Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Сенбі, 23 қараша, 16:13

Ташкент төрінде атой салды

16.05.2023

2641

0

Өткен апта жекпе-жек десе ішкен асын жерге қоятын қазақстандық спорт жанкүйерлері үшін ерекше болды. Олай деуімнің себебі Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында бокстан ерлер арасында XXII әлем чемпионаты өтті. Жүлде қоры 5 млн доллардан асатын бәсекеге 104 мемлекеттен 640 спортшы жиналды. Соның ішінде 7 бірдей жаһан чемпионы да бар.

Иә, кіл мықтылар жиналған бокс додасында жерлестеріміз үшін де оңайға соқпады. Қазақстан бокс құ­ра­­масының бас бапкері Мырзағали Айтжановтың мәліметінше, қазақс­тандық боксшылар барлық 13 сал­мақта өнер көрсетеді. Кезекті әлем біріншілігіне құрама мықты дайын­дықпен аттанған. Бокс­шы­лардың бар­­лығының бабы келіскен. Құрама ка­питаны Асланбек Шымбергенов пен Токио олимпиадасының қола жүл­де­гері Қамшыбек Қоңқабаев та қатарда.
Әуесқой бокс біріншілігінің тар­тысты өткендігі соншалықты, әсі­ресе жерлестеріміздің әр жекпе-жегіне ерек­ше жанкүйер болып, теле­ди­дар­дан көз алмадық.
Әлем біріншілігінің алғашқы ке­зең­дерінде қазақ боксшылары өте жақсы өнер көрсетті. Әрине, жарыс болған соң жеңіс те, жеңілісте болады. Өкініштісі, біріншіліктің фа­вориті атанған Сәкен Бибосынов бірінші кезеңнен сүрініп, жарыстан шы­ғып қалды. Ал қызылордалық Қам­шыбек Қоңқабаев өзбек елінің мақтанышы Баһодүр Жалоловқа тағы есе жіберді. Иә, спортсүйер қауым үшін финалға дейінгі кезең көп­теген тартысты жекпе-жектермен есте қалды. Осы ретте алтын үшін таласқа түскен финалдық жекпе-жек­терге кеңінен тоқталсақ…


Финалдардың алғашқы күні Ұлт­тық құрамадағы ең жеңіл спортшы Санжар Ташкенбай топ жарып, чем­­пион атанған ең жас қазақ бокс­шысына айналды. Финалда Грузия елінің боксшы Сахила Алахвер­до­вимен күш сынасты. Жекпе-жек Санжар үшін маңызды болғанымен, қиынға соқпаған секілді. Өйткені қар­сыласын 5:0 есебімен ойсырата ұтты. Санжар өткен жылы да жастар арасында әлем чемпионы атанған болатын. Ал одан кейін шаршы алаңға шыққан Дулат Бекбауов 67 келі салмақта қарсыласына жол бе­ріп, күміс медальға қол жеткізді.
Алдыңғы әлем чемпионатының 54 келі салмақтағы күміс жүлде­гері Махмұд Сабырхан ақтық кезеңге дейін Куба, Гана, Үндістан мен Ма­жар­­станнан келген қарсылас­та­рын ойсырата ұтып келді. Осы­лайша фи­налда ринг қожайыны Ойбек Джу­раевпен жекпе-жекке шық­ты. Мах­мұттың өткен финал­дағы қате­лік­терінен сабақ алған­ды­ғы кө­рі­ніп тұрды. Десе де екі бокс­шы да бар шеберлігін паш етті. Мұны қап­тал­дағы төрешілер де мойын­дады. Тіпті, 21 жастағы бокс­шы­мыз 3 раундта қырғыз төрешісіне 2 мәрте нокдаун тіркетті. Жекпе-жек қо­ры­тындысы бойынша Махмұд Сабыр­хан Қазақ еліне алтын жүлде сый­­лады. Айта кетейік, Махмұд 2 жыл бұрынғы Белградтағы әлем чем­пио­натында күміс жүлдеге ие болған еді.
Ұлттық құрама капитаны Аслан­бек Шымбергенов 71 келі салмақ дә­ре­жесінде атой салып, топ жарды. Отандасымыз финалда тағы бір өз­бекстандық Саиджамшид Джафа­ровты тізе бүктірді. Алдыңғы жек­пе-жектерде Асланбек Үндістан, Фран­­ция, Израиль, Тринидад және Тобаго боксшысынан басым түскен.
Ал Нұрбек Оралбай Өзбекстан төрінде 80 келі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, тағы бір мәрте Әнұранымызды шыр­қат­ты. Бір өкініштісі дейміз бе? Отанда­сымыз шешуші жекпе-жекте Қытай атынан сынға түскен этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатқанмен жұ­ды­рықтасты. Осыған дейін Нұр­бек Ресей, Иордания, Түркия мен Әзер­байжаннан келген боксшы­лар­дан басым түскен.
Осылайша Қазақстан құрамасы Ташкентте 4 алтын, 1 күміс медальді қоржынға салып, жалпы есепте 2 орынға тұрақтады. Әрине, бұл – өте үлкен жетістік. Көш басында жарыс қожайыны Өзбекстан қалды.
Бір де бір жекпе-жекті қалдырмай көріп, жерлестірімізге тілеулес бол­ған қазақ жанкүйерлерінің қуа­­­ны­шында шек жоқ. Жеңімпаз атан­ған спортшыларымызға жан-жақ­­тан құт­­тық­таулар айтылуда. Мемле­кет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев та Әлем чем­пионатының жеңімпаз­да­рын құттықтады.
– Бокстан Әлем чемпионатының финалдық жекпе-жектерін зор қы­зы­­­ғу­шылықпен тамашаладым. Же­ңіс­ке деген ерік-жігер мен шынайы патриотизмнің жарқын үлгісін көр­сеткен боксшыларымыз Санжар Тәш­кенбай, Махмұд Сабырхан, Ас­лан­бек Шымбергенов және Нұр­бек Оралбайды шын жүректен құт­тық­­таймын! Қазақтың төрт жігіті – Әлем чемпионы, – деп жазыл­ған Пре­зиденттің Twitter-дегі парақ­шасында.
Жалпы, Қазақстан 1993 жылдан бері егемен ел ретінде 16 рет әлем чемпионатына былғары қолғап ше­берлерін жіберді. Қазір еншімізде 18 алтын, 16 күміс, 22 қола жүлде бар. Осының арқасында жалпы Әлем чемпионаты тарихындағы ме­даль есебінде Қазақстан АҚШ-ты ба­сып озып, 3 орынға көтерілді. Бірінші орынға Куба, екінші орынға Ресей жайғасқан.
Айта кетейік, әлем чемпиондары Халықаралық бокс қауымдастығынан 200 мың АҚШ долларынан сыйақы алды. Күміс жүлдегерлерге 100 мың, қола жүлдегерлердің әрқайсысына 50 мың АҚШ доллары берілді.
Қазақстан бокс федерациясының Президенті Кеңес Рақышев осы нәтижеге үлес қосқан Мырзағали Айт­жанов бастаған бапкерлер қо­сынын, боксшыларды, дәрігер­лерді, ғылыми топтың мамандарын өз есебінен марапаттайтынын жеткізді. Бұл ретте чемпион атанған Ұлттық құрама боксшыларына сыйақы ретінде 100 мың АҚШ долларынан табысталады.

Жандос Махмұтұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: