Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

31°C

, Сейсенбі, 23 сәуiр, 16:11

Ақсақалдар кеңесі – ел бірлігінің кепілі

11.04.2023

615

0

Қоғамдық сана қалыптасу үшін, уақыт талабына сай өзгеру үшін де оған ықпалды күш болады. Олар – өмірлік тәжірибесі бар аға буын. Қай қоғамда да алдыңғы аға буын өзінен кейінгілерге жол көрсетіп, бағыт береді. Қазақ қоғамында ол міндетті қариялар атқарыпты. Дала заңы бойынша ел ішіндегі екеуара немесе руаралық дау-дамайды әділ шешіп, жанжалдасқан екі тарапты мәмілеге келтіріп, татуластырыпты, тентек-теліні тезге салып, түзетіп отырыпты. Яғни қандай жағдайда да ақсақалдарымыз ел ішінің бірлігін сақтап қалуды көздеген.

Қазір де ел ісінде ақсақалдардың үлес салмағы басым. Тәуелсіздіктен соң қоғамдық институттар қалыптасты. Солардың бірі – ақсақалдар кеңесі және бұл кеңес түрлі деңгейде нәтиежелі жұмыс істеп келеді. Десе де заманның өзгеруіне, қоғамның дамуына қарай жұмыс жүйесі де жаңаланып, жанданып отыруы тиіс.
Жалағаш ауданы әкімдігі жанынан аудандық Қазақстан халқы Ассам­блея­сының ақсақалдар кеңесі құ­рыл­ды. Бұл – Қазақстан халқы Ас­самблеясы жанын­дағы кон­суль­та­тивтік-кеңесші орган. Жуыр­да кеңес­тің алғашқы отырысы өтті. Кеңес құ­рамында жергілікті қоғам­дас­тық­тың ақсақалдары, этномәдени бірлес­тік­­тердің, үкіметтік емес ұйымдардың беделді, белсенді өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары және аймағымызға белгілі зиялылар бар.
Кеңес отырысын аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов жүргізді.
– Қай кезде де қоғамның локомативі – алдыңғы буын өкілдері, яғни елаға­лары мен ақсақалдар. Кейінгілерге бағыт беретін ақсақалдары бар елдің тыныштығы, бірлігі, ынтымағы бұзыл­маған. Елімізде бұған дейін түрлі қоғамдық институттар құрылып, жұ­мыс жүргізіп келеді. Олар бүгінде бірлік пен тыныштықтың кепілі, жастар тәр­биесінің тиімді тетігіне айналды. Осы тұрғыдан қарасақ, бүгінгі құрылып отырған кеңестің де келешегіміз үшін маңызы зор, елдің тыныштығы мен бірлігі жолында атқаратын міндетінің салмағы бар, жұмысы да ауқымды. Кеңес құрамы да лайықты жасақталды.
Президент Қасым-Жомарт Кемел­ұлы ел ішін аралап, халықпен кездес­кен сәттерінің бірінде «Қазақ қай за­манда да төрде отырған үлкенді сый­лап, құрмет тұтқан, ақсақалдардың жөнді сөзіне тоқтам жасап, олар­дың ізіне ерген. Ал ауызы дуалы қария­ла­­рымыз бен ақсақалдарымыз қа­шан­да елдің ұйытқысы болып, тату­лықты насихаттап, бірлікті сақтап отыр­ған. Ендеше осы үрдісті әлі де жан­дан­дырып, бір жүйеге түсіру керек. Бәлкім кеңестерді Ассамблеяның жа­нына топтастыру керек шығар» де­ген еді.
Міне, Мемлекет басшысының бұл ұсынысы халықтан қолдау тауып, қа­зіргі таңда барлық аймақта Қазақстан хал­қы Ассамблеясы жанынан Ақса­қал­дар кеңесі құрылып, жұмысын бастап кетті. Өздеріңізге белгілі, бүгінде Ассам­блея еліміздің саяси өміріне әртүрлі қоғамдық, әлеуметтік саладағы қазақстандықтарды тарту мақсатында жаңа тәсілдерді енгізуді жетілдіруде. Қазақстандық біркелкілікті және бә­се­кеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің, ғылыми-сарапшылық топтың, медиация кабинетінің және ас­­самблея жастарының атқарып келе жатқан жұмыстарын жоғары баға­­­лай­мыз. Ал жаңадан құрылған кеңес сол жұмыстарға тың серпін беріп, ел бірлігіне жұмыс істеп, ұлтаралық татулықты нығайта түседі деп сенемін және сіздердің алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді Ғани Кенжеғараұлы.
Кеңестің жалпы ережелері, міндет­тері өкілеттіктері таныстырылды. Одан соң кеңес отырысы күн тәртібіндегі екі мәселе бойынша жалғасты. Алдымен кеңес мүшелерінің бірауыздан қол­дап, дауыс беру нәтижесімен Жала­ғаш аудандық Қазақстан халқы Ас­самблеясы жанын­дағы Ақасқалдар кеңесінің төрағасы болып Асылбек Тәуіпбаев сайланды.
Асылбек Тәуіп­баев ауданымызда ұзақ жылдар бас­шылық қызметтерді үлкен жауап­кер­шілікпен және абыроймен атқарды. Зейнетке шыққанымен әлі күнге дейін ауданның саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани өміріне де белсене араласып келеді. Өзінен кейінгі жастарға өнегелі сөзімен, нәтижелі ісімен үлгі болып, елдің бірлігіне жұмыс істеп жүрген ақсақалдарымыздың алдыңғы қатарынан көреміз. Сондықтан кеңес мүшелері төрағаны сайлауда лайықты таңдау жасады. Сонымен бірге Асылбек Тынарбайұлының ұсынысымен кеңес төрағасының орынбасары ре­тінде Болатбек Мырзабековтың кандита­ту­ра­сы мақұлданды.
Болатбек Мырзабеков өз саласы бойынша ауданның дамуына зор үлес қосып, абыройлы қызмет атқар­ды. Ал қазір зейнеткерлікке шықса да, кәсіппен айналысып, аудан хал­қына сапалы қызмет көрсетіп келеді. Сонымен бірге жастар тәрбиесіне де бейжай қарамайды. Қоғамдық тәртіпті қалыптастырып, заманға сай жастарды түрлі пайдалы кәсіпке баулуда өз үлесін қосып жүр.
Сонымен бірінші мәселе бойынша кеңес төрағасы мен орынбасары сай­ланды, құрамы толық бекітілді. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша кеңес­тің биылғы жоспары бе­кітіліп, негізгі басым­дықтары белгіленді.
Аталған кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес құрамы тоқсан сайын бас қосады. Уақыт күттірмейтін түйткілді мә­се­лелер туындап жатса, кезектен тыс отырыс өткізіледі. Кеңестің әр отыры­сында көте­рілген әлеуметтік және басқа да мәсе­лелерге сәйкес жауапты бөлім­дер мен мекемелердің басшылары, ұйым­дардың төрағалары қатысады. Олар кеңес мүше­лерінің көтерген мәсе­лелері мен ұсыныс­тарын бірге тал­қылап, шешеді.
Кеңес отырысы барысында ғасыр­лар бойы қазақ халқымен бірге тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан жергілікті өзге ұлт өкілдерін басылым беттеріне жиі жариялауға басымдық беру және мерекелік шаралар мен атаулы күндері түрлі деңгейдегі марапаттардан тыс қалдырмау секілді ұсыныстар айтылды.

Қуат АХЕТОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: