Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Жұма, 27 желтоқсан, 19:53

35 жыл Желтоқсан құрбаны болған

19.12.2022

514

0

Иә, сол бір желтоқсанның қаралы күндері біздің замандастарымыздың есіне түссе, түн ұйқысынан шошып оянып, қарлы борандағы болған оқиғалар көз алдынан кино лентасындай тізбектеліп өте береді. Сол қияметті көрген құрбым қазіргі бейбіт тірлікке тәубе етіп, Аллаға шүкіршілік жасайды. Ызғарлы күндердің жарықшағы жанын жаралайды бірақ. Бір жапырақ нәзік жүрек төзбейтін қандай нәубет келген десеңізші елдің басына. Ауыртпалыққа толы жылдардың зардабын күні бүгінге дейін тартып келген менің сыныптас досым, Жалағаш ауданы, Темірбек Жүргенов ауылының тумасы Гүлшара Жақсыбайқызы Алтынсариева еді.

Ол 1986 жылы небары өрімдей 21 жаста еді. Тумысынан өжет қызды қанға бөгіп жатқан алаңға апарған тұлабойындағы тұнған елге деген құрмет, ұлтқа деген, тілге деген, салт-дәстүрге деген жанашырлық болатын. Қазір 57 жасқа табан тіреген досымның жан жарасын қайта қозғап, сол бақытсыз күндерді еске алуды өтіну қандай қиын екенін білсем де оны мазалауды жөн көрдім. Себебі бұл тарих. Тарих болғанда да жаралы, қаралы тарих беттері еді. Оны кейінгі ұрпақ біліп, осындай ержүрек бейбіт дәуірдің батыр қызымен мақтанса екен, оның тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы жүріп өткен ауыр да, азапты жолы тарих беттерінде қатталса екен деген мақсат болатын.
Ендігі әңгіме құрбымның 1986 жылғы болған оқиғаларымен өрбиді. «Сол күндер әлі есімде. Жадымда жатталып, жүрегімде жазулы күйде. 1986 жылы Алматыда қазіргі «Дәуір» баспасында жұмыс істейтінмін. Оң-солымды танымаған, жиырмадан жаңа асқан кезім. Дәл сол он алтысы күні біздің баспаға жаңадан машина келген. Сол жаңа баспа машинасын көруге Д. Қонаевтың өзі келеді деп күткенбіз, келмеді. 17 желтоқсан күні жұмыстан шығып, үйге қайтып келе жатқанбыз. Өзіміз құралпы жастар автобусқа мініп, «қазақ жастары алаңға барыңдар, біздің елге қайдағы бір орысты басшылыққа қойыпты. Қонаев атамызды орнынан алып тастапты» деді. Мына сөз төбемізден кесек мұз тастағандай әсер етті. Салып ұрып, алаңға жеттік. Алаңға жиналған жастар «ақ үйге» кіреміз, ненің не екеніне көз жеткіземіз деген бейбіт ойда ғана екен. Оларды ашындырып, қойдай қуалап, артын қанды оқиғаға айналдырып жіберді. Кешкі сағат жетіге дейін жүргенде көрмегеніміз қалмады. Еркімен келгендер де, жазатайым сол жерден табылғандар да үлкен жапа шекті. Неге бас көтерер бір қазақ жоқ? Аяғы не болар екен деген ой әрқайсымызда да бар еді. Трибунаның алдынан кетпей, қазіргі Әнұранымыз «Менің Қазақстанымды» айттық. Жиналған жастардың көкейіндегі сұрақ «Колбин кім?Біздің дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді түсінбейтін адам қалай басшы болады?»
Атын білмеймін бір әскери киімдегі полковник шығып «Сендер не істей аласыңдар? 70 пайызың басқа ұлт, 30 пайыз ғана қазақсыңдар. Ештеңе қолдарыңнан келмейді, кетіңдер» деді. Біз қайтпадық. Бір кезде аспаннан түскен жауын құрттай солдаттар қаптады да кетті. Бір сәттің ішінде ғана у-шуымызды шығарып, ұрып-соғып, қуа бастады. Бір байқағаным, алып келген әскердің ішінде бір қазақ «кого надо бить? Русских?» дегені бар емес па? Сол мезетте оны да бір ұрып, сүйреп кетті.
Байсейітова көшесімен қашып келеміз. Алысып жүргенде менің басыма дубинка тиіп, ұшып түстім. Есім кіресілі-шығасылы күйге түсіп, мәңгіріп қалдым. Өлдім ау деп ойлағам. Бір есімді жисам, қашып келе жатқан қазақ жігіттері көріп, сүйреп, қалтарысқа әкеліпті.
Сол жылғы қыс аязды болды ма, әлде сол оқиғаға табиғат-ана да түршігіп кетті ма, әйтеуір ызғарлы еді. Түкірген түкірігің жерге мұз боп түсетін ауа райында өрт сөндірушілер де тастай суын шашып жатты.
Ал менің болса басым қазандай болып іскен, жатақханаға зорға жеттім. Ертеңіне он сегізі күні бүкіл Алматыдағы қазақ жастары бір ауыздан не сабаққа, не жұмысқа бармастан, алаңға жиналдық.
Қазіргі «Самал» мөлтек ауданындағы үйлер жақтан алаңға түстік. Жоғарыдан алаңға кіре алмай тұрмыз. Солдаттар жіберер емес. Сонда орыстар «Надо всех баранов убивать» деп айғайлап, өздерін керемет етіп көрсетіп тұрды.
Бір кезде әскери киім киген майор қазақ «Қарақтарым, қайтыңдар, бұлар ештеңеден тайынбас» деді. Бір уақытта әскери машинадан қолдарында істік күректері бар бір топ қазақ жігіттері түсті.
Алаңда түннен қалған жастар болуы керек біразы жүр, ал біз кіре алмай тұрмыз. Кенет қазіргі «Хабар» телеарнасы тұрған үй мен жанында «Океан» деген дүкені бар еді. Шынылы терезенің алдына жап-жас, өрімдей қыз-жігіттерді шыңғыртып күрекпен, келтек темірмен сабап жатқанын көрдік. Біздің де жанымызға машина келіп, қолымызды қайырып, салып әкетпек болды. Тағы да әскери киімдегі қазақ ағамыздың арқасында қашып шықтық.
Ертеңіне жұмысқа келсек, бізді іздепті. Менің таң қалғаным, жұмыстағыларды алаңға баруға үгіттеп, ұйымдастырып жүрген бүлікшінің «серкесі» мен болып шықтым. Газет, журнал, тіпті мекемедегі қабырға газетіне де әспеттеп суретіммен шығарып қойды. Алдыңғы күні кеш келгенім бар, ертеңіне жұмысқа бармағаным және бар. Әйтеуір сол күннен бастап азапты күндер басталды. Бір ай тергеді. Бұлай психологиялық шабуыл жасағаннан бірден ұрып немесе өлтіріп тастағандары жеңіл ме еді деп қалдым.
Сонда «Колбина долой» деген сөзді мен айттым дегенді мойындату мақсаттары болды. Қатты күйзеліп, жүдеп кеттім. Бірақ «халық жауы» екенімді мойындамадым. Менің еңбек кітапшамда «17 желтоқсан тергеуге түсті. 17 қаңтар жұмыстан босатылды» деп тайға таңба басқандай жазылған. Мен ол кезде азапты жалғыз өзім көрген шығармын деп ойлаған едім. Олай емес екен. Кейін байқасам, бұл қанды қақтығыстан бүкіл қазақ даласы күңірене күйзеліпті.
Әкем Қызылордада қызмет істейтін. Партияның адамы еді. «Қызың саяси сауатсыз, қайта тәрбиелеңіз» деген хат салыпты. Мен мұны білмеймін. Артынша әкемді зейнеткерлікке жеткізбей, жұмыстан шығарып жіберіпті. Әкемнен аңқау басым жұмыстан неге кеткенін сұрағанымда «жұмыстан шаршадым, денсаулығым да нашарлап кетті» деп жауап берген болатын. Сөйтсем бұл көзі ашық, сауатты әкенің бәрін түсініп, мені мақұлдағаны екен ғой.
Қазір бәрі келместей болып артта қалды. Бірақ сол Желтоқсан оқиғасындағы талай нәрсе ашылмай отыр. Қапшағай жақта қаншама қазақтың ұл-қыздарының сүйегі топырақтың астында жатыр дегенді де естимін. Қалай болғанда да ашу керек деп ойлаймын. Ашылмай көміліп жатқан құпия қалмау керек. Менің бір ғана тілегім қазақ ешкімнің қанды тырнағына ілігер жемтік болмаса екен.» деп құрбым көзіне жас алып кеудесін өксік қысып, бір сәт босап кетті.
Қалай босамасын өзінің туған жерін сүйген патриот қыз «халық жауы» деген атаққа іліне жаздаған. Желтоқсан оқиғасынан соң 35 жылдан кейін айыпты емес екені анықталып, ақталып шығып, омырауына туған елінің құрметіндей төсбелгі тағып отыр.
Иә, жанкешті қызының тағдырына жазықсыз әке де жазықты болып, жапа шекті. Мұндай тағдырлар, іште шемен боп кеткен шерлі қайғыны жұтып о дүниеге аттанып кеткендер де бар болар. Алайда туған жердің туын көтеріп, оның ар-намысы үшін жалынды жастық шағын құрбан еткендер рухы жасай береді. Ендеше Гүлшара Алтынсариева құрбым мемлекеттік награда алу құрметіне лайық деп ойлаймын. Мұндай ержүрек қыздар елеусіз қалмаса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені олардың ерліктері елге – үлгі, ұрпаққа – аңыз.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: