Жуырда Аққұм ауылына барып, кәсіп ашып, ауыл тұрғындарының сұранысын өтеп отырған азаматпен әңгімелесіп қайттық. Ауыл тұрғыны Жасұлан Бисембаев өз ауласынан кілем жуу орталығын ашып, тұрмысын түзеп отыр. Жігіт ағасы кәсіп көзін бастауда өз қаражатын пайдаланып, өз еңбегіне арқа сүйепті. Ешқандай қайтарымсыз грант, несие алудың орайы келмеді деген кәсіп иесі жұмыс орнымен де таныстырып шықты.
Жалпы Жасұлан Қуандықұлы кілем жуу орталығын үйінің ауласынан ашыпты. Аядай ғана орталықта қажетті құрал-жабдықтар да табылады. Бастысы халықтың сұранысын өтеуге, сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Дегенмен әлі де қуаттылығы күшті аппараттар алу керек. Қазіргі жұмыс істеп отырған аппаратының қуат күші 220 вольт болса, енді соларды 380-дік вольтқа ауыстыру қажет. Сонда жұмыс өнімділігі де артып, күніне жуылатын кілемдердің де санын арттыруға болады. «Бұл кәсіпті өз қаражатыммен бастадым. Ешқандай қайтарымсыз грант немесе төмен пайызбен несие алуға мүмкіндігім болмады. Әйтеуір екі қолға бір күрек тауып, отбасымның несібесіне қарай нәпақамды айырып отырмын. Негізі кәсіпті кеңейту ойда бар. Қуаттылығы күшті аппараттар алсам деймін. Қазір күніне 4-5 кілем жуамын. Егер жаңа аппараттар алатын болсам онда өнімділік екі есе ұлғаяр еді. Ауылдастарымның көзқарасы өте жақсы, барлығы риза болып, осы кәсіпті қолға алғаныма қуанғандарын жасырмады. Өйткені бір ауылға осындай орталықтың керегі анық» дейді кәсіп иесі.
Орталықтағы барлық қажетті аппараттардың атқаратын қызметімен де, жұмыс барысымен де таныстық. Кәсіп иесі бір кілемді бір сағатта жуады екен. Бірақ 380-дік қуат күштілігі бар аппарат болса 15 минут уақыт қана кететінін айтады кейіпкеріміз. Ал жуылған кілемдерді кептіру үшін суын сорғытып алады да күн көзіне жайып алады. Демек Жасұлан Бисембаевтың орталығына әлі де бірқатар аппараттарды әкелу қажет. Кілемді жуатын аппараттардың өнімділігі жоғарысы, кілемдерді сығатын сияқты аппараттардың да бірнешеуін керек етеді. Егер мұндағы қажетті аппараттар сапалы әрі жұмыс өнімділігі жоғары болса кәсіпкер қасына жұмысқа адам алуды да көздеп отыр.
Айта кету керек, кәсіпкер кілем жууды орташа есеппен алғанда әуелі 300 теңгеден бастапты. «Ауылдағы ағайынға айды аспаннан бір-ақ шығармайын деп осындай төмен бағамен бастадым» деген ол қазірдің өзінде сол бағаны ұстап тұрғанын жасырмады. Ары кетсе 300-350 теңгенің көлемінде кілеміңізді жуып, кептіріп, қайтадан тазалап, түктерін ретке келтіріп береді. Қысқасы Жасұланның ұсынған қызметінен көңіліңіз қалмайды. Кәсіп иесінің қызметіне сұраныс көрші ауылдардан да түседі екен. Алайда аппараттардың тапшылығынан ауыл арасында ғана тапсырыс қабыдап жүргенін айтады. Бұл да болса азаматтың қолын байлап тұрған көрінеді. Өйткені аппараттар жеткілікті болса жанына тұрақты жұмысқа адам да алар еді, тапсырыс көлемі де артып, ауыл былай тұрсын көрші ауылдардың да сұранысын өтей алар еді. Бастысы бала-шағасының несібесі молайып, отбасының ел қатарлы өмір сүруіне де жағдай жетеді. Әңгіме барысында үш баласы бар екенін, келіншегі Ақмарал Жұмабаева екеуі төртінші перзенттерін күтіп жүргенін де жасырмады. Бірақ жас отбасының уайымы да бар, кіші ұлдары ерекше күтімді қажет етеді. Оның ем-домының өзі, Алматы қаласына қатынау жағы да үлкен шығынды талап етеді. Ал аққұмдық азаматтың табысы кейде баланың еміне жетпейтін көрінеді. Баланың емінен бөлек, азық-түлік, балалардың киім-кешегі, тұрмыстық қажеттілік мұның бәрі отағасының мойнына жүк болып отыр. Ағынан жарылған азаматтың еңбекқорлығына, ашық мінезі мен табандылығына қайран қалдық. Әрине ауылда отырып, тәуекел етіп, өз қаражатымен осындай кәсіпті бастаған Жасұлан Қуандықұлына қолдау қажет.
Негізі елдегі жұмыссыздық деңгейін азайтудың бірден-бір жолы кәсіпкерлік саласына серпін беру. Бұл тұста салаға дем беріп отырған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін айтпай кете алмаймыз. Енді қолға алынып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы да талай жастарға қолдау болмақ. «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлік ашуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін білеміз. Жобаның тұрғындар үшін ең ұтымды тұсы – үйлерін кепілдікке қойып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады. Біздің кейіпкеріміз Жасұлан Бисембаев та аталған жобаға қажетті құжаттарын дайындау үстінде екен. Құдай сәтін салса, төмен пайыздық несиеге қол жеткізіп, кәсібінің көкжиегін кеңейткісі келеді. «Болар баланың бетін қақпай, белін буған» халықпыз ғой, ауылда отырып кәсіптің сұранысқа ие түрін қолға алған Жасұланға қолдау мен көмек болады деп сенеміз.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!