Бүгін Қызылорда қаласындағы «Сыр-Ана» монументі алаңында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Көпшілік жиналған алаңда қазақ халқының, басқа да ұлттардың дәстүрлі қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдар көрмесі ашылды. Гүлдер фестивалі Мамыр мерекесінің сәнін келтіріп, жұртшылыққа ерекше көңіл-күй сыйлады.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақ тұрғындарын бейбітшіліктің, келісімнің мерейлі мейрамымен құттықтады.
«Ұлы мақсаттарды ұлықтаған, достыққа құшағын айқара ашқан Қазақстан халқы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа сенім артып, дамудың жаңа көшін бастады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында «Халқымыз бірлік пен тыныштықтың қадірін біледі. Бұл – небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат құндылықтар. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл – теңдессіз жетістік!», – деп елдегі тұрақтылық пен келісімнің негіздерін атады.
Бүгінде елімізде 130-дан астам, облысымызда 35 ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Олар Әділетті Қазақстанның қалыптасып, өсіп-өркендеуі, бәсекеге қабілетті болуы жолында аянбай еңбек етуде. Айналамызда болып жатқан жағдайларға зерделей қарасақ, бейбітшілік пен тыныштықтың қадірі арта түсері анық. Сондықтан біз бірлігімізді болаттай берік етіп сақтауымыз қажет», – деді аймақ басшысы.
Мерекелік шараның концерттік бағдарламасында Сыр еліндегі барлық ұлт өкілдері өнер көрсетті. Әсем ән мен әсерлі би арқылы жиналған көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әсіресе патриоттық әндер бірлік пен татулық ұғымын ұлықтап, мән-мағынасын айшықтай түсті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!