Таң атысымен редакцияның тілшілер тобы Мақпалкөл ауылдық округіне жолға шықтық. Мақсат – ауыл тынысымен танысу. Мемлекет басшысының кешегі сайлаудан кейін алғаш қол қойған Жарлықтарының бірі ауылдық елді мекендерді дамыту, ондағы халықтың әлеуметтік жағдайын, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған еді. Бұл ретте ауданға қарасты елді мекендерде нендей жобалар қолға алынуда? Ауылдарға жасап жатқан сапарымызға басты себеп те осы сауалдың түйінін тарқату еді.
Бұған дейін Мырзабай ахун, Жаңадария ауылдарында болғанбыз, қазір егіс басындағы еңбектің нағыз қызған шағы, Жаңадария жұрты биыл бақшалық дақылдарға басымдық берген. Ал Мырзабай ахун ауылында жергілікті тұрғындар кәсіпке машықтанып алған. Ауылдағы ағайын тек бір ғана айлыққа қарап отыруды құп көрмейді. Жергілікті әкімдік те іс бастаймын деген азаматтарды қолдауға басымдық беріп отыр. Бүгін жолымыз түсіп отырған Мақпалкөл ауылдық округінде де биылғы жылдың еншісінде біршама жоба бар екен, бастысы, ел игілігін көрсе болғаны.
Әріптесім Жандос Жазкен мен Ақтоты Бүркітбайды ауылдағы білім ошағынан қалдырып, өзім жергілікті әкімдікке жол тарттым. Ауыл әкімі Бауыржан Тұңғышбаев Жалағашқа жолға шыққалы тұр екен, екеуара жасалған диалогтың желісін үзгісі келмеді ме, әйтеуір сапарын кейінге қалдырды. Мұнан кейін Баукеңмен Мақпалкөлде жүзеге асатын жұмыстар төңірегінде сөйлесіп, бірнеше жобаның бүгінгі жұмысымен таныстық.
Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов атындағы ауылда 314 отбасы бар. 1800-ден астам халық мекен еткен елді мекеннің алдағы уақытта екінші тынысы ашылатындай. Былтыр да елді мекеннің еңсесін тіктейтін екпінді жобалар бұл ауылда жүзеге асқан еді. Қуантарлығы, биылғы жылдың еншісінде де игі бастамалар көп екен.
Иә, жергілікті халықтың негізгі тіршілік көзі егін және мал шаруашылығына тәуелді. Бұған дейін Сыр салысынан мол астық жиған жергілікті шаруашылықтар былтырдан бері бақша өнімдеріне басымдық беріп жатыр. Мұнан бөлек бірнеше гектарды құрайтын ауылдағы алмабақ өнімдері бүгінде еліміз бойынша үлкен сұранысқа ие.
Ауылдағы кәсіпорындардың
99 пайызы жұмыс жасап тұр
Жалпы, Мақпалкөлде халық санына шаққанда жұмыссыздық деңгейі 2,4 пайызды құрайды. Оның деңгейін төмендету үшін ауыл әкімі барын салып жүр. Мейлінше кәсіп бастаймын деген жерлестерін сүйемелдеумен келеді. Олар қайткен күнде мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көреді, пайыздық үстемақысы төмен несиеге қалай қол жеткізеді? Осы сауалдардың түйінін тарқатуға Баукең бар уақытын арнаған. Нәтиже де жоқ емес.
– Ауылда кәсіпке бет бұрған азаматтар жетерлік. Бұл бір жағынан елді мекеннің еңсесін тіктеуге үлкен қолғабыс болып отыр. Бұрын іс бастаған азаматтардың барлығы егін және мал шаруашылығы саласында жұмысын жүргізсе, бүгінде ауылда сала түрленген. Қазірдің өзінде Мақпалкөл ауылдық округінде шаштараз, компьютерлік орталықтар халыққа сапалы қызмет етуде. Енді бұл азаматтар кәсібін кеңейтуге басымдық беруде. Демек егін және мал шаруашылығы саласынан өзге де кәсіпорындар өніміне ауылда сұраныс бар деген сөз. Болмаса олар мұндай қадамға бармас еді, – дейді Бауыржан Тұңғышбаев.
Темірбек Жүргенов ауылында бүгінде 90-ға жуық кәсіпорын бар. Тіркелген кәсіпкерлік субьектісінің қазіргі таңда 99 пайызы жұмыс жасап тұр. Бұрын елді мекенде тек егін және мал шаруашылығында жергілікті тұрғындар кәсібін дөңгелентсе, бүгінде ауыл әкімі айтқандай, елді мекенде сала түрленген.
Былтыр екі ауыл тұрғыны кәсіп бастауды қолға алады. Алайда оларға шаруасын ширатуға қолдағы азғантай қаражат қолбайлау болыпты. Осылайша екеуі де мемлекеттік грантқа өтінім тапсырып, оны қорғауға бел буған. Нәтижесінде комиссия мүшелері мақпалкөлдіктердің қос жобасын қаржылай қолдауға лайық деп тапқан. Қазіргі таңда екеуі де ауыл халқына сапалы қызмет етуде. Оның бірі Гүлша Мырзалиеваның шаштаразы болса, келесісі – Гүлжан Төкештің компьютер орталығы.
Гүлжан мен Гүлша – ауылдық елді мекендерде егін және мал шаруашылығы саласынан өзге де кәсіпорындар өніміне сұраныс жоғары екенін жұмысымен дәлелдеген кәсіпкерлер. Кешегі сапарымызда олардың жұмысымен де арнайы таныстық. Тіпті Гүлжан Төкеш алдағы уақытта кәсіпорынның көкжиегін кеңейтуді көздеп отыр. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде пайыздық үстемақысы төмен несиеге қол жеткізсе, алға қойған мақсаттары жүзеге асатынына сенеді.
– Ауылда компьютерлік орталық қызметіне жүгінетіндер көп. Әсіресе біз әзірлейтін тауарлар тұтынушыларының басым бөлігі – мұғалімдер. Біз мұнда құжаттарды көшірмеден өткізуден бөлек көрнекілік құралдарын, балалардың ой-өрісін дамытатын ойыншықтар, түрлі бұйымдар да жасаймыз. Көбіне олардан үлкен билбордтарға сұраныс жиі түседі. Оны жасайтын менде арнайы алып аппараттар жоқ. Сондықтан алдағы уақытта ауылдан типография ашуды көздеп отырмын. Қасымыздағы Мырзабай, Мәдениет, Жаңаталап, Аққыр ауылдарынан да көптеп сұраныс түсіп жатады. Сондықтан «ауылдық елді мекенде типография өніміне сұраныс жоқ» деп біржақты қарауға болмайды. Ондай орталық өніміне сұраныстың көп екенін жұмыс жасап жатқан өзім жақсы білемін, – дейді жас кәсіпкер.
Осы тұста кейіпкерім менің де ойымды оқып қойғандай. Себебі іштей өзім де біржақты шешім қабылдап қойғанмын. Расында қарындасымыз кәсіптің бұл түрін жетік меңгерген екен, тіпті шығаратын көрнекілік құралдарының дизайнын да өзі жасайды. Ол алдағы уақытта кәсібінің көкжиегін кеңейтсе, ауылдың бірнеше тұрғынын жұмыспен қамтуды көздеп отыр.
Мақпалкөлдіктер мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалануда
Жалпы, жергілікті тұрғындар кәсіп ашуда мемлекет жасап жатқан барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланып отыр. Кәсіпкерлік саласына серпін беруге бағытталған қандай бағдарлама бар, басым бөлігіне ауыл тұрғындары құжат тапсырып, кәсібін ширатып отыр.
Биылдың өзінде мақпалкөлдік екі азамат грантқа құжат тапсырып, қайтарымсыз қаржыға ие болыпты. Олардың әрқайсысына 1 млн 380 мың теңгеден қаражат үлестірілген. Жобасы қаржылай қолдауға ие болған Медет Қызбалаев пен Руслан Ермаханов 8 бас жылқы алып, бүгінде кәсібін бастап кеткен.
– Ауылда жем-шөптен мәселе жоқ, сондықтан мал шаруашылығында бақ сынауды жөн көрдім. Кешегі комиссия отырысында жобам қаржылай қолдауға ие болды. Тиісті қаражатқа 4 бас жылқы алдым. Алдымен олардың санында өсім қалыптастырсам деймін, кейін ет және сүт бағытында тұтынушыларыма өнімдер ұсынуды қолға аламын. Алдағы уақытта пайыздық үстемақысы төмен несие алып, әлі де мал басын көбейту жоспарда бар. Әсіресе ауылдық елді мекендерде саланың серпін алғаны тиімді ғой, бір жағынан өңірдің кірісі артса, келесі кезекте тұрғындардың тұрмыс сапасы жақсарады. Сондықтан жалақыға қарап отыруға болмайды. Мемлекет мүмкіндік қарастырғанда оны құр жібермей кәсіп ашу керек, – дейді Медет Қызбалаев.
Мұнан бөлек Мақпалкөлден тағы да 4 азамат мемлекеттік грантқа жобасын дайындап қойыпты. Олардың да жобалары қолдау тапса, бұл аталған сала дамыған ауылда әлі де жұмыстың ширауына қолғабыс болары сөзсіз.
Биыл тағы 3 азамат мемлекеттік бағдарлама шеңберінде кәсіп бастауға құжаттар тапсырған. Барлығы да мал шаруашылығын дамытуға негізделген. Нәтижесінде оларға жалпы құны 14 млн теңгеге жуық қаражат үлестірілген.
«Аграрлық несие корпорациясы» арқылы қаржылай қолдауға ие болғандар қатарында мақпалкөлдік Қайыр Тоғызбаев та бар. Ол елді мекенде жылқы шаруашылығын дамытуды мақсат еткен. Жобасы қаржылай қолдауға лайық деп табылған ауыл тұрғыны 7 млн 500 мың теңге пайыздық үстемақысы төмен несиеге ие болыпты. Оның да бұл кәсіпті қолға алудағы мақсаты сол, жем-шөптен мәселе жоқ және жылқы етіне нарықта сұраныс жоғары.
4 млн теңге қаржылай қолдау тапқан Назарбай Жаметов те ауылда жылқы шаруашылығын қолға алған. Ал Жандос Ибраев 1 млн 750 мың теңгеге ірі қара сатып алып, бүгінде оның басын көбейтуге басымдық берген.
Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығы, қайраткердің мерейтойы бүгінде түркі тілдес мемлекеттер арасында кең көлемде аталып өтілуде. Туған жерінде де мерейтой иесінің 125 жылдығына орай бірнеше жоба қолға алынған. Солардың бірі – Темірбек Жүргенов атындағы саябақ. Бұл жобаға қазынадан 60 млн 444,9 млн теңге қаралған.
– Қазірдің өзінде тұрғындар мұнда талдар мен жеміс ағаштарын отырғызып жатыр. Саябақ құрылысы да қарқынды жүруде. Жергілікті тұрғындардың бұл жерді жасыл желекке айналдырудағы құлшынысын баба рухына тағзым, бір жағынан құрмет деп түсінемін. Қайраткер атындағы ауылда мұнан өзге де жобалар жоқ емес. Бастысы, алдағы уақытта ел игілігін көрсе дейміз. Ауылда қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов атында көше де бар. Ұзындығы 1,1 шақырымды құрайтын ішкі көшеге бүгінде жай жөндеу жұмыстары жүруде. Оған қазынадан 15 млн 229 мың теңге қаралған. Темірбек Жүргенов ауылында бұған дейін қоғам қайраткері атында көше болса, енді саябақ ашылғалы тұр, – дейді ауыл әкімі.
Әлем чемпионы шыққан ауыл
Негізінен бұл ауылдың жастары кез келген спорт түріне бейімдігімен дара. Былтыр күрестен әлем чемпионы да осы ауылдан шыққан еді. үлкен додаларда ауыл жастарының топ жаратындай реті бар, себебі салаға жан-жақты жағдай жасалып жатыр. Биыл ауылдағы шағын футбол алаңына жөндеу жұмыстары жүріп, астындағы төсеніштеріне дейін ауыстырылыпты. Қазіргі таңда оның игілігін жастар көріп отыр. Бұл мақсатқа қазынадан 3 млн 528 мың теңге қаралған.
– Әлем чемпионы атанған ауыл азаматы бүгінде ел мақтанышына айналып отыр. Спорт саласына қолдау болып жатыр. Жергілікті шаруашылықтар тарапынан да қолдау жоқ емес, нәтижесін жастардың жеңіске деген талпынысынан байқап отырмыз. Сондықтан ауылдағы спорттық нысандарда жастардың жан-жақты дайындалуына бар жағдай жасалады, – дейді Баукең.
Әлем чемпионы, Темірбек Жүргенов ауылының тумасы Теміржан Руслан ел намысын қорғаған дүбірлі додада шашасына шаң жұқтырмай қазақша күрестен «Әлем чемпионы» деген атаққа ие болып, халықтың рухын көкке көтерген болатын. Қазақ күресінен әлем біріншілігі былтыр 12-14 желтоқсан аралығында Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпiров атындағы жекпе-жек сарайында өткен болатын. Әлем көз тіккен жарыста Темiржан Руслан 20 жасқа дейінгі жастар арасында 60 келі салмақта қарсыластарын қапы қалдырып, жеңіс тұғырына көтеріліп, көк туымызды желбіретіп, биік тұғырдан көрінді.
Әрине жалынды жастың бұл жеңісі талай өренге қанат бітірері анық. Туған жері Темірбек Жүргеновтегі ауылдастары чемпионды зор құрметпен, ыстық ықыласпен қарсы алып, дүбірлеген той жасап, елін сүйген саңлақтың жеңісін сүйіншілеп, оған үлкен қошемет көрсетті. Ауылдағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығы текті ұлға бір миллион теңге сыйақы берді. Шаруа қожалық өз құттықтауларына мынадай сөздер жазыпты. «Әлемге ауылдың атын Темірбектен кейін екінші Теміржан танытты. Қуаныш ортақ, жеңіс ортақ, абырой ортақ, ағайын! Теміржанның осындай жетістігіне «Ер-Әлі» шаруашылығы демеушілік есебінен бір миллион теңге сыйақы беруді ұйғарды» делінген.
Бұл мәрт қазақтың кең даладай дарқандығы деп таныдық. Ауыл халқы тұлпарда мінгізіпті. Қалай десек те елдің даңқын шығарған азаматқа көрсеткен бұл құрмет өте жарасымды.
– Бұл қуаныш – менің ғана емес бүкіл елдің қуанышы. Әрине жеңіс адамның уысына оңайлықпен түспейді. Оған тынымсыз жаттығу, ұзақ еңбек, тер төгу керек. Менің еліме, жеріме деген құрметім осы қол жеткізген жеңісіммен сабақтас. Осы орайда жарысқа дайындаған жаттықтырушым, Қызылорда қаласындағы қазақ күресінен жасөспірімдердің аға жаттықтырушысы Берік Қасымбековке, алғашқы жаттықтырушым Әнуар Тәжмахановқа айтар алғысым шексіз. Менің ауылдастарым бүкіл тайлы-тұяғы қалмай жиналып, күтіп алды. Ауыл жастары Қорқыт ата әуежайынан күтіп алды. Күллі мені қолдаған жанашырларыма шын жүректен алғыс білдіремін. Жеңісті күндер көп болғай, – дейді мақпалкөлдік чемпион Теміржан Руслан.
Айта кетейік, Темiржан Руслан 2002 жылы 27 қарашада Т.Жүргенов ауылында өмiрге келген. Ол – «Жас барыс» республикалық турнирінің 3 дүркiн, Қазақ күресінен ҚР чемпионатының 3 дүркiн жеңімпазы. Белбеу күресiнен ҚР чемпионатының 3 дүркін жүлдегері. Қазақ күресінен 60 кг салмақ дәрежесінде рейтингте 1 нөмірлі спортшы.
Шаруашылықтар егінді әртараптандыруда
Ауылда қай саланы алып қарасақ та өрлеу бар, өсу бар, даму динамикасы жақсы. Әсіресе жергілікті шаруашылықтар мол астықтан тау тұрғызып, жыл сайын рекордтық өнімге қол жеткізуде. Олар бүгінде егінді әртараптандыруға басымдық бере бастаған. Аяқ су мәселесі қат болып тұрған шақта бұл бастамасы ақылға қонымды дүние.
Мақпалкөлде 1 серіктестік 10 шаруа қожалық егін шаруашылығымен айналысады. Олар бүгінде 4021 гектар жерге егін егіп отыр. Оның 1 896 гектарына Сырдың басты дақылы күріш себілген. Мұнан бөлек 1 135 гектар ескі жоңышқа күтімге алынып, 492 гектар жаңа жоңышқа егілген. Шаруашылықтар биыл 84 гектар алқапқа жаздық бидай және 414 гектарға мақсары дақылын сеуіпті.
Егінді әртараптандыру бағытында былтыр жергілікті «Ер-Әлі» шаруа қожалығы бірнеше гектарға картоп, қызылша, сәбіз еккен еді. Төрағасы Әліби Бекжанов одан алған өнімді апта сайын жәрмеңке ұйымдастырып, аудан және аймақ жұртына арзан бағада ұсынған болатын.
Жалпы, атпал азаматтың елім деп қолға алған жобаларының игілігін бүгінде ауыл халқы көріп отыр. Бұған дейін ауылда жалпы құны 15 млн теңгеден асатын балалар ойын алаңын салып берген еді. Қазір ауыл балаларын іздесеңіз, сол жерден табасыз. Мұнан бөлек ауылдағы бірнеше отбасына үй салып берді. Ауылдағы алтын ұяда білім алып жатқан жастардың ішінде озат оқушыларға шәкіртақы төлейді. Тізе берсек, Әліби Бекжановтың ауылға жасап жатқан жобаларын жазуға көп уақыт кетеді. Бастысы, оның барлығы бүгінде елдің игілігіне жарап тұр.
Биыл «Ер Әлі» шаруа қожалығы тамшылатып суару арқылы 12 гектарға бақша дақылдарын орналастырыпты. Оның ішінде 7,5 гектарына картоп егілсе, 2,6 гектар жерге қауын-қарбыз, 1,9 гектар алқапқа сәбіз егілуде. Биыл да жергілікті шаруашылық алажаздай баптаған сапалы өнім нарыққа шығады.
Ауылда мал шаруашылығы да қарқынды дамыған. Бүгінде Мақпалкөлдегі мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерде 545 бас мүйізді ірі қара, 206 бас жылқы мен бірнеше түйе бар. Ал ауылдық округтің жеке отбасыларында 1 903 бас мүйізді ірі қара, 512 бас жылқы, 4 114 бас уақ мал мен 40 бас түйе бар екен.
Жалпы, ауыл халқы қай істе де ауызбіршілікті, ынтымақты ту етеді. Біз айтып отырған жобалардың сәтті жүзеге асуына да басты себеп осы ма дедік. Шаруасы шираған ауылда береке бар, тындырымды іс бар, бірлігі болса да мығым. Бақ осындай елге қонатынын бұрынғылар да айтып кеткен ғой, ал біз соған бүгінгі сапарда көз жеткіздік.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!