Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Сейсенбі, 26 қараша, 04:20

Президент жас министрлер туралы пікір білдірді

17.06.2023

372

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы уақытта мемлекеттік аппараттың жұмысына қатысты сын-пікір жиі айтылатынын назарға алып, елдің басқару жүйесін жаңғырту бағытында нақты шаралар қабылданып жатқанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Мен қоғамда мемлекеттік аппараттың жұмысына қатысты біраз сын-пікірлер бар екенін білемін. Олардың басым көпшілігі орынды. Қазіргі таңда біз мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Негізгі міндет – жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтіп, мемлекеттік қызметшілерге көбірек дербестік беру», деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгертуге баса мән беру маңызды.

«Бұдан бөлек, аудан және ауыл әкімдерін сайладық. Облыстық мәслихаттарға сайлау аралас жүйе арқылы, ал аудан мәслихаттарына тек бір мандаттық қағидат бойынша өтеді. Алдағы жұмыс – ауқымды. Біраз уақыт қажет екені түсінікті. Ең бастысы, біз мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгертуге баса мән беруіміз қажет. Олар туған-туыстарының арасында не болмаса қоғамда абырой-беделге ие болуды емес, ең алдымен, халыққа, елге адал қызмет етуді мақсат тұтуға тиіс. «Адал азамат» дегеніміз – осы», деп нақтылады Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Осы тұста Президент соңғы кездері бірқатар кадрлық өзгеріс жасағанын тілге тиек етті. Мемлекет басшысының айтуынша, ең алдымен барлық шенділердің іскерлік қабілеті мен тәжірибесі ескеріліп, ешқандай науқаншылдыққа жол берілген жоқ.

«Бұл ретте, ешқандай науқаншылдыққа, мемлекеттік қызметшілерді, жоғары лауазымды тұлғаларды жаппай қызметтен босатуға жол берілген жоқ. Ең алдымен, олардың іскерлік қабілеті мен тәжірибесі ескерілді. Сондай-ақ жас, білікті азаматтар бірқатар маңызды министрліктің тізгінін ұстады. Әрине, олардың тәжірибесі, соның ішінде өмірлік тәжірибесі аз екені сөзсіз. Бірақ бұл – уақытқа байланысты мәселе. Бастысы, олардың бойында еліміздің жарқын болашағы үшін адал қызмет етуге қажетті білім, ерік-жігер бар», деп қосты ел Президенті.

Бұл ретте Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілердің бойында қандай қасиеттер болу керектігін де айтты.

«Басшылық құрамды жаңарту жұмысы жалғасын табады. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, министрлердің, әкімдердің және басқа да мемлекеттік қызметшілердің бойында негізгі екі қасиет болуы керек. Бұл – профессионализм, яғни нағыз маман болу және отаншылдық. Ал, олардың Президенттің жеке басына адалдығы мен үшін маңызды емес. Мемлекет басшысын мадақтаудан гөрі жұмысты адал атқарып, халықтың алдында абыройлы болу әлдеқайда маңызды. Барлық мемлекеттік қызметшілерге осыны айтқым келеді. Сондай-ақ жасалған реформалардан кейін Қазақстан Президенті мемлекеттік басқарушы, яғни Конституцияда көрсетілген 7 жылдық мерзімге халықпен өзара келісімшартқа отыратын менеджер ретінде қызмет етеді. Президент – әулие емес, халықтан биік тұлға емес», деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: