Аудандық емханаға барғанымызда осындағы аймақтық мейірбике Айжанат Жазкеннің денсаулық сақтау саласындағы жұмысымен танысуды жөн көрдік. Өйткені Айжанаттың осыған дейін де бірнеше рет алдына келген әрбір науқастың жанына үңіле алатын мейірімділігіне ерекше ықыласымыз ауған. Бұл жолы да кейіпкеріміздің жұмыс кестесі тығыз екен. Дегенмен арасында қолы қалт еткенде әңгімелесіп, ой бөліскеніміз бар. Сонда «Біз үшін уақытпен санасу деген жоқ, біз үшін тек – халықтың саулығы маңызды» деген еді ақ халатты абзал жан.
Жалпы, денсаулық – адам үшін баға жетпес байлық. Адам баласы басы ауырып, балтыры сыздағанда, дертіне дауа іздегенде баратыны – медицина қызметкерлері. Дертке дауа, емге шипа бере алатын тек осы ақ халатты абзал жандар ғана. Олардың көмегімен ауруымыздан айығып, ертеңімізге үмітпен қараймыз. Алдына барған әр науқасқа ерекше мейіріммен қарап, жылы сөзімен көңіліңді көтеріп, өмірге деген құлшынысыңды арттыратын да осы асыл маман иелері.
Жыл сайын мамыр айының 12 жұлдызында халықаралық мейірбикелер күні аталып өтеді. Бұл күні көпшілік ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетіп, олардың еселі еңбектеріне алғыс білдіреді. Тақырыпқа ойыспас бұрын осы атаулы күннің тарихына көз жүгіртсек.
Дәл осы күні Англия елінің азаматшасы, мейірбике Флоренс Найтингейл дүниеге келген. Ол Қырым соғысы кезінде мейірбикелерді жинап дүниежүзілік қайырымдылық қызметін ашқан. Яғни, соғыс кезінде жараланған азаматтарға алғашқы дәрігерлік қызмет көрсетіп, ем-дом шараларын жасаған. Сол кезеңде мейірбикелер тәулік бойы оққа ұшқан жауынгерлерді емдеп, жанын өлімнен арашалап отырған. Осындай қиын кездегі игі жұмыстары үшін көптің ризашылығына бөленіп, алғысын алған. 1971 жылы дүниежүзілік мейірбикелер кеңесінің ұйғарымымен 12 мамыр ресми түрде мейірбикелер күні болып бекітілді. Халықаралық мейірбикелер кеңесі бұл мерекені Флоренс Найтингейлдің туған күнімен ұштастыра отырып, тұңғыш мейірбикелер ісінің негізін салушы даңқты әйелдің атын есте қалдыруды мақсат тұтты. Міне, бұл күн сол жылдардан бастап дәстүрлі түрде аталып өтіледі.
Тірі жанның тіршілігіне араша түсіп, жанына шипа болатын асыл мамандық иесі – Айжанат та адам жанының арашасысы болуды басты мақсатым деп біледі. Айжанат орта мектепті бітірген соң, Қызылорда облысы жоғарғы медициналық колледжінде білім алып, мамандық иесі атанады. Алғашқы еңбек жолын осында аймақтық мейірбике болып бастаған ол әлі күнге дейін қызметін үздіксіз абыроймен атқарып, көптің алғысына бөленіп келеді.
– Мейірбике ісі – білім мен жан-жақтылықты талап ететін, күтім процесіне жауапты, мейірімділік көрсете білетін ерекше қызмет. Бүгінгі қоғамның мейірбикесі тек дәрігердің көмекшісі ғана емес, ол ойшыл, үнемі ізденіс үстінде жүретін, адам өмірі үшін дер кезінде дұрыс шешім қабылдай алатын маман. Сондықтан бұл қызметті арқалап жүру үлкен жауапкершілік жүктейді. Қиындығы да, қызығы да қатар жүреді. Мен өзім жауапты аймақтағы туу жасындағы әйелдер және жүкті келіншектермен жұмыс істеймін. Күн-түн демейміз, кейде мереке күндері де жүкті келіншектерді қадағалап отырамыз. Үнемі байланыста болып, аман-есендігін біліп, дүниеге дені сау сәби әкелуіне тілеулес боламыз. Ең бастысы да осы ғой, ана мен баланың саулығы, қауіпсіздігі, амандығы. Дүниеге дені сау ұрпақ келіп жатса, ауданның демократиясына үлес қосып жүрген аналар қауымына қалай қызмет етсек те жарасады деп есептеймін, – деген медбике осынша жыл ішінде алдыңғы буын аға-әпкелерімнің қызмет жолынан тәжірибе жинағанын да жасырмады. Сол білім мен білігін жұмыс барысында пайдалана отырып, көпшіліктің алғысына да бөленіп жүр.
Өзінің еңбек жолын абыройлы, тиянақты алып жүрген білікті маман бүгінде отбасында да аяулы жар, үш баланың анасы. Отбасы мен жауапкершілік жүгі ауыр жұмысын қоса абыроймен алып жүрген жас маман халықтың алғысымен өсе беретініне сенеміз.
Біздің ең қымбат байлығымыз – өміріміз осы сала қызметкерлерінің кәсібиліктеріне байланысты. Сондықтан да бұл сала иелеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Ал денсаулық сақтау саласында жылдар бойы тапжылмай тер төгіп, еңбегімен елдің ыстық ықыласына бөленген әрбір ақ халаттының жүріп өткен жолы көпке үлгі деуге болады. Ал біз әңгімеге арқау еткен тіршілікке нәр беріп, қалтқысыз қызметін ұсынып, мейірімділік пен жылылықты жанына серік еткен, игілікті мамандық иесі Айжанат Ғабитқызының ем-домы еңбек жолында әлі талай жанның дертіне шипа болары анық.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!