Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:25

Уақытпен үндескен білім ордасы

13.05.2023

286

0

Аудан қонақтарының Дәуімбай елді мекеніндегі мектеп ғимаратына көзі түсіп, көңілі ауып жатады. «Бұл қандай мектеп, Осындай зәулім ғимаратта ауыл балалары білім ала ма?» деген сөздер, әрине көңіл қуантады. Сырт келбетін күнде көріп жүрген біз де аталған зәулім ғимараттың ішкі жұмысымен танысу мақсатында білім ұясына жол тарттық. Заманауи ғимараттың кіреберісіне аяқ басқаннан «Біз оқушы болғанда мұндай ғимарат болмады» деген іштей қызғаныш пайда болады. Түркі халқына ортақ ғұлама А.Құнанбаевтың, қазақтың тұңғыш ағартушылары Ы.Алтынсарин мен А.Байтұрсыновтың нақыл сөздері жазылған көрікті плакаттар, мектеп тарихымен танысуға арналған арнайы бұрыш, бәрі-бәрі көздің жауын алады, еріксіз қызығасың. Тарих демекші, өткенге сәл шегініс жасасақ…

Сөзге тиек етіп отырған ғимарат шә­кірттерді ілім-ғылымға баулу мақса­тында еңбек етіп жатқан ауданымыз­дағы бі­лім ұясының бірі – Зейнолла Жар­қынбаев атындағы №202 орта мек­теп. Дәуімбай елді мекеніндегі бұл білім ордасы 2009 жылы ел игі­лі­гіне берілген болатын. Дәл осы жылы мектеп ұжымы жаңа нысандағы жұ­мысын 490 оқу­шы­мен бастайды. Ал ғимарат 1100 орынға негізделген. Жалпы, мектеп ғи­ма­раты «100 мектеп, 100 аурухана» бағ­дар­­ламасы бойынша типтік жобада салынған.


Биыл жаңа оқу жылын Дәуімбай­дағы білім ордасы 674 оқушымен бас­­тады. Мектеп директоры Гүлнар Бек­мол­даева соңғы жылдары мектепте оқушы саны айтарлықтай көбейіп жат­қанын айтады. Ол мұны сондағы халық санының артуымен, үйлердің көптеп салынуымен байланыстырады. Ал біз мұны алтын ұядағы ұстаздар берген білімнің сапасымен байланыс­тырдық.
Мұнда оқушылардың сапалы білім алуы мен бәсекеге қабілеттілігін қалып­тастыру мақсатында ақпараттық-ком­­­­муникациялық технологиямен оқы­­­ту жүйесі енгізілген. Оқу проце­сінде жаңашыл инновациялық техно­логиялар да қолданылады. Сондай-ақ мектепте қосымша білім беру ұйымы мен инклюзивтік ресурстық орталық және 5 үйірме жұмыс жасайды. Инклю­зив­тік орталықта арнайы 4 маман еңбек етеді.
Былтыр Зейнолла Жарқынбаев атын­дағы мектеп оқу жылын үлкен же­тіс­тікпен қорытындылады. Сондай-ақ олар жаңа оқу жылын мұнан да жоғары же­тістікпен тәмамдауға талпынып отыр. Нақтырақ айтсақ, 2021-2022 оқу жы­лында мектепті 33 түлек бітірген. Оның ішінде 4 оқушы «Алтын белгі», ал 9 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанған. ҰБТ нәтижесімен мектеп түлектері ор­таша 73,5 пайызды көрсетіпті. Бір қуан­тарлығы, түлектердің барлығы қалаған оқу орындарына түсіп, студент атанған.
– Біз балаларға мейлінше сапалы білім беруіміз керек. Басты мақсатымыз да сол. Нәтиже жоқ емес. ҰБТ бойын­ша нәтижеміз жоғары. Оның ар­тында үлкен еңбек жатқанын жақсы біле­сіздер. Мәселен, біз балаларды ҰБТ-ға дайындауды тек 11 сыныпқа келгенде бастамаймыз. Олардың қа­ла­ған мамандығын игеруге 3-4 жыл бұрын жағдай жасаймыз. Себебі 1 жылда мектеп бітірушіден мемлекеттік грант иегерін қалыптастыру қиынға соғады. Міне, сондықтан бұл бағыттағы жұ­мыстарды ерте бастаймыз. Былтыр оқу жылын жоғары жетістікпен қорытын­ды­ладық. Биыл да сол межеге жетеміз деген мақсат қойдық, – дейді мектеп директоры Гүлнар Бек­мол­даева.
Түлектердің ҰБТ-ға дайындығы жа­ман емес. Мектеп ұжымы үміт артып отырған 31 түлектің 4-еуі «Алтын бел­гіге», 2-еуі «Үздік аттестатқа» үміт­кер. Мұғалімдердің айтуынша, біті­ру­­шілер­дің талаптары оңды, дайын­дыққа қал­май қатысады. Соның нәтижесі болар, бүгінде оқушылар алдын ала дайындық сынақтан орташа 70-75 балл жинауда.
Иә, №202 орта мектептің ауданда білім беру саласында үздіктер қата­рынан табылуы орынды. Себебі шә­кірт­тері пәндік олимпиадаларда, ғы­лыми жоба байқауларында, өнер жә­не спорт бағытындағы аудандық, об­­­­лыс­тық, республикалық, халықаралық жарыс­тарда ел абы­ройын асқақтатып, үздіктер қата­рынан бой көрсетіп жүр.
Мектеп директорының ғылыми-әдіс­темелік ісі жөніндегі орынбасары Ермұрат Каналханның айтуынша, 2022-2023 оқу жылы бойынша ау­дан­дық пәндік олимпиадаға 29 оқушы қатысып, 9 оқушы орын алып, 2 оқушы облыстық кезеңге жолдама алған. Облыстық ғылыми жобалар бай­қауын­да 2 оқушы жүлдегер атанса, аудандық «Дарын» және «Зерде» ғылыми жоба­лар байқауында 13 оқушы жүлделі орындарға ие болған.
Орта мектеп біліммен қатар оқу­шыларының спортпен және өнермен айналысуына да ерекше көңіл бөледі. Бір жағынан балалардың бойындағы талантын шыңдауына да мүмкіндік береді. Мәселен, мектепте негізгі білім беру жұмыстары азаннан түске дейін жүзеге асса, түстен кейін қосымша білім беріледі. Яғни балалар мұнда түрлі үйірмелердің көмегімен бойындағы талантын шыңдауға мүмкіндік алады. Ал қосымша білім беру жұмыстары аудан бойынша тек осы мектепте жүзеге асып жатқанын айта кеткен жөн.
Иә, мектептің спорт, өнер саласында тізбектеп жаза беретін жетістіктері жи­налып қалыпты, жағымды жаңа­лық­тары да аз емес екен. Бір қызығы, мек­теп қабырғасында жүріп-ақ екі оқушы спорт шебері атағын да алып үлгерген.
Өнер бағыты бойынша «Шапағат» вокалды тобы «Жеті өнер» респуб­ликалық байқауында бас жүлде иеле­ніп, халықаралық кезеңге жолдама ал­ған. Сондай-ақ «Ақмоншақ» би тобы «BALA FEST» республикалық өнер бай­қауында І орын иеленген.
Спорттан Алматыда өткен жеңіл ат­летикадан ҚР біріншілігінде Балнұр Қалнияз ІІІ орын алса, Ақпейіл Марат­қызы ҚР волейбол біріншілігінде І орын иеленген. Халықаралық жа­рыс­­тарда гір көтеруден Азия чемпио­натында Нұр­ислам Орынбасар қола медаль алған. Сонымен қатар мектепте 55 оқушы қазақ күресіне қатысады. Қаты­сушылар облыстық, республикалық тур­нирлердің жеңімпазы атанып үлгер­ген.
Тағы да айта кететін жайт, мұнда білім алушылардың қолданбалы зерттеу жұмыстарын жүргізуі үшін ашылған робототехника кабинеті жұмыс жасайды. Сондай-ақ мектеп кітапханасына да көз жүгірттік. Іші оқушыларға лық толы, ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ. Әрқайсысы өз жұмыстарымен зер­де­сіне білім тоқуда. Кітапханашы апайды әңгімеге тартсақ, балалар күн сайын осы руханият ордасын төңіректейтінін айтады. Балаларды кітапханамен ты­ғыз байланыста жұмыс жасауға дағ­­дыландырған. Кітапхананың ықпа­лы­­мен мектепте түрлі танымдық іс-шаралар да ұйымдастырылады екен. Мә­селен, Алаш зиялыларының 105 жылдығы, мемлекет және қоғам қайраткері Темір­бек Жүргеновтың 125 жылдығына орай қазақ инте­ле­генциясының шығар­ма­ларын мәнерлеп оқу бойын­ша түрлі сайыстар өткізіледі. Сон­дай-ақ кітап­хана жанынан ашылған «Coworing» ор­талығында мектеп оқушы­ла­ры кі­тап оқып қана қоймай, өзара оқы­ған кітап­тары туралы ойларымен бөліседі.
Мектепте ерекше білім алуды қажет ететін балаларды ерте жастан түзете дамытып, оқушылар үшін кедергісіз орта қалыптастыратын инклюзивті бі­лім беру мен тәрбиелеу шарасы қол­данысқа енгізілген. Яғни мұнда ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларға білім беру, тәрбиелеу, түзете-дамыту сабақтарын талапқа сай жүргізу үшін орта мектептің педагогтары жыл сайын инклюзивті білім беру жағдайында өз білімдерін жетілдіріп отырады.
Балалар мен жасөспірімдерді дұрыс тамақтандыру олардың денсаулығын нығайтып, дене және ой қабілетінің дамуына мүмкіндік береді, еңбек ету мен сабаққа үлгеру қабілетін арттыратыны белгілі. Осы орайда оқушыларды са­палы тамақтандыру мақсатында мек­теп ас ішу блоктарын заман талабына сай құрал-жабдықтармен жабдықтаған. Жалпы, білім ордасында 349 оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Бастауыш сыныптарынан 204 оқушы ыстық тамақ ішеді, яғни 100 пайыз қамтылған.
Аудандағы үздік мектептердің бірі Зейнолла Жарқынбаев атындағы №202 мектептің бүгінгі жай-күйі осындай. Ғылымның жаңа кезеңге аяқ басқан дәуірінде оқушылардың заманға сай білім алуына бар жағдай жасауды басты миссия еткен мектеп ұжымы тек қана ілгері қадамдап, жоғары нәтижеге қол жеткізуді мақсат еткен. Бір сөзбен айтқанда, білім беру сапасында мін жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: