Қоғамдық сана қалыптасу үшін, уақыт талабына сай өзгеру үшін де оған ықпалды күш болады. Олар – өмірлік тәжірибесі бар аға буын. Қай қоғамда да алдыңғы аға буын өзінен кейінгілерге жол көрсетіп, бағыт береді. Қазақ қоғамында ол міндетті қариялар атқарыпты. Дала заңы бойынша ел ішіндегі екеуара немесе руаралық дау-дамайды әділ шешіп, жанжалдасқан екі тарапты мәмілеге келтіріп, татуластырыпты, тентек-теліні тезге салып, түзетіп отырыпты. Яғни қандай жағдайда да ақсақалдарымыз ел ішінің бірлігін сақтап қалуды көздеген.
Қазір де ел ісінде ақсақалдардың үлес салмағы басым. Тәуелсіздіктен соң қоғамдық институттар қалыптасты. Солардың бірі – ақсақалдар кеңесі және бұл кеңес түрлі деңгейде нәтиежелі жұмыс істеп келеді. Десе де заманның өзгеруіне, қоғамның дамуына қарай жұмыс жүйесі де жаңаланып, жанданып отыруы тиіс.
Жалағаш ауданы әкімдігі жанынан аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясының ақсақалдар кеңесі құрылды. Бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Жуырда кеңестің алғашқы отырысы өтті. Кеңес құрамында жергілікті қоғамдастықтың ақсақалдары, этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың беделді, белсенді өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары және аймағымызға белгілі зиялылар бар.
Кеңес отырысын аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов жүргізді.
– Қай кезде де қоғамның локомативі – алдыңғы буын өкілдері, яғни елағалары мен ақсақалдар. Кейінгілерге бағыт беретін ақсақалдары бар елдің тыныштығы, бірлігі, ынтымағы бұзылмаған. Елімізде бұған дейін түрлі қоғамдық институттар құрылып, жұмыс жүргізіп келеді. Олар бүгінде бірлік пен тыныштықтың кепілі, жастар тәрбиесінің тиімді тетігіне айналды. Осы тұрғыдан қарасақ, бүгінгі құрылып отырған кеңестің де келешегіміз үшін маңызы зор, елдің тыныштығы мен бірлігі жолында атқаратын міндетінің салмағы бар, жұмысы да ауқымды. Кеңес құрамы да лайықты жасақталды.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы ел ішін аралап, халықпен кездескен сәттерінің бірінде «Қазақ қай заманда да төрде отырған үлкенді сыйлап, құрмет тұтқан, ақсақалдардың жөнді сөзіне тоқтам жасап, олардың ізіне ерген. Ал ауызы дуалы қарияларымыз бен ақсақалдарымыз қашанда елдің ұйытқысы болып, татулықты насихаттап, бірлікті сақтап отырған. Ендеше осы үрдісті әлі де жандандырып, бір жүйеге түсіру керек. Бәлкім кеңестерді Ассамблеяның жанына топтастыру керек шығар» деген еді.
Міне, Мемлекет басшысының бұл ұсынысы халықтан қолдау тауып, қазіргі таңда барлық аймақта Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Ақсақалдар кеңесі құрылып, жұмысын бастап кетті. Өздеріңізге белгілі, бүгінде Ассамблея еліміздің саяси өміріне әртүрлі қоғамдық, әлеуметтік саладағы қазақстандықтарды тарту мақсатында жаңа тәсілдерді енгізуді жетілдіруде. Қазақстандық біркелкілікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің, ғылыми-сарапшылық топтың, медиация кабинетінің және ассамблея жастарының атқарып келе жатқан жұмыстарын жоғары бағалаймыз. Ал жаңадан құрылған кеңес сол жұмыстарға тың серпін беріп, ел бірлігіне жұмыс істеп, ұлтаралық татулықты нығайта түседі деп сенемін және сіздердің алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді Ғани Кенжеғараұлы.
Кеңестің жалпы ережелері, міндеттері өкілеттіктері таныстырылды. Одан соң кеңес отырысы күн тәртібіндегі екі мәселе бойынша жалғасты. Алдымен кеңес мүшелерінің бірауыздан қолдап, дауыс беру нәтижесімен Жалағаш аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақасқалдар кеңесінің төрағасы болып Асылбек Тәуіпбаев сайланды.
Асылбек Тәуіпбаев ауданымызда ұзақ жылдар басшылық қызметтерді үлкен жауапкершілікпен және абыроймен атқарды. Зейнетке шыққанымен әлі күнге дейін ауданның саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани өміріне де белсене араласып келеді. Өзінен кейінгі жастарға өнегелі сөзімен, нәтижелі ісімен үлгі болып, елдің бірлігіне жұмыс істеп жүрген ақсақалдарымыздың алдыңғы қатарынан көреміз. Сондықтан кеңес мүшелері төрағаны сайлауда лайықты таңдау жасады. Сонымен бірге Асылбек Тынарбайұлының ұсынысымен кеңес төрағасының орынбасары ретінде Болатбек Мырзабековтың кандитатурасы мақұлданды.
Болатбек Мырзабеков өз саласы бойынша ауданның дамуына зор үлес қосып, абыройлы қызмет атқарды. Ал қазір зейнеткерлікке шықса да, кәсіппен айналысып, аудан халқына сапалы қызмет көрсетіп келеді. Сонымен бірге жастар тәрбиесіне де бейжай қарамайды. Қоғамдық тәртіпті қалыптастырып, заманға сай жастарды түрлі пайдалы кәсіпке баулуда өз үлесін қосып жүр.
Сонымен бірінші мәселе бойынша кеңес төрағасы мен орынбасары сайланды, құрамы толық бекітілді. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша кеңестің биылғы жоспары бекітіліп, негізгі басымдықтары белгіленді.
Аталған кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес құрамы тоқсан сайын бас қосады. Уақыт күттірмейтін түйткілді мәселелер туындап жатса, кезектен тыс отырыс өткізіледі. Кеңестің әр отырысында көтерілген әлеуметтік және басқа да мәселелерге сәйкес жауапты бөлімдер мен мекемелердің басшылары, ұйымдардың төрағалары қатысады. Олар кеңес мүшелерінің көтерген мәселелері мен ұсыныстарын бірге талқылап, шешеді.
Кеңес отырысы барысында ғасырлар бойы қазақ халқымен бірге тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан жергілікті өзге ұлт өкілдерін басылым беттеріне жиі жариялауға басымдық беру және мерекелік шаралар мен атаулы күндері түрлі деңгейдегі марапаттардан тыс қалдырмау секілді ұсыныстар айтылды.
Қуат АХЕТОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!