Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-0°C

, Жұма, 06 желтоқсан, 18:54

Аялы алақан иесі – Айжанат

14.05.2023

380

0

Аудандық емханаға барғанымызда осындағы аймақтық мейірбике Айжанат Жазкеннің денсаулық сақтау саласындағы жұмысымен танысуды жөн көрдік. Өйткені Айжанаттың осыған дейін де бірнеше рет алдына келген әрбір науқастың жанына үңіле алатын мейірімділігіне ерекше ықыласымыз ауған. Бұл жолы да кейіпкеріміздің жұмыс кестесі тығыз екен. Дегенмен арасында қолы қалт еткенде әңгімелесіп, ой бөліскеніміз бар. Сонда «Біз үшін уақытпен санасу деген жоқ, біз үшін тек – халықтың саулығы маңызды» деген еді ақ халатты абзал жан.

Жалпы, денсаулық – адам үшін баға жетпес байлық. Адам баласы басы ауырып, балтыры сыздағанда, дертіне дауа іздегенде баратыны – медицина қыз­меткерлері. Дертке дауа, емге шипа бере алатын тек осы ақ халатты абзал жандар ғана. Олардың көмегімен ауруы­мыздан айығып, ертеңімізге үмітпен қа­раймыз. Алдына барған әр науқасқа ерекше мейіріммен қарап, жылы сөзі­мен көңіліңді көтеріп, өмірге деген құлшы­ны­сыңды арттыратын да осы асыл маман иелері.
Жыл сайын мамыр айының 12 жұл­дызында халықаралық мейірбикелер күні аталып өтеді. Бұл күні көпшілік ақ халатты абзал жандарға құрмет көр­се­тіп, олардың еселі еңбектеріне алғыс білдіреді. Тақырыпқа ойыспас бұ­рын осы атаулы күннің тарихына көз жүгіртсек.
Дәл осы күні Англия елінің азамат­шасы, мейірбике Флоренс Найтингейл дүниеге келген. Ол Қырым соғысы кезінде мейірбикелерді жинап дүние­жүзілік қайырымдылық қызметін аш­қан. Яғни, соғыс кезінде жараланған аза­мат­тарға алғашқы дәрігерлік қызмет көрсетіп, ем-дом шараларын жасаған. Сол кезеңде мейірбикелер тәулік бойы оққа ұшқан жауынгерлерді емдеп, жанын өлімнен арашалап отырған. Осындай қиын кездегі игі жұмыстары үшін көптің ризашылығына бөленіп, алғысын алған. 1971 жылы дүниежүзілік мейірбикелер кеңесінің ұйғарымымен 12 мамыр ресми түрде мейірбикелер күні болып бекітілді. Халықаралық мейірбикелер кеңесі бұл мерекені Флоренс Найтингейлдің туған күнімен ұштастыра отырып, тұңғыш мейір­­бикелер ісінің негізін салушы даңқ­ты әйелдің атын есте қалды­руды мақсат тұтты. Міне, бұл күн сол жыл­дардан бастап дәстүрлі түрде аталып өтіледі.
Тірі жанның тіршілігіне араша түсіп, жанына шипа болатын асыл маман­дық иесі – Айжанат та адам жанының арашасысы болуды басты мақсатым деп біледі. Айжанат орта мек­тепті бітірген соң, Қызылорда об­лысы жоғарғы медициналық коллед­жінде бі­лім алып, мамандық иесі атанады. Ал­ғашқы еңбек жолын осында аймақтық мейірбике болып бастаған ол әлі күнге дейін қызметін үздіксіз абыроймен атқа­рып, көптің алғысына бөленіп келеді.
– Мейірбике ісі – білім мен жан-жақ­тылықты талап ететін, күтім проце­сіне жауапты, мейірімділік көрсете білетін ерекше қызмет. Бүгінгі қоғамның мейір­бикесі тек дәрігердің көмекшісі ғана емес, ол ойшыл, үнемі ізденіс үстінде жүретін, адам өмірі үшін дер кезінде дұрыс шешім қабылдай алатын маман. Сондықтан бұл қызметті арқалап жүру үлкен жауапкершілік жүктейді. Қиындығы да, қызығы да қатар жүреді. Мен өзім жауапты аймақтағы туу жасындағы әйел­дер және жүкті келіншектермен жұ­мыс істеймін. Күн-түн демейміз, кейде мереке күндері де жүкті келіншектерді қадағалап отырамыз. Үнемі байланыста болып, аман-есендігін біліп, дүниеге дені сау сәби әкелуіне тілеулес боламыз. Ең бастысы да осы ғой, ана мен баланың саулығы, қауіпсіздігі, амандығы. Дүниеге дені сау ұрпақ келіп жатса, ауданның демократиясына үлес қосып жүрген ана­лар қауымына қалай қызмет етсек те жарасады деп есептеймін, – деген медбике осынша жыл ішінде алдыңғы буын аға-әпкелерімнің қызмет жолынан тәжірибе жинағанын да жасырмады. Сол білім мен білігін жұмыс барысында пайдалана отырып, көпшіліктің алғы­сына да бөленіп жүр.
Өзінің еңбек жолын абыройлы, тия­нақты алып жүрген білікті маман бүгінде отбасында да аяулы жар, үш баланың анасы. Отбасы мен жауапкершілік жүгі ауыр жұмысын қоса абыроймен алып жүрген жас маман халықтың алғысымен өсе беретініне сенеміз.
Біздің ең қымбат байлығымыз – өмі­ріміз осы сала қызметкерлерінің кә­сібиліктеріне байланысты. Сондықтан да бұл сала иелеріне үлкен жауап­кер­шілік жүктеледі. Ал денсаулық сақтау саласында жылдар бойы тапжылмай тер төгіп, еңбегімен елдің ыстық ықыласына бөленген әрбір ақ халаттының жүріп өткен жолы көпке үлгі деуге болады. Ал біз әңгімеге арқау еткен тіршілікке нәр беріп, қалтқысыз қызметін ұсынып, мейірімділік пен жылылықты жанына серік еткен, игілікті мамандық иесі Айжанат Ғабитқызының ем-домы еңбек жо­лында әлі талай жанның дертіне шипа болары анық.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: