Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай Қазақстанда шетелдік көліктерді заңдастыру мерзімін ұзартуды ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Наурыз Сайлаубай 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елге заңсыз әкелінген автокөліктерді заңдастыру бойынша бір реттік шара қолдануды ұсынғанын еске салды.
Нәтижесінде елге әкелінген шетелдік көліктерді 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін заңдастыру туралы шешім қабылданды. Бірақ депутат Қазақстан азаматтары бірқатар себептерге байланысты шетелде көлік сатып алуын жалғастырып жатқанын және болашақта бұл жағдай күрделі әлеуметтік мәселелерге әкелуі мүмкін екенін айтты.
«Шетелдік көліктерді заңдастыру мерзімін елге заңсыз әкелуге қарсы нақты шараларды анықтап, бекіткенге дейін ұзартуды ұсынып отырмыз», деді Наурыз Сайлаубай.
Бұл ретте, депутат мәселенің әлеуметтік жағына да тоқталды.
«Бұл көлік иелерінің арасында жалғызбасты аналар, көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, 35 жасқа дейінгі жастар бар», деп қосты Наурыз Сайлаубай.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!