Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-1°C

, Жұма, 27 желтоқсан, 13:36

Оңалту орталығының балаларға тартуы

14.12.2022

416

0

«Өткенді танып білмесең, болашаққа қадам баса алмайсың» дейтін халықпыз ғой, біз сәтін салып тағылымға толы саяхатқа шықтық. Қасымыздағы жолсеріктеріміз де өте ерекше. Аудандағы «Альтайр» оңалту орталығының тәрбиеленушілері. Бұл сапар бізді тұтас түркі жұртына ортақ тұлға Қорқыт бабамыздың мемориалдық кешені мен Марал ишан қорымына алып барды.

Жұмыс уақытына таяғанда көптен күткен автобусымызда келді. Көлікке мінгеннен жан-жақтан жәудір көздер жәутеңдеп, күлім қағып, бірінен соң бірі сәлемін жаудырды. Бүгінгі сапарымыздың тағылымға толы, рухани байытатынын және ең әуелі балалардың риясыз қуанышына куә болатынымызды сол сәтте-ақ ұғындық. Қуанса, бала қуансын демеуші ме еді, иә балалардың жүздеріндегі бұл әлемнің қулық-сұмдығынан бейхабар алаңсыз күлкі жүректі елжіретіп, бір сәтке болса да балалық шаққа заулатып апарып алып келгендей болды. Жайғасып алып, ішімізден «сәтті сапар болғай» деген дұға-тілегімізді айттық та бағытымызға бет алдық. Аз-кем уақыттан соң Қармақшыдан асып, сан мың туристі таңғалдырған Қорқыт Ата мемориалдық кешеніне жеттік. Тұраққа көлігімізді орналастырып, балаларды ертіп, кешеннің орталығына қарай беттедік.

«Жалпы кез келген адам шыққан тегін, өткен тарихын, сол тарихтың қатпарлы беттеріндегі елеулі оқиғаларды, ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңдерді білсе ғана өз ұлтының болмысын толық тани алады. Әсіресе тарихи тұлғалар мен баһадүр батырлардың, дәстүрлі ислам дінімен сусындатқан молда ишандар мен ахундардың өнегелі өміржолдарын өскелең ұрпақ жадында жаңғырту – бүгінгі буынның міндеті» деген «Альтайр» оңалту орталығының меңгерушісі Лида Сайлауқызы ерекше балаларды осындай саяхатқа жылына екі рет алып келетінін айтады. Осындай игі істің ізін суытпай жүрген кең жүректі апайдың бұл үрдісіне көңіліміз қуанды.

Айта кетейік, 2015 жылдан бері ерекше күтімді қажет ететін балалардың сауығуына, қажетті ем-дом алуына күш салатын орталық 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдай алады. Бас-аяғы 10-ға жуық қызметкердің көмегімен талай бүлдіршін қатарға қосылған. «Альтайр» оңалту орталығының меңгерушісі Лида апайдың айтуынша, орталық қызметкерлері күнделікті жоспарлы жұмыстан бөлек балалардың көңілін аулап, бос уақытын тиімді пайдалану үшін түрлі шаралар ұйымдастырады екен. Әсіресе мереке күндері орталық тәрбиеленушілері елеусіз қалған емес. Жергілікті кәсіпкерлердің, ерікті жандардың демеушілігімен мерекелік кештер өтіп, сыйлықтар үлестіріледі. Балалардың тарихи орындарға жасаған саяхаты да осындай елеулі еңбектің нәтижесі деуге болады.

Кешенге таяғанда байқағанымыз, тұтас түркі жұртына ортақ тұлға Қорқыт бабамыздың басына келушілердің қарасы қалың. Алдымен баба рухына құран бағышталып, барлығымыз іштей дұға-тілегімізді тіледік. Айналаны түгел шолуға кіріскен балалардың қуанышында шек жоқ. Ал тәрбиешілер болса әр баланың қауіпсіздігі үшін аса сақтықпен, жауапкершілікпен жүгіріп жүр. Осыған қарап-ақ орталықтың жұмысының жүйелі, балалардың алаңсыз дамып-жетілуіне еш кедергі жоқ екенін білдік.  Мұнан соң балалар жел ырғағымен Қобыз үнін есетін ескерткіш маңында естелік суретке түсіп, қызықты жерлерді аралаған соң, мұражайға табан тіреді. Аңыз бойынша, Қорқыт жастайынан адам өмірінің сонша қысқалығына налып, қашсаң құтылмас ажалға қарсы күрескісі келеді. Абыз баба жан дүниесінің күйзелгенін басу үшін шырғай ағашынан қобыз жасайды да, оған шек тартып, азапқа толы ойы мен сезімін осы аспап үнімен еседі. Жыршының жан дүниесінен өрілген осы сыбызғы сазы бүкіл әлемге таралды, кереңнің құлағына жетіпті. Сол ықылым заманнан бері Қорқыт әуені мен қобызы оның көзіндей, киесіндей халық жүрегінде жасап келеді. Міне, осындай аңыздан сыр шертетін мұражайдағы көріністер мен ондағы тарихи жәдігерлер, архитектуралық қазба кезінде табылған мәдени мұраларды балалар көзбен көріп, қолмен ұстады.

Сапар аясында орталықтың тәрбиеленушілері үшін өткен ғасырлардан сыр шертетін мәдени мұраларды насихаттау арқылы тарихи тұлғаларды танып, білуге мүмкіндік туды. Қорқыт ата мемориалдық кешенінен шыққан соң, Марал ишан қорымына аялдадық. Марал ишанның көріпкелдігі, кейбір оқиғаларды алдын ала болжап, айтып отыратындығы жөнінде тарихта аңыз әңгімелер баршылық. Данышпан халқымыз әулие-абыздар мен ишан атағына ие болған тұлғаларды қатты қадірлеген. Солардың бірі – 1780 жылы дүниеге келген, өз заманында «үш жүздің пірі» атанған, әулиелігімен танымал болған, Ислам дінінің рухани шамшырағы, діни тұлға Марал ишан.

Марал бабамыздың ұлы Қалмұхаммед (Қалқай ишан) Маралұлы да әке жолын жалғастырып, қасиетті дінімізді қазақ даласына таратқан. Ол Марал бабамыз ашқан мешіт-медрессе жұмысын одан әрі жалғастырады. Қалқай ишанның әулие әрі білімді тұлға болғандығы жөнінде де әңгімелер көп-ақ. Айта кетейік, Марал баба қасында көптеген әулие кісілердің сүйегі жатыр. Елге белгілі ишандардың кесенесі де осы жерде екен. Қасиетті мекен саналатын бұл маңға келушілер ишанның өмір-жолдарымен танысып, киелі жерді көзбен көрді.

Киелі жерлердегі кеңістік жүрегімізді шексіз мейірімділікке толтырғандай әсер етті. Жалпы, ерекше тылсым күш сыйлағандай, демалып, рухани тазарып, қыздар сарғалдақ теріп, ер балалар далаға жұпар иісін шашқан жусаннан нәр алғандай болды. Бастысы балалар шат-шадыман, мәз-мейрам күйге енді. Қуанса, бала қуансын, деген сөзді іштей қайталап, кеудемізді ерекше жайлылық билеп, бабалар рухына тағзым етіп қайттық.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: