«Жас келсе, іске» демекші, ерінбеген адам табыстың көзін табады. Бұл тұста жалағаштық жас кәсіпкер Сырым Жұбанияздың еңбегін мақтанышпен айтуға болады. Кәсіпкер осыдан бір жылдан аса уақыт бұрын үйінің ауласынан шағын цех ашып, нан өнімдерін дайындай бастады. Осылайша Сырым бүгінде кент тұрғындарын тандыр нанмен қамтамасыз етіп, жалағаштықтардың алғысына кенеліп отыр.
Оның наубайхана ашып, кәсіп бастауына, жастық интузиазм мен еңбек етуге деген құлшынысы сеп болған. Екі қолға бір күрек іздеп, жұмыссыз жүрген шағында Сырым қаладағы ағасының наубайхана цехына барып, бос уақытын құр өткізбей бұл кәсіптің қыр-сырына қанығады. «Еңбектің наны тәтті» деген тәмсілді жақсы түсінген ол үйренген ісін туған өңірде кәсіп қылғанды жөн көреді. Нан пісіру тек нәзікжандылардың жұмысы деп сөгерміз, десе де Сырым көп ойланбай өзінің азын-аулақ қаражатына нан пісіретін тандыр пеш, керек жарақтарын, бастапқы ұн, тұз секілді шикізат қорын қалыптастырады. Сөйтіп 2021 жылдың күзінде кәсібін бастайды.
– Жалағашқа тандыр нан Тереңөзектен келеді, жалпы, кентте нан пісіретін кәсіпкерлердің қатары жоқтың қасы. Оның қасында ауылдық елді мекендерді айтпай-ақ қойыңыз. Негізі отбасымызбен дастарханда ыстық, балғын нанның болғанын қалаймыз. Тек біз ғана емес деп ойлаймын. Десе де балғын нан өнімдері кейде дүкен сөрелерінен табылмай жатады. Осындай тапшылықты көзіммен көргесін, наубайхана ашу ойыма келе қалды. Ойымды отбасыммен бөліскенімде, олар да дереу қолдай жөнелді. Сөйтіп «Алинұр» деген атпен жеке кәсіп аштым. Жасыратыны жоқ, бастапқыда барлық жұмыстарды бір өзім атқаруыма тура келді. Күніне 2 қап ұннан бастадым, бірақ бүгінде 4-5 қапқа жеткіздім. Қазір жанымда көмекшім бар. Қамыр илеуді түнде бастап, таң ата тандыр пешке саламыз. Шүкір, өнімдеріме сұраныс бар. Ыстықтай дүкендерге өткіземін. Мысалы, мен пісірген тандырды орталықтағы «Қаракөз» дүкенінің сөрелерінен көре аласыздар, – дейді жас кәсіпкер.
Қиындыққа мойымай, келешектен үміттенген кәсіп иесі жыл өткен сайын алға қадымдап дамып келеді. Олай болары да заңдылық, өйткені күні-түні осы шаруаның соңында жүр. Тұрақты тұтынушылары да қалыптасып үлгерген. Наубайхана қуаттылығы күніне 450-500 дана тандыр нан пісірсе, әр данасын дүкендерге 110 теңгеден өткізеді.
Цехқа келетін болсақ, тандыр пешті Түркістан қаласынан әкеліп орнатқан, газбен қызады. Наубайханашы осы технологияны құп көріп отыр. Өйткені қауіпсіз әрі экологиялық таза.
Іскер азамат ұнды облыс орталығынан алдыртады. Сондай-ақ цех ішінің тазалығына ерекше көңіл бөледі. Кәсіпкер жұбайы екеуі өндіріс орнын күніне екі мезгіл тазалауды міндеттеп қойған. Кейде тазалықты тексеру мекемесінің өкілдері де келіп тұрады екен. Жалпы, наубайхана барлық санитарлық талапқа сай.
Иә, ас атасының дайындалуы асқан еңбекті талап ететіні тұтынушыға беймәлім болары мүмкін. Өйткені бастапқыда қиындықтар мен шаруаның шатқаяқтаған тұсы да болыпты. Кейде жұмысшылар табылмай қалатын кездер де болған. Ондай жағдай туындай қалса, білекті түріп, өзі кірісіп кетеді екен.
– Мұның барлығы әр істі бастар кезде кәсіпкердің басынан өтетін жайт екенін жақсы түсінемін. Табысқа жетудің бірден-бір кілті, ол – төзімділік. Қандай жұмыс болса да ауыр-жеңіліне қарамау қажет. Ал несібе өздігінен келе бермейді ғой. Ең бастысы, жоспарым мен нақты мақсатым бар, – дейді ол.
Иә, «Еңбек түбі – бейнет емес, зейнет» деген осы болса керек. Кәсіпкер өнімдеріне деген сұраныстың ұлғаюына байланысты алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазір нанның бір түрі, яғни тандырды ғана пісірсе, келешекте өнімнің бірнеше түрін шығаруға ниетті. Мәселен, қара нан, батон, тәтті тоқаштар, самса секілді ұн өнімдерін өндірмек. Ойы жүзеге асып жатса, аудан тұрғындарын жұмыспен қамту ойында бар. Цех орнын да үй ауласынан бөлек аймаққа ауыстырмақ.
Қосымша жұмысшы мен нан пісіретін құрал-саймандар алып жатса, қазіргі ғимарат тарлық етеді.
Әрине талаптанып отырған жас іскер азаматқа қаржылай көмек демеу болмаса, артық болмайтыны белгілі. Өйткені нан илейтін миксер, тандыр пеш секілді наубайхана құралдары қыруар ақша тұрады екен. Қуантарлығы, бүгінде жұмыс істеймін деген адамды мемлекет әрдайым қолдауға дайын, тек нәтижеңді көрсет. Сондықтан кәсіпкер ойының орындалатынына күмәніміз жоқ, ең бастысы, Сырымның сүйікті ісіне деген сенімі мен іс-әрекеті нық.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!