Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Жұма, 22 қараша, 14:31

І тоқсанда 3 жаңа жағдай тіркелген

06.04.2023

332

0

Былтыр ауданда туберкулез ауруының 16 жаңа жағдайы есепке алынған. Оның ішінде 15 жағдайы – өкпе туберкулезі, 1 жағдайы өкпеден тыс – туберкулез. Аурушаңдық көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда – 39,6. Тіркелген науқастардың ішінде 1 жасқа дейінгі 1 бала Ақарық елді мекенінен анықталса, 14 жасқа дейінгі 1 бала Бұқарбай батыр елді мекенінен тіркелген. Қазіргі таңда науқастар түгелдей ем алуда. БАҚ өкілдерімен өткен брифингте аудандық СЭБ басқармасының бас маманы Светлана Жүнісахметова осылай деді.

Спикер 2023 жылдың алғашқы тоқсанында туберкулез ауруының тағы да 3 жаңа жағдайы Жалағаш кентінде тіркелгенін айтады. Оның ішінде өкпе туберкулезімен 2 жағдай, өкпе­ден тыс туберкулез бойынша 1 жағдай анықталған.

Басқарманың бас маманы өткен жыл­­дың тиісті кезеңімен салыс­тыр­ғанда биыл бір жағдайға өсу тенден­циясы байқалғанын жасыр­мады. Қа­зіргі таңда барлық науқастар ОФПО-да ем қабылдап жатқан көрінеді.

Светлана Жүнісахметова қазіргі таңда туберкулезбен ауырған нау­қастар дер кезінде медициналық кө­мекке жүгінбейтінін айтады, яғни олар­дың басым бөлігі өз бетінше үйден ем қабылдағанды жөн көріп, ауруы асқынуға жақындаған сәтте ба­рып медициналық көмекке жүгінетін көрінеді. Бұл өз кезегінде медицина маман­дары үшін де науқасты дертінен айық­тыруға қиындық тудыратын көрінеді.

Айта кетейік, бүгінде аудандық перзентханада туған 119 нәрестенің 113-іне БЦЖ вакцинасы егілген, екпе салынбаған 6 баланың 2-еуіне уақытша медициналық шектеу қойыл­са, 4 нәрестенің ата-анасы БЦЖ вак­цинасын алуға қарсылық білдірген. Аудан тұрғындары арасында екпенің адам баласы үшін қаншалықты пай­дасы барын насихаттасақ та, одан бас тарту жағдайлары әлі де кез­деседі екен. Сонымен қатар 3721 ба­лаға манту сынамасы қойылып, сынама нәтижесіне байланысты 7 ба­лаға химипрофилакткалық ем тағайындалған.

– Туберкулез – өкпе және лимфа түйіндерде ерекше қабыну өзге­рістерінің пайда болуымен сипат­талатын жұқпалы ауру. Ол тек өкпе ауруы ғана емес, сонымен қатар адам­ның барлық ағзаларының, сүйек­тердің, бүйректердің, мидың және ми қабықтарының, терінің, көздің және басқа да ағзалардың зақым­дануынан болады. Алайда қа­зіргі таңда қоғамда өкпе туберкулезі жиі кездеседі. Жұқтырудың негізгі көзі – туберкулездің ашық түрімен ауыратын, яғни сыртқы ортаға мико­бактерияны бөлетін адам. Тубер­кулез адамнан адамға ауамен тара­лады. Жөтелгенде, түшкіргенде немесе қырғанда өкпе туберкулезі бар адамдар ауаға туберкулез бакте­рия­ларын жаяды. Жұқтыру үшін адамға осындай бактериялардың аз ғана мөлшерінде дем алуы жеткілікті. Туберкулез қоздырғышының сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталу қабілеті бар, мысалы, микобактериялар тозаң­данған, көгерген үй-жайларда адамдар үшін қауіпті бола отырып, жылдар бойы өмір сүруге қабілетті. Науқас адам жөтелгенде қақырықпен бірге түшкіру, сөйлегенде қоршаған ортаға 2-6 м радиуста ауада таралатын миллиондаған микобактерияны бө­леді, олар еденге, заттарға шаңмен бірге тұнады және көптеген жылдар бойы өміршең болып қалуы мүмкін, – дейді басқарманың бас маманы.

Светлана Елтайқызының сөзіне сүйенсек, туберкулез ауруына тек адамдар ғана емес, малдар да шал­дығады екен. Тіпті олардың ішінде сиыр, ешкі, түйе секілді үй жануар­лары да бар. Сондықтан спикер ауру жануардың сүті мен еті адам үшін қауіпті екенін айтады.

Егер өкпе туберкулезімен ауыра­тын науқас барлық гигиеналық та­лапты сақтаса, ол айналасына қауіпсіз көрінеді. Бір жағынан өкпе тубер­кулезі тұқым қуаламайды екен. Бас маман туберкулез ауруы­мен ауы­ратын ата-аналардың балала­ры сау болып туатынын айтады. Алайда, барлық сақтық шара­ларын сақтамаған жағдайда бала тубер­ку­лезді жұқтырып, ауырып қалуы да мүмкін екен.
Туберкулез микобактериалары адам ағзасына түскенде ауру жұ­ғады, бірақ туберкулез ауруының дамуы әр жағдайда болмайды. Өкпе тубер­кулезінің ауруы иммунитет төмен­деген, жеткіліксіз тамақтану, қана­ғат­танарлықсыз санитариялық-гигие­налық жағдайларда орын алады. Негізінен иммунитеті нашар жас балалар, жыныстық жетілу кезеңін­дегі жасөспірімдер және иммунитеті төмен қарт адамдар ауырады.

– Адамның туберкулезге шалды­ғуына толыққанды тамақтанудың бол­мауы ықпал етуі мүмкін. Бұл дертке шалыдққандармен тығыз, ұзақ қарым-қатынас жасау да қауіпті, тіпті кішкентай балаларға қысқамерзімді қарым-қатынастың өзі жеткілікті. Ал оның белгілеріне келсек, ұзақтығы екі аптадан асатын жөтел, шаршау және әлсіздік, дене салмағының төмендеуі, температураның ұзақ көтерілуі, түнде тершеңдік, кеуде қуысындағы ауырсыну, қан түкіру жатады.
Туберкулезді қалай анықтауға болады? Алдымен тері туберкулин сынамасы адамның жұқтыр­ғанын көрсетеді. Сондай-ақ Рентге­ноло­гия­лық тексеру (флюора­графиялық) өкпенің зақымданғанын көрсетеді. Ал қақырықты зерттеу, жөтел кезінде бөлінетін микробтардың бар-жоғын анықтайды. Мейлінше аурудың емін іздегенше, ауырмаудың жолын бұрын тапқан дұрыс. Ол үшін медициналық тексерістен уақытылы өтудің маңызы зор, – дейді Светлана Елтайқызы.

Спикер «Дерттің алдын алу үшін қайтпек керек?» деген сауалымызды да жауапсыз қалдырмады. Ол үшін салауатты өмір салтын ұстану ерекше маңызға ие екен. Бұл мақсатқа жетудің ең жақсы жолы – күн тәртібін құру және ағзаны шынықтыру. Таза ауада серуендеу, күн және су процедуралары, дене шынықтырумен айналысу, демалыспен еңбек жүкте­месінің дұрыс үйлесімі, толыққанды дәрумендерге бай тамақтану, жет­кілікті және уақытылы ұйқы, яғни дұрыс гигеналық тәртіп адам ағза­сының нығаюына ықпал етеді және оны туберкулез ауруынан қорғайды.

Басқарма өкілі жыл мезгіліне қарамастан, таза ауада мүмкіндігінше көбірек болу қажеттігін алға тартады. Өйткені таза ауа ағзаға жақсы әсер етеді және шынығудың тамаша жолы болып табылады. Ал жеке гигиена ережелерін сақтау, яғни жуу құралдарын және ағынды суды пай­далана отырып қолды, ыдыстарды жуып, тұрғын үй-жайларды ылғалды жинау және желдету, ет пен сүтті міндетті термалық өңдеу, жеке гигие­налық құралдармен ыдыстарды пай­далану, су процедураларының да маңызы зор екен.

– Гигиеналық тәртіптің маңыз­ды бөлімі дұрыс тамақтану болып табылады. Адам тәбетінің жоғары­лауына ықпал ететін және ағзамен жақсы сіңіретін түрлі тағамдар жеу керек. Тағам құрамына ақуыздар, майлар мен көмірсулардан басқа міндетті түрде витаминдер мен мине­ралды тұздар кіруі тиіс. Ақуыздар ет, сүт, сүзбе, жұмыртқада болады. Көмірсулар қант, нан, картоп, жар­мада бар. Витаминдер мен мине­ралды тұздар негізінен жаңа піскен көкіністермен жемістерде болады, – дейді ол.

Бас маман сондай-ақ баланы туған кезде БЦЖ-мен міндетті түрде вакцинациялау және 6-7 жаста қайта вакцинациялаудың маңызын да на­зардан тыс қалдырмады. Сон­дай-ақ туберкулезді дер кезінде диаг­ностикалау қажет екен.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: