айтпақшы алдағы уақытта шаруашылық үлкен күріш ақтайтын заманауи цехты іске қоспақшы. Осылайша өздері күтіп-баптаған өнімді өндіріп нарыққа шығармақ.
Айта кетейік, биылғы жылы ауыл шаруашылығы саласы бойынша біздің ауданда ауқымды жұмыстар атқарылды деуге болады. Жыл сайын Сыр маржанын егіп, орналастыруда, оны күтіп-баптап, күздігүні мол өнім алуда жалағаштықтар көш бастап келеді. Биылғы науқан да еңбеккерлердің еселі еңбегінің нәтижелі болғанын көрсетті. Жалпы ауданда биылғы жылы 35486,5 гектарға егiс орналастырылып, күтімге алынды. Оның ішінде негізгі дақыл күріш – 18 501 га, бидай – 720 га, қант құмайы – 73 га, арпа – 42 га, соя – 39 га, мақсары – 520 га, сүрлемдік жүгері – 445 га, сұлы – 5 га, қант қызылшасы – 2,5 га, жаңа жоңышқа – 4 903 га, ескі жоңышқа – 7 186 га, картоп – 646 га, көкөніс – 1 108 га және бақша өнімдері – 1 296 га. Биылғы жылы 194 шаруашылық егін орналастыру жұмыстарын жүргізсе, оның ішінде күріш дақылын орналастырған шаруашылықтар саны 137-ні құрайды екен. Егін орналастыруға қажетті 4 625 тонна күріш, 136 тонна жаздық бидай, 7,5 тонна арпа, 20 тонна жүгері, 13 тонна мақсары, 183 тонна қант құмайы, 4,3 тонна соя, 1 тонна сұлы, 73 тонна жоңышқа тұқымдары дайындалды. Дайындалған 4 625 тонна күріш тұқымының 4 234 тоннасы «Лидер», 168 тоннасы «Янтарь», 160 тоннасы «Маршал», 30 тоннасы «Виконт», 20 тоннасы «Премиум», 7 тоннасы «Рапан», 6 тоннасы «Сыр сұлуы» сорттары. Су тапшылығының алдын алу мақсатында негізгі дақыл күріш көлемі өткен жылдан 1299 гектарға аз орналастырылып, тиісінше мал азықтық жоңышқа дақылы 1329 гектарға, жүгері 298 гектарға, бидай 30 гектарға, арпа 12 гектарға артық орналастырылған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!