Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Сәрсенбі, 27 қараша, 19:12

Білім бәйгесінде бәсі биік

29.04.2023

811

0

Әне-міне дегенше тағы бір оқу жылы аяқталуға жақын. Енді «Балалардың жазғы демалысын қалай қызықты өткізуге болады?» деген сұрақ әрбір ата-ананың көкейінде туындайтыны рас. Иә, қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас естеліктер қалдыратын жазғы лагерь оқушылар үшін таптырмас мүмкіндік болары сөзсіз. Бірақ бүгінде жазғы лагерьлерге жолдама сатып алуды кез келген ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Десе де өңірімізде ұлттың болашағы дегенде ішкен асын жерге қоятын атпал азаматтарымыздың табыла кететіні бар. Мәселен, Ақсу ауылындағы №116 орта мектепте балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалыс уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасы балаларына Жаңақорған ауданы «Талдысу» лагеріне демалуға 10 жолдамаға қолы ашық ауыл азаматтары тарапынан демеушілік көрсетілді.

Білікті ұстаз – сапалы білім негізі

«Мұғалім қандай болса, мектеп һәм сондай болмақшы. Яғни мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң ең әуелі мектепте керегі – білімді, педагогикалық методикадан ха­бар­дар, жақсы оқыта білетін мұ­ғалім» деген А.Байтұрсынов.
Иә, ол үшін мұғалім өзінің білім беру ісінде қазіргі заманға лайық ру­хани, шығармашылық ізденіспен жұ­мыс істейтін, өмірге еніп жатқан жаңа тех­нологияны меңгерген, білігі мен бі­лімі жоғары ұлағатты тұлға болуы міндетті.
Ұстаз деген атқа кір келтірмей, дәл осы ұстанымды ұстауды құп кө­ретін Ақсу ауылындағы №116 орта мек­тептің ұжымын ерекше атап өтуге болады. Аталған білім ор­да­сы бүгінде өскелең ұрпақты оқытып, тәрбиелеуде қалтқысыз еңбек етіп ке­леді. Мұғалімдер мен оқу­шы­лар республикалық, облыстық, ау­дандық білім байқаулары мен олим­пиадаларына қатысып, жүлделі орын­дарды алып жүр.
Биылғы оқу жылында мектеп ди­­­рек­торының міндетін атқарушы Кү­міскүл Иманқалиеваның бастамасы­­мен мектептің әдістемелік кеңес жос­­па­рына сәйкес әр тоқсанға төрт ба­ғыт бойынша мұғалімдердің ашық есік күнін ұйымдастыру жоспарланған. Бірінші тоқсанда бастауыш пәні бір­лестігі «Сабақ процесінде бастауыш сынып оқу­шыларының қабі­леттерін үйлесімді дамытуға ба­ғыт­талған әдіс­тер мен үдерістер» та­­­қы­­ры­бын­да, ал екінші оқу тоқса­нында “Жара­тылыстану-мате­матика­лық пәндерде функционалдық сауаттылықты да­мы­ту” тақырыбында аудандық ашық есік күні өтті. Үшінші оқу тоқ­санында қоғамдық-гуманитарлық бағыт пә­ні мұғалімдерінің «Оқушылардың фун­к­цио­налдық сауаттылығын да­мы­ту арқылы сөйлеу, сыни ойлау, жазу, тың­дау, зерттеу дағдыларын қалып­тас­тыра отырып, тиімді нәтижеге жету» тақырыбындағы ашық күні ұйым­дас­тырылған.


Жобаға мектептегі барлық ұс­таз­дар мен білім бөлімінің әдістемелік кабинет әдіскерлері толық тар­тылған. Тек мектеп іші ғана емес, ауданның барлық білім ошақтарынан ұстаздардың қатысуына мүмкіндік жасалған. Ауданның 19 мектебінен әр ашық есік күніне 50-ге жуық мұғалім қатысып, мектеп ұс­таздарының озат іс-тәжірибелерін көріп, өз қоржындарын пайдалы ақпа­раттармен толықтырды. Өткен аптада өнер бірлестігінің мұғалімдері ашық есік күнін өткізіп, жобаны жоғары дең­гейде аяқтады. Нәтижесінде шараға қатысушы мұғалімдер мен оқушылар еңбекке баулу, сурет салу, мектеп театры, қолөнер бағытында бір-бірімен ауқымды ақпаратпен алмасты.
– Қазіргі таңда білім саласы үнемі жетіліп, жаңарып отыруды қа­­жет етеді. Иә, 21 ғасыр – жаңа дәуір, сондықтан жаңа көзқарасты, жаңа­­шылдықты талап етеді. Со­ның ішінде білім саласында болып жатқан жаңа өзгерістердің мәні мен маңызы зор. Соған сай мұғалімдер де өздерінің біліктіліктері мен білімдерін үздіксіз жаңғыртып отыруға міндетті. Бұл бағытта біздің мектепте бірқатар жұмыс жасалды. Мәселен, жоға­рыда айтып өткенімдей, ашық есік күнін өткізу – мектебіміздің бірегей жобасы. Сол арқылы мұғалімдер аудандағы өзге де әріптестерімен тәжірибе алма­сып, бала оқытудағы жаңа әдістерді үйренеді. Алдағы уақытта да осындай тиімді жобаларды жүзеге асыруға жұмыс жасайтын боламыз, – дейді Күміскүл Иманқалиева.


Ауыл мектебінде бүгінде 318 оқушы білім алуда. Олардың 27-сі – түлектер. Бір қуантарлығы, түлек­тердің барлығы дерлік ҰБТ-ға қаты­сып, бақ сынамақ. Түлек­тер қа­тарында “Алтын белгіге” үміткер 1 оқушы, “Үздік аттестатқа” үміткер 3 оқу­шы бар. ҰБТ-ға дайындықтары жоғары дең­гейде, себебі алдын ала өтетін дайын­дық сынақтан түлектердің ор­таша деңгейі 80 баллға жеткен. Сон­дай-ақ тағы бір мақтанышпен айтатын жайт, былтыр бітірген мектеп түлек­терінің барлығы да мемлекеттік грантты жеңіп, бүгінде еліміздің белді оқу орындарында білім алып жатыр.
Бұл нәтиженің бірден бір себебі ауылдағы білім ордасы оқушыға сапалы білім беруге қажетті заманауи технологиялармен, ақпараттық ре­сурс­тармен жоғары деңгейде қам­тылған. Атап айтсақ, мультимедиа, инте­рактивті және лабораториялық кабинеті жұмыс істейді. Бұл аталған кабинеттерге сапалы интернет желісі де тартылған. Сонымен қатар мектепте оқушыларды жаратылыстану бағыты бойынша тереңдетіп оқытуға ерекше көңіл бөлінген. Өйткені жоғары сынып­тағы оқушылардың басым бөлігі өзінің болашақ мамандығы осы ба­ғытта өрбігенін құп көреді.
Өткен аптада білім ордасынан 41 оқушы жаратылыстану бағыты бойын­ша, яғни математика, физика, хи­­­­­­мия, информатика, география жә­не биология пәндерінен өтетін «TIMSS-2023» халықаралық зерттеуіне қа­­­тыс­қан.


Сондай-ақ оқушылар «Жасыл мектеп» жобасын да қолға алып, іске асырып жатыр. Бұл жоба аясында мектеп қабырғасында арнайы ка­би­нет те жасақталған. Кабинетке жауап­ты биология пәнінің лаборанты Жанар Боранқұлованың айтуынша, мұн­да оқушылар құлпынай, қызанақ, қы­зылша және қияр сияқты түрлі жеміс-жидектер мен көкөністерді өсіреді. Яғни практикалық лабора­тория ретінде қарайды. Әрбір бала өзі өсіріп, өз қолымен таңдауы бойынша өсімдіктерді баптайды. Ауыл шаруа­шылығы дақылдарын егіп, оны баптауға машықтанады. Осы жоба арқылы оқушылардың биология және өсімдік шаруашылығы саласындағы білімі кеңейеді, экологиялық қағи­даттарды ұстануды және еңбекке құрметпен қарауды қалыптастырады.
Мұнан бөлек мектепте оқушы­ларды жан-жақты дамыту мақса­тында бірнеше үйірме мен сек­ция жұмыс істейді. Әрине үйір­менің үйретері көп. Оқу­шы­лар робототехника, домбыра, қол­өнер, театр үйірмесіне, сондай-ақ то­ғыз­құмалақ, волейбол, футбол, бас­кет­бол, шахмат және дойбы сек­ция­ларына қатысады.


Озат оқушы – мектеп мерейі

«Халықты халықпен, адамды адам­мен теңестіретін – білім» деп М.Әуезов айтқандай, елдің жарқын бола­шағы кемел білім мен ұлағатты тәрбиеге байланысты. Иә, баланың бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның әрі қарай дамуына бағыт-бағдар беру қажеттілігін әр мұғалім түсінуі керек. Ол үшін дарынды оқушымен жұмыстың әлеуметтік қа­жеттілігін сезінуі, нәтижелі әдіс-тә­сіл­дерді талмай ізденуі, жоғары нәти­желерге жетуге ұмтылуы сияқты та­лаптарды орындайды. Әрине осы тұста білімге құштар озат оқушы мек­тептің абыройын көтеріп қана қоймай, қатарластарын да жоғары жетіс­тіктерге жетуге жол ашады.
Осындай білімге құштар, озат оқу­шының бірі Дархан Мырзабекке ұстаздары үл­кен үміт артып отыр. 8 сынып оқушысы аудан кө­ле­мінде ұйымдастырылған білім бай­қауларында жақсы қыры­нан көзге түсіп, топ жарып жүр. Мәсе­лен, география пәнінен аудандық олим­­пиадада 1 орынды жеңіп алып, об­лыста білімімен күш сынасты. Осы­лайша Дархан облыс­тық олим­пиада резервінің құра­мына енді. Яғни ол облыстағы өзінің қатар­лас­­тарымен білім байқау­ларына бірге дайындалуға мүмкіндік алды. Ізденімпаз, белсенді болып өсуді мақсат еткен Дархан – бүгінде мек­теп­тегі үздік оқушылардың бірі, үлгерімі де өте жақсы.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, озат оқушы біліммен қатар спортты да қатар алып жүр. Бас­кетболдан мектеп құра­масында өнер көрсетеді. То­ғыз­құмалақтан биыл оқушылар ара­сында облыс көле­мінде өткен жа­рыста жүлделі орынды иеленіп, рес­публикаға жол­дама алды. Со­нымен қатар мек­тептің мәдени өмі­ріне де белсене ара­ласады. Әдебиет пәнінен өткен ау­дандық мәнерлеп оқу байқауында да үздік өнер көр­сетті. Бүгінде озат оқушы алдағы уақытта өтетін бірнеше жарыс пен байқауға дайындық үстінде. Жазғы де­малыста Қостанай, Тараз қала­ларына жарыс­қа ба­руды жоспарлап қойыпты.
Дарханның ұстазы, ғылыми же­текшісі, география пәнінің мұғалімі Гүлсім Әбуованың да өз саласында жеткен жетістігі көп. 27 жыл еңбек өтілі бар ұстаз, 2014 жылы гео­графия пәнінен авторлық бағдар­ламасын бекітіп, облыстық деңгейде 1 орын алса, 2017 жылы “Облыстың ең үздік географы” атанады. Сондай-ақ оқушылары олимпиадалар мен ғылыми жобалардан үздік көрі­ніп, білім ордасының абыройын асқақ­татып жүр.

Мектептегі кітапхана

«Кітап – білім бұлағы» демекші, осынау білімнің тұнық та мөлдір бұ­лағынан шәкірттерді сусындатып, олардың рухани дүниесін молайтып, тағы­лымы мол тәрбие ошағына ай­на­лып отырған кітапхананың мек­тепте алар орны орасан. Иә, жас ұрпақтың санасында туған еліне деген құрмет пен мақтаныш се­зім ұялатып, ұлттық рухты сіңіру, сон­дай-ақ ана тілі мен әдебиетін, та­рихы мен өнерін қастерлеп, ха­лық­тың салт-дәстүрін ардақтай бі­луге тәрбиелеу кітаптың еншісінде. Сон­дықтан мектеп кітапханасы оқу­шы­лардың шы­ғар­машылық жұмыс­тар­мен шұғыл­да­нуына көп ықпалын ти­­гізеді. Осы орайда кітапханада «Оқуға құштар мек­теп жобасы» ая­сында көптеген танымдық іс-ша­ра­ өткізіліп, көрмелер ұйымдас­тыры­лады.

Кітапханашы Ғалия Жү­нісо­­ва­ның айтуынша, мектеп қа­быр­ғасында Алаш қозғалысына 105 жыл толуына орай «Қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман – Бақытсыз Жамал» тақырыбында кітап оқу айлығына байланысты танымдық сағат өт­кі­зілген. Сондай-ақ «Тағдыр жолы» деректі фильмінен үзінді алынып, «Алаштың Әлиханы» тақырыбында театрлық қойылым қойылса, «Арда туған алаш алыптары» тақырыбында эссе байқауы да өткен. Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 130 жыл толуына орай ұлы тұлғаның өмір жолы мен шығармашылығының тарихи мазмұны мен мағынасы туралы білімдерін жетілдіру мақсатында «Шәкәрім – ұлы тұлға» тақырыбында танымдық сағаты ұйымдастырылды. Төменгі сынып оқушылары үшін «Бабалар үні» челленджі аясында батырлар жырын жатқа оқу акциясы да жалғасын табуда. Бұл іс-шаралардың мақсаты бір, яғни оқушыларға қазақ халқының ғасырлар бойы өткен қиын­шылықтарын айта отырып, зұл­мат жылдары елінің азаттығын аңса­ған ұлт зиялыларының өмір жолына тоқталу, өз елін, жерін қорғайтын ұрпақ тәрбиелеу. Бір қы­зығы атал­ған танымдық шараларға тек оқу­шы­лар ғана тартылып қоймай, мектеп мұғалімдері мен техникалық қыз­метшілер де белсене қатысады.
Жалпы, кітапханада кітап қоры ау­қымды, нақтырақ айтсақ, 21 554 кітап түрі жинақталған. Рухани орда үнемі жаңа еңбектермен толығып тұрады. Қо­ғамның дамуына қарай ақпаратты жан-жақты алу, яғни аудио, видео, интернет жүйесі арқылы мүмкіндік туғанымен кітапхана арқылы әдеби кітаптарды оқи отырып, алған білім мен сауаттылықтың орны ерекше еке­­­нін мектеп ұжымы жақсы түсінеді. Сон­дықтан бұл орын мек­тептің жүрегі, бір бөлігі болып қала береді.

Мектеп психологының тәжірибе тәсілі

Бүгінгі таңда мектептің негізгі міндеті баланың бастапқы тұлғалық қалыптасуын қамтамасыз ету, оның қабілеттерін айқындау және да­мыту, психологиялық денсаулығын ны­ғайту болып отыр. Әрине ба­ла­ның жеке басының дамуына, жеке тұлға болып қалыптасуына жағдай жасайтын, бәсекеге қабілетті, елдің ертеңі болатын жас ұрпақты өсіріп, дамытатын мектеп болуы тиіс. Осы тұрғыда білім ошағында арнайы ка­бинет жасақталып, психолог маман қыз­мет атқарады. Психолог Райкүл Байғанаеваның айтуынша, оқу­шы­­­лар­мен жұмыстың өзі бір­не­ше ба­ғытқа бөлінеді. Мысалы, да­рын­ды бала­лармен, үлгерімі төмен оқушы­лармен, құқық бұзушылыққа бейім оқу­шылармен, яғни аутодеструктивті мі­нез-құлық байқалған топтармен жеке-жеке жұмыс істейді.
– Мектептің педагогикалық ұжымы психологпен, яғни менімен тікелей байланыс орната отырып, баланы түсініп, оларды психологиялық жа­ғынан зерттеп біліп, түрлі бағытта жұмыстар жүргізеді. Бүгінгі таңда ешқандай мектепте балалардың жан дүниесін, ішкі сырын, жеке басының тәртібін, олардың ата-анамен, ұс­таз­дармен қарым-қатынасын, бала­лар­­дың өзара қарым-қатынасы, олар­­дың арасында болатын түрлі кон­ф­ликтілерді психологсыз шешу мүм­кін емес. Сондықтан біз, пси­хо­логтар оқушылармен әрдайым бір толқында жүреміз. Қандай бағытты, көзқарасты ұстансын, білім алу­шы­ларды қабылдап, сөйлесеміз, көмек береміз. Балалар көбінесе құр­­дас­тар арасындағы мәселелер, ата-ана­­сымен қарым-қатынас, жігіт пен қыз ара­сындағы мәселелерін ай­тып келіп жа­тады. Педагогтермен түсініс­пеушілік бойынша сирек келеді, – дейді Райкүл Байғанаева.
Сонымен қатар оқушының мұға­лімге немесе ата-анасына тікелей айта алмайтын мәселесіне құлақ түріп, кері байланыс жасау үшін мектепте сенім жәшігі де орнатылған. Сенім жәшігі 1 айда бір рет ашылып, сол бойынша кеңес беру, жеке сөйлесіп, мәселесін тыңдау жұмыстары жүреді.
Сондай-ақ мектеп қабырғасында дефектолог маманның кабинеті жа­сақ­талған. Онда дефек­то­лог Темірхан Нұртуған мүмкіндігі шектеулі, арнайы диаг­нозы бар бала­лармен жұмыс жасайды.

Оқушыны жан-жақты қолдау маңызды

Қазіргі уақытта өскелең ұрпақты тәрбиелеу ең маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Олардың әлеу­меттік ортаға бейімделуі, қоғамда өз орнына дұрыс бағыттай алуы, құ­қықтарының қорғалуын қада­ға­лай­тын бүгінде әлеуметтік тәрбие бе­ретін мамандар жұмыс жасайды. Осы тұста ауылдағы мектепте оқу­шылардың әлеуметтік жағдайын кө­теру, материалдық көмек көрсету, білім алуға кедергі келтіретін фак­тор­ларды шешуде бірқатар шара­ ұйымдастырылған. Мәселен, мек­тепте әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың 101 оқушы, 1-4 сыныптағы жеке санаттағы 68 оқу­шы, барлығы 169 бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.
Биыл Мемлекет басшысының тап­сырмасымен, «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық ак­ция­сы жыл бойы өтетін форматқа ауыс­­тырылды. Осы орайда демеу­шілер арқылы әлеуметтік көмекті қа­жет ететін осал топтағы отбасы ба­ла­ларын жаңа оқу жылына дайындау бағытында біршама жұмыс атқа­рылған.
Атап айтатын болсақ, «Сәрке ба­­тыр» ЖШС 17 оқушыға және 1 сы­ныпқа қабыл­данған 28 оқушыға оқу құрал­дарына көмек көрсетті. «Талап» ШҚ төрағасы О.Бекетов 3 оқушыға, «Мақсат» ШҚ төрағасы М.Дәулетбеков 4 оқушыға, «Ақбостай» ШҚ төрағасы А.Бо­ран­құ­лов 6 оқушыға, «Ама­нат» партиясы 3 оқушыға, жеке кәсіпкер А.Айтуғанов 1 оқушыға, Ақсу ауы­лының әкімі М.Шілдебаев 1 оқу­­шы­ға, “Бәйтерек” ШҚ төрайымы Г.Абуова 2 оқушыға, жеке кәсіпкер М.Скақова 1 оқушыға, №116 орта мек­­­­­теп директорының міндетін атқа­ру­шы К.Иманқалиева 2 оқушыға, мек­теп мұғалімі А.Ноғайбаева 2 оқушыға, және мәслихат депутаты 1 оқушыға, мектеп дерекциясы 2 оқушыға мек­тепке пайдаланатын қажетті оқу құ­рал­дарымен, яғни сөмке, дәптер, қа­ламсап, түрлі-түсті қарындаш, сурет дәптері, сызғыш, қалың дәптер, дәп­­­­тер қап, кітап қап, өшіргішпен қам­­­­­та­­масыз етіп, қаржылай көмек көрсетті.
Сонымен қатар «Қайырымды іс жаса, қайырлы болар әр ісің» атты акцияны өткізу барысында мектеп мұғалімдері көпбалалы, аз қамтылған отбастылардан шыққан 6 оқушыға киім-кишек алып берді. Мек­тепте ерекше қолдауды қажет ететін отба­сына мектеп ұжымы жылу мау­сымында көмір түсіріп берді.

«Наурыз шапағаты» атты қайы­рым­дылық акциясына «Мақсат» ШҚ төрағасы М.Дәулетбеков 2 оқу­шыға демеушілік жасады. Қасиетті рама­зан айында Ақсу ауылының «Бер­кімбай кәлпе» мешітінің бас имамы Б.Қапановтың бастамасымен ауыл жас­тарының демеушілігімен аз қам­тылған және көпбалалы 13 отба­сына көмек көрсетілді.
Сонымен қатар «Сәрке ба­тыр» ЖШС-ның құрыл­тайшысы Ж.Шажан­баев 3 оқушыға, «Талап» ШҚ төрағасы Б.Бекетов 1 оқушыға, «Ақбостай» ШҚ төрағасы А.Боранқұлов 3 оқушыға, жеке кәсіпкер Д.Ильясов 1 оқушыға, «Бәйтерек» ШҚ төрайымы Г.Абуова 1 оқушыға Жаңақорған ау­даны «Тал­дысу» лагеріне демалуға де­меушілік жасады. Пәндік олимпиада жеңімпаздарына және олардың ұс­таз­дарына «Ақсу» ШҚ төрағасы С.Қалтаев қаржылай сыйлық берді. Осы бағыттағы жұмыстарды үйлес­тіруде әлеуметтік педагог Гүлзия Абылованың еңбегі зор.
«Қайы­рымдылық білектен, мейірім­ділік жүректен» демекші, ауыл аза­­­мат­тары осындай игі істерімен өзге­­лерге үлгі болып жүр. Әрине ауыл хал­қының мақсаты бір, ол – болашақ ұр­пақтың бойына мейірім мен қам­қор­лықты тәрбиемен сіңіру.


Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: