Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

24°C

, Сәрсенбі, 09 қазан, 12:46

Бірлігі бекем, тірлігі тиянақты

30.05.2023

422

0

Таң атысымен редакцияның тілшілер тобы Мақпалкөл ауылдық округіне жолға шықтық. Мақсат – ауыл тынысымен танысу. Мемлекет басшысының кешегі сайлаудан кейін алғаш қол қойған Жарлықтарының бірі ауылдық елді мекендерді дамыту, ондағы халықтың әлеуметтік жағдайын, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған еді. Бұл ретте ауданға қарасты елді мекендерде нендей жобалар қолға алынуда? Ауылдарға жасап жатқан сапарымызға басты себеп те осы сауалдың түйінін тарқату еді.

Бұған дейін Мырзабай ахун, Жаңа­дария ауылдарында болғанбыз, қазір егіс басындағы еңбектің нағыз қызған шағы, Жаңадария жұрты биыл бақ­шалық дақылдарға басымдық бер­ген. Ал Мырзабай ахун ауылында жергілікті тұрғындар кәсіпке машық­танып алған. Ауылдағы ағайын тек бір ғана айлыққа қарап отыруды құп көрмейді. Жергілікті әкімдік те іс бас­таймын деген азаматтарды қол­дауға басымдық беріп отыр. Бүгін жолымыз түсіп отырған Мақпалкөл ауылдық округінде де биылғы жылдың енші­сінде біршама жоба бар екен, бас­тысы, ел игілігін көрсе болғаны.
Әріптесім Жандос Жазкен мен Ақтоты Бүркітбайды ауылдағы білім ошағынан қалдырып, өзім жергілікті әкімдікке жол тарттым. Ауыл әкімі Бауыр­жан Тұңғышбаев Жалағашқа жолға шыққалы тұр екен, екеуара жа­салған диалогтың желісін үзгісі кел­меді ме, әйтеуір сапарын кейінге қалдырды. Мұнан кейін Баукеңмен Мақ­палкөлде жүзеге асатын жұмыс­тар төңірегінде сөйлесіп, бірнеше жо­баның бүгінгі жұмысымен таныстық.
Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов атындағы ауылда 314 отбасы бар. 1800-ден астам халық мекен еткен елді мекеннің алдағы уақытта екінші тынысы ашы­латындай. Былтыр да елді мекеннің еңсесін тіктейтін екпінді жобалар бұл ауылда жүзеге асқан еді. Қуантарлығы, биылғы жылдың еншісінде де игі бастамалар көп екен.
Иә, жергілікті халықтың не­гізгі тіршілік көзі егін және мал ша­руа­шылығына тәуелді. Бұған дейін Сыр салысынан мол астық жиған жергілікті шаруашылықтар былтыр­дан бері бақша өнімдеріне басымдық беріп жатыр. Мұнан бөлек бірнеше гектарды құрайтын ауыл­дағы алма­бақ өнімдері бүгінде еліміз бойынша үлкен сұранысқа ие.

Ауылдағы кәсіпорындардың
99 пайызы жұмыс жасап тұр

Жалпы, Мақпалкөлде халық са­нына шаққанда жұмыссыздық деңгейі 2,4 пайызды құрайды. Оның деңгейін төмендету үшін ауыл әкімі барын салып жүр. Мейлінше кәсіп бастаймын деген жерлестерін сүйемелдеумен келеді. Олар қайткен күнде мем­ле­кет­тік бағдарламалардың игілігін кө­реді, пайыздық үстемақысы төмен не­сиеге қалай қол жеткізеді? Осы сауалдардың түйінін тарқатуға Бау­кең бар уақытын арнаған. Нәтиже де жоқ емес.
– Ауылда кәсіпке бет бұрған азаматтар жетерлік. Бұл бір жағынан елді мекеннің еңсесін тіктеуге үлкен қолғабыс болып отыр. Бұрын іс бастаған азаматтардың барлығы егін және мал шаруашылығы саласында жұмы­сын жүргізсе, бүгінде ауылда сала түрленген. Қазірдің өзінде Мақ­пал­көл ауылдық округінде шаш­тараз, компьютерлік орталықтар ха­лыққа сапалы қызмет етуде. Енді бұл азаматтар кәсібін кеңейтуге ба­сым­дық беруде. Демек егін және мал шаруашылығы саласынан өзге де кәсіпорындар өніміне ауылда сұ­раныс бар деген сөз. Болмаса олар мұндай қадамға бармас еді, – дейді Бауыржан Тұңғышбаев.
Темірбек Жүргенов ауылында бү­гінде 90-ға жуық кәсіпорын бар. Тір­келген кәсіпкерлік субьектісінің қа­зіргі таңда 99 пайызы жұмыс жасап тұр. Бұрын елді мекенде тек егін және мал шаруашылығында жергілікті тұр­ғындар кәсібін дөңгелентсе, бүгінде ауыл әкімі айтқандай, елді мекенде сала түрленген.
Былтыр екі ауыл тұрғыны кәсіп бастауды қолға алады. Алайда олар­ға шаруасын ширатуға қол­да­ғы азғантай қаражат қолбайлау болыпты. Осылайша екеуі де мем­лекеттік грантқа өтінім тапсы­рып, оны қорғауға бел буған. Нә­ти­жесінде комиссия мүшелері мақпал­көлдіктердің қос жобасын қаржылай қолдауға лайық деп тапқан. Қазіргі таңда екеуі де ауыл халқына сапалы қызмет етуде. Оның бірі Гүлша Мырзалиеваның шаштаразы болса, келесісі – Гүлжан Төкештің компьютер орталығы.
Гүлжан мен Гүлша – ауылдық елді мекендерде егін және мал ша­руашылығы саласынан өзге де кәсіп­орындар өніміне сұраныс жоғары екенін жұмысымен дәлелдеген кә­сіп­керлер. Кешегі сапарымызда олар­дың жұмысымен де арнайы та­ныстық. Тіпті Гүлжан Төкеш алдағы уақытта кәсіпорынның көкжиегін кеңейтуді көздеп отыр. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде пайыздық үстем­ақысы төмен несиеге қол жет­кізсе, алға қойған мақсаттары жүзеге асатынына сенеді.
– Ауылда компьютерлік орталық қызметіне жүгінетіндер көп. Әсі­ресе біз әзірлейтін тауарлар тұты­нушы­ларының басым бөлігі – мұға­лімдер. Біз мұнда құжаттарды көшір­ме­ден өткізуден бөлек көрнекілік құрал­дарын, балалардың ой-өрісін дамы­татын ойыншықтар, түрлі бұйымдар да жасаймыз. Көбіне олардан үлкен билбордтарға сұраныс жиі түседі. Оны жасайтын менде арнайы алып аппараттар жоқ. Сондықтан алдағы уақытта ауылдан типография ашуды көздеп отырмын. Қасымыздағы Мыр­забай, Мәдениет, Жаңаталап, Аққыр ауылдарынан да көптеп сұраныс түсіп жатады. Сондықтан «ауылдық елді мекенде типография өніміне сұ­раныс жоқ» деп біржақты қарауға болмайды. Ондай орталық өніміне сұраныстың көп екенін жұмыс жасап жатқан өзім жақсы білемін, – дейді жас кәсіпкер.
Осы тұста кейіпкерім менің де ойымды оқып қойғандай. Себебі іштей өзім де біржақты шешім қабыл­дап қойғанмын. Расында қарын­да­сымыз кәсіптің бұл түрін жетік мең­герген екен, тіпті шығаратын көр­некілік құралдарының дизайнын да өзі жасайды. Ол алдағы уақытта кәсі­бінің көкжиегін кеңейтсе, ауылдың бірнеше тұрғынын жұмыспен қамтуды көздеп отыр.

Мақпалкөлдіктер мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалануда

Жалпы, жергілікті тұрғындар кәсіп ашуда мемлекет жасап жатқан барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланып отыр. Кәсіпкерлік саласына серпін беруге бағытталған қандай бағдарлама бар, басым бөлігіне ауыл тұрғындары құ­жат тапсырып, кәсібін ширатып отыр.
Биылдың өзінде мақпалкөлдік екі азамат грантқа құжат тапсырып, қайтарымсыз қаржыға ие болыпты. Олардың әрқайсысына 1 млн 380 мың теңгеден қаражат үлестірілген. Жобасы қаржылай қолдауға ие болған Медет Қызбалаев пен Руслан Ермаханов 8 бас жылқы алып, бүгінде кәсібін бастап кеткен.
– Ауылда жем-шөптен мәселе жоқ, сондықтан мал шаруашылығында бақ сынауды жөн көрдім. Кешегі комиссия отырысында жобам қар­жылай қолдауға ие болды. Тиісті қаражатқа 4 бас жылқы алдым. Алды­мен олардың санында өсім қалып­тас­тырсам деймін, кейін ет және сүт бағытында тұтынушыларыма өнім­­дер ұсынуды қолға аламын. Ал­дағы уақытта пайыздық үстем­ақысы төмен несие алып, әлі де мал басын көбейту жоспарда бар. Әсіресе ауыл­дық елді мекендерде саланың серпін алғаны тиімді ғой, бір жағынан өңірдің кірісі артса, келесі кезекте тұрғындардың тұрмыс сапасы жақ­са­рады. Сондықтан жалақыға қа­рап отыруға болмайды. Мемлекет мүм­кін­дік қарастырғанда оны құр жібер­мей кәсіп ашу керек, – дейді Медет Қызбалаев.
Мұнан бөлек Мақпалкөлден тағы да 4 азамат мемлекеттік грантқа жобасын дайындап қойыпты. Олар­дың да жобалары қолдау тапса, бұл аталған сала дамыған ауылда әлі де жұмыстың ширауына қолғабыс болары сөзсіз.
Биыл тағы 3 азамат мемлекеттік бағдарлама шеңберінде кәсіп бас­тауға құжаттар тапсырған. Барлығы да мал шаруашылығын дамытуға негіз­делген. Нәтижесінде оларға жалпы құны 14 млн теңгеге жуық қаражат үлестірілген.
«Аграрлық несие корпорациясы» арқылы қаржылай қолдауға ие болғандар қатарында мақпалкөлдік Қайыр Тоғызбаев та бар. Ол елді мекенде жылқы шаруашылығын да­мы­туды мақсат еткен. Жобасы қар­жылай қолдауға лайық деп табылған ауыл тұрғыны 7 млн 500 мың теңге пайыздық үстемақысы төмен несиеге ие болыпты. Оның да бұл кәсіпті қолға алудағы мақсаты сол, жем-шөптен мәселе жоқ және жылқы етіне нарықта сұраныс жоғары.
4 млн теңге қаржылай қолдау тапқан Назарбай Жаметов те ауылда жылқы шаруашылығын қолға алған. Ал Жандос Ибраев 1 млн 750 мың теңгеге ірі қара сатып алып, бүгінде оның басын көбейтуге басымдық берген.
Биыл мемлекет және қоғам қай­раткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығы, қайраткердің мерейтойы бүгінде түркі тілдес мемлекеттер ара­сында кең көлемде аталып өтілуде. Туған жерінде де мерейтой иесінің 125 жылдығына орай бірнеше жоба қолға алынған. Солардың бірі – Темірбек Жүргенов атындағы саябақ. Бұл жобаға қазынадан 60 млн 444,9 млн теңге қаралған.
– Қазірдің өзінде тұрғындар мұнда талдар мен жеміс ағаштарын отырғызып жатыр. Саябақ құрылысы да қарқынды жүруде. Жергілікті тұрғындардың бұл жерді жасыл желекке айналдырудағы құлшынысын баба рухына тағзым, бір жағынан құрмет деп түсінемін. Қайраткер атындағы ауылда мұнан өзге де жобалар жоқ емес. Бастысы, алдағы уақытта ел игілігін көрсе дейміз. Ауылда қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов атында көше де бар. Ұзындығы 1,1 шақырымды құрайтын ішкі көшеге бүгінде жай жөндеу жұмыстары жүруде. Оған қазынадан 15 млн 229 мың теңге қаралған. Темірбек Жүргенов ауылында бұған дейін қоғам қайраткері атында көше болса, енді саябақ ашылғалы тұр, – дейді ауыл әкімі.

Әлем чемпионы шыққан ауыл

Негізінен бұл ауылдың жас­тары кез келген спорт түріне бейім­ді­гі­мен дара. Былтыр күрестен әлем чем­пионы да осы ауылдан шық­қан еді. үлкен додаларда ауыл жаста­ры­ның топ жаратындай реті бар, се­бебі салаға жан-жақты жағдай жа­салып жатыр. Биыл ауылдағы шағын футбол алаңына жөндеу жұмыстары жүріп, астындағы төсеніштеріне дейін ауыстырылыпты. Қазіргі таңда оның игілігін жастар көріп отыр. Бұл мақ­сатқа қазынадан 3 млн 528 мың теңге қаралған.
– Әлем чемпионы атанған ауыл азаматы бүгінде ел мақтанышына айналып отыр. Спорт саласына қол­дау болып жатыр. Жергілікті ша­руа­шылықтар тарапынан да қол­дау жоқ емес, нәтижесін жастар­дың жеңіске деген талпынысынан байқап отыр­мыз. Сондықтан ауылдағы спорт­тық нысандарда жастардың жан-жақ­ты дайындалуына бар жағ­дай жаса­лады, – дейді Баукең.
Әлем чемпионы, Темірбек Жүрге­нов ауылының тумасы Теміржан Рус­лан ел намысын қорғаған дүбірлі до­дада шашасына шаң жұқтырмай қазақша күрестен «Әлем чемпионы» деген атаққа ие болып, халықтың рухын көкке көтерген болатын. Қазақ күресінен әлем біріншілігі былтыр 12-14 желтоқсан аралығында Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпiров атындағы жекпе-жек сарайында өткен болатын. Әлем көз тіккен жарыста Темiржан Руслан 20 жасқа дейінгі жастар арасында 60 келі салмақта қарсыластарын қапы қалдырып, же­ңіс тұғырына көтеріліп, көк туы­мыз­ды желбіретіп, биік тұғырдан көрінді.
Әрине жалынды жастың бұл жеңісі талай өренге қанат бітірері анық. Туған жері Темірбек Жүргеновтегі ауылдастары чемпионды зор құр­мет­пен, ыстық ықыласпен қарсы алып, дүбірлеген той жасап, елін сүйген саңлақтың жеңісін сүйіншілеп, оған үл­кен қошемет көрсетті. Ауылдағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығы текті ұлға бір миллион теңге сыйақы берді. Шаруа қожалық өз құттықтауларына мынадай сөздер жазыпты. «Әлемге ауылдың атын Темірбектен кейін екінші Теміржан танытты. Қуаныш ортақ, жеңіс ортақ, абырой ортақ, ағайын! Теміржанның осындай же­тістігіне «Ер-Әлі» шаруашылығы де­меу­шілік есебінен бір миллион теңге сыйақы беруді ұйғарды» делінген.
Бұл мәрт қазақтың кең даладай дар­қандығы деп таныдық. Ауыл хал­қы тұлпарда мінгізіпті. Қалай де­­сек те елдің даңқын шығарған аза­­матқа көрсеткен бұл құрмет өте жарасымды.
– Бұл қуаныш – менің ғана емес бүкіл елдің қуанышы. Әрине жеңіс адамның уысына оңайлықпен түс­пейді. Оған тынымсыз жаттығу, ұзақ еңбек, тер төгу керек. Менің еліме, жеріме деген құрметім осы қол жеткізген жеңісіммен са­бақтас. Осы орайда жарысқа да­йын­­даған жаттықтырушым, Қы­зы­л­­орда қаласындағы қазақ кү­­ре­сінен жасөспірімдердің аға жаттық­ты­ру­шысы Берік Қасымбе­ковке, ал­ғаш­қы жаттықтырушым Әнуар Тәж­­ма­ха­нов­қа айтар алғысым шек­­­сіз. Менің ауылдастарым бүкіл тай­лы-тұяғы қалмай жиналып, кү­тіп алды. Ауыл жастары Қорқыт ата әуежайынан кү­тіп алды. Күллі мені қолдаған жа­на­­шырларыма шын жүректен ал­ғыс білдіремін. Жеңіс­ті күндер көп болғай, – дейді мақпал­көлдік чем­пион Теміржан Руслан.
Айта кетейік, Темiржан Руслан 2002 жылы 27 қарашада Т.Жүргенов ауылында өмiрге келген. Ол – «Жас барыс» республикалық турнирінің 3 дүркiн, Қазақ күресінен ҚР чем­пио­натының 3 дүркiн жеңімпазы. Белбеу күресiнен ҚР чемпионатының 3 дүр­кін жүлдегері. Қазақ күресінен 60 кг салмақ дәрежесінде рейтингте 1 нө­мірлі спортшы.

Шаруашылықтар егінді әртараптандыруда

Ауылда қай саланы алып қара­сақ та өрлеу бар, өсу бар, даму дина­микасы жақсы. Әсіресе жергілікті ша­руа­шылықтар мол астықтан тау тұр­ғызып, жыл сайын рекордтық өнімге қол жеткізуде. Олар бүгінде егінді әртараптандыруға басымдық бере бастаған. Аяқ су мәселесі қат болып тұрған шақта бұл бастамасы ақылға қонымды дүние.
Мақпалкөлде 1 серіктестік 10 ша­руа қожалық егін ша­руа­шы­лығымен айналысады. Олар бүгінде 4021 гектар жерге егін егіп отыр. Оның 1 896 гектарына Сырдың басты да­қылы күріш себілген. Мұнан бөлек 1 135 гектар ескі жоңышқа күтімге алы­нып, 492 гектар жаңа жоңышқа егіл­ген. Шаруашылықтар биыл 84 гектар алқапқа жаздық бидай және 414 гектарға мақсары дақылын сеуіпті.
Егінді әртараптандыру бағытында былтыр жергілікті «Ер-Әлі» шаруа қожалығы бірнеше гектарға картоп, қызылша, сәбіз еккен еді. Төрағасы Әліби Бекжанов одан алған өнімді апта сайын жәрмеңке ұйымдастырып, аудан және аймақ жұртына арзан бағада ұсынған болатын.
Жалпы, атпал азаматтың елім деп қолға алған жобаларының игілігін бүгінде ауыл халқы көріп отыр. Бұған дейін ауылда жалпы құны 15 млн теңгеден асатын балалар ойын алаңын салып берген еді. Қазір ауыл балаларын іздесеңіз, сол жерден табасыз. Мұнан бөлек ауылдағы бірнеше отбасына үй салып берді. Ауылдағы алтын ұяда білім алып жатқан жастардың ішінде озат оқушыларға шәкіртақы төлейді. Тізе берсек, Әліби Бекжановтың ауылға жасап жатқан жобаларын жазуға көп уақыт кетеді. Бастысы, оның барлығы бүгінде елдің игілігіне жарап тұр.
Биыл «Ер Әлі» шаруа қожалығы тамшылатып суару арқылы 12 гек­тарға бақша дақылдарын орна­лас­тырыпты. Оның ішінде 7,5 гектарына картоп егілсе, 2,6 гектар жерге қауын-қарбыз, 1,9 гектар алқапқа сәбіз егілуде. Биыл да жергілікті шаруа­шылық алажаздай баптаған сапалы өнім нарыққа шығады.
Ауылда мал шаруашылығы да қарқынды дамыған. Бүгінде Мақпал­көлдегі мал шаруашылығымен айна­лысатын кәсіпкерлерде 545 бас мүйіз­ді ірі қара, 206 бас жылқы мен бірнеше түйе бар. Ал ауылдық округ­тің жеке отбасыларында 1 903 бас мүйізді ірі қара, 512 бас жылқы, 4 114 бас уақ мал мен 40 бас түйе бар екен.
Жалпы, ауыл халқы қай істе де ауызбіршілікті, ынтымақты ту етеді. Біз айтып отырған жобалардың сәтті жүзеге асуына да басты себеп осы ма дедік. Шаруасы шираған ауылда береке бар, тындырымды іс бар, бірлігі болса да мығым. Бақ осындай елге қонатынын бұрынғылар да айтып кеткен ғой, ал біз соған бүгінгі сапарда көз жеткіздік.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: