Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке және оның орынбасарлары А.Садықұловқа, Д.Ерғожинге, М.Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкімін жария етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
2022 жылы 6 қаңтар күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті Кәрім Мәсімовке мемлекетке сатқындық жасады деген айып тағып, ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабының 1-бөлігі бойынша тергеуге алған еді. Сонымен қатар, оның орынбасарлары да күдікке ілінген.
Бұған дейін Бас прокурор Кәрім Мәсімовтің 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтқан.
Сот процесі «аса құпия» түрде өткізілді.
Астана қалалық сотының ресми мәліметіне сәйкес, Сот шешімі бойынша ҚР ҰҚК бұрынғы төрағасы 18 жылға сотталды. Ал оның орынбасарлары А.Садықұлов – 16 жылға, Д.Ерғожин тағылған айыптарға сәйкес – 15 жылға, М.Осипов болса билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бабымен 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ олар өмір бойы лауазымды қызмет атқара алмайды. Оған қоса, барлығы генерал шендерінен және мемлекеттік наградаларынан айырылды.
Сотталғандардың мал-мүліктері де тәркіленді. Алайда өндірілген қаржыны мемлекетке қайтару туралы шешім заңды күшіне енген жоқ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!