Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

21°C

, Сәрсенбі, 24 сәуiр, 05:21

Жасұланның жарқын жобасы

11.05.2023

277

0

Жуырда Аққұм ауылына барып, кәсіп ашып, ауыл тұрғындарының сұранысын өтеп отырған азаматпен әңгімелесіп қайттық. Ауыл тұрғыны Жасұлан Бисембаев өз ауласынан кілем жуу орталығын ашып, тұрмысын түзеп отыр. Жігіт ағасы кәсіп көзін бастауда өз қаражатын пайдаланып, өз еңбегіне арқа сүйепті. Ешқандай қайтарымсыз грант, несие алудың орайы келмеді деген кәсіп иесі жұмыс орнымен де таныстырып шықты.

Жалпы Жасұлан Қуандықұлы кілем жуу орталығын үйінің ауласынан ашып­ты. Аядай ғана орталықта қажетті құ­рал-жабдықтар да табылады. Бастысы халықтың сұранысын өтеуге, сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Де­генмен әлі де қуаттылығы күшті аппа­раттар алу керек. Қазіргі жұмыс істеп отырған аппаратының қуат күші 220 вольт болса, енді соларды 380-дік вольтқа ауыстыру қажет. Сонда жұмыс өнім­ділігі де артып, күніне жуылатын кілемдердің де санын арттыруға бо­лады. «Бұл кәсіпті өз қаражатыммен бас­тадым. Ешқандай қайтарымсыз грант немесе төмен пайызбен несие алуға мүмкіндігім болмады. Әйтеуір екі қолға бір күрек тауып, отбасымның несі­бесіне қарай нәпақамды айырып отырмын. Негізі кәсіпті кеңейту ойда бар. Қуаттылығы күшті аппараттар алсам деймін. Қазір күніне 4-5 кілем жуа­мын. Егер жаңа аппараттар алатын болсам онда өнімділік екі есе ұлғаяр еді. Ауылдастарымның көзқарасы өте жақсы, барлығы риза болып, осы кә­сіпті қолға алғаныма қуанғандарын жа­сыр­мады. Өйткені бір ауылға осындай орта­лықтың керегі анық» дейді кәсіп иесі.
Орталықтағы барлық қажетті аппа­рат­тардың атқаратын қызметімен де, жұмыс барысымен де таныстық. Кәсіп иесі бір кілемді бір сағатта жуады екен. Бірақ 380-дік қуат күштілігі бар аппарат болса 15 минут уақыт қана кететінін айтады кейіпкеріміз. Ал жуылған кілем­дерді кептіру үшін суын сорғытып алады да күн көзіне жайып алады. Демек Жасұлан Бисембаевтың орталығына әлі де бірқатар аппараттарды әкелу қажет. Кілемді жуатын аппараттардың өнімділігі жоғарысы, кілемдерді сығатын сияқты аппараттардың да бірнешеуін керек етеді. Егер мұндағы қажетті аппараттар сапалы әрі жұмыс өнімділігі жоғары болса кәсіпкер қасына жұмысқа адам алуды да көздеп отыр.
Айта кету керек, кәсіпкер кілем жууды орташа есеппен алғанда әуелі 300 теңгеден бастапты. «Ауылдағы ағайынға айды аспаннан бір-ақ шығармайын деп осындай төмен бағамен бастадым» деген ол қазірдің өзінде сол бағаны ұстап тұрғанын жасырмады. Ары кетсе 300-350 теңгенің көлемінде кілеміңізді жуып, кептіріп, қайтадан тазалап, түк­терін ретке келтіріп береді. Қысқасы Жас­ұланның ұсынған қызметінен көңі­ліңіз қалмайды. Кәсіп иесінің қыз­ме­тіне сұраныс көрші ауылдардан да түседі екен. Алайда аппараттардың тап­­шы­лы­ғынан ауыл арасында ғана тап­сы­рыс қабыдап жүргенін айтады. Бұл да болса азаматтың қолын байлап тұрған көрінеді. Өйткені аппараттар жеткілікті болса жанына тұрақты жұмысқа адам да алар еді, тапсырыс көлемі де артып, ауыл былай тұрсын көрші ауылдардың да сұранысын өтей алар еді. Бастысы бала-шағасының несібесі молайып, от­ба­сының ел қатарлы өмір сүруіне де жағдай жетеді. Әңгіме барысында үш баласы бар екенін, келіншегі Ақмарал Жұмабаева екеуі төртінші перзенттерін күтіп жүргенін де жасырмады. Бірақ жас отбасының уайымы да бар, кіші ұлдары ерекше күтімді қажет етеді. Оның ем-домының өзі, Алматы қаласына қатынау жағы да үлкен шығынды талап етеді. Ал аққұмдық азаматтың табысы кейде баланың еміне жетпейтін көрінеді. Ба­ланың емінен бөлек, азық-түлік, ба­ла­­лар­дың киім-кешегі, тұрмыстық қа­жет­тілік мұның бәрі отағасының мойнына жүк болып отыр. Ағынан жарылған аза­маттың еңбекқорлығына, ашық мінезі мен табандылығына қайран қалдық. Әрине ауылда отырып, тәуекел етіп, өз қа­ра­жатымен осындай кәсіпті бастаған Жас­ұлан Қуандықұлына қолдау қажет.
Негізі елдегі жұмыссыздық деңгейін азайтудың бірден-бір жолы кәсіпкерлік саласына серпін беру. Бұл тұста салаға дем беріп отырған мемлекеттік бағ­дар­ламалардың тиімділігін айтпай кете алмаймыз. Енді қолға алынып жат­қан «Ауыл аманаты» жобасы да талай жастарға қолдау болмақ. «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлік ашуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін білеміз. Жобаның тұрғындар үшін ең ұтымды тұсы – үйлерін кепілдікке қойып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады. Біздің кейіпкеріміз Жасұлан Бисембаев та аталған жобаға қажетті құжаттарын дайындау үстінде екен. Құдай сәтін салса, төмен пайыздық несиеге қол жеткізіп, кәсібінің көкжиегін кеңейткісі келеді. «Болар баланың бетін қақпай, белін буған» халықпыз ғой, ауылда отырып кәсіптің сұранысқа ие түрін қолға алған Жасұланға қолдау мен көмек болады деп сенеміз.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: