Бүгінде жалағаштықтар табыстың тетігі кәсіпте екенін жақсы түсінді. Иә, сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып, кәсіппен айналысқысы келетін азаматтардың қатары едәуір артқан. Кәсіп бастау үшін мемлекеттен қолдау да көп, тек ынта болса жеткілікті. Осы орайда кәсіппен шұғылданғысы келетін ауыл тұрғындарына «Amanat» партиясы Үкіметпен бірлесіп, «Ауыл аманаты» атты жобаны іске қосты. Бұл – Мемлекет басшысының «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында қолға алынған бастама. Аталған жобаның ауданымызда іске асырылу барысымен танысу және өзге де бірқатар сауалдарға жауап алу үшін аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбетпен сұхбаттасқан едік…
– Жасұлан Ерданұлы, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша құжаттар қабылдау қашан басталады?
– «Ауыл аманаты» жобасы бойынша құжаттарды қабылдау осы жылдың шілде айынан бастап Қызылорда облыстық «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жүргізілетін болады.
– Бүгінге дейін аудан бойынша қанша жоба қабылданды?
– Қазіргі таңда 1 млрд 50 млн теңгенің 149 жобасының құжаттары тексеріліп, ұсынуға дайын тұр.
– Оның қаншасы қай бағыттағы кәсіп түрі?
– Негізінен «Ауыл аманаты» жобасы бойынша қаржыландыру бес бағытта жүргізіледі деп жоспарлануда. Бірінші өңдеу саласына қатысты жобалар, мысалы, жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы, екінші өсімдік шаруашылығын дамыту, үшінші ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау, төртінші мал шаруашылығын дамыту бойынша және басқа да бағыттағы бизнес жобалар болып табылады. Жинақталған жобаларды саласына бөлетін болсақ, өңдеу саласына қатысты 9 жоба, оның ішінде сүт өңдеу 1 жоба, жылыжай 2 жоба, ет өңдеу 6 жоба, өсімдік шаруашылығы саласына қатысты 2 жоба, мал шаруашылығы саласында 132 жоба, басқа да салалар 6 жоба бар.
Сонымен қатар зәкірілік кооперацияны дамыту бағытын өңдеу, өсімдік, мал шаруашылығы салаларына қатысты жобаларды ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне біріктіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта 7 кооператив құрылды. Нақтырақ айтсақ, Аққұм ауылынан 1, Таң ауылынан 3, Жалағаш кенті, Аққұм, Аққыр, Есет батыр ауылдарынан 1 кооператив тіркелді. Кооперативтердің біреуі сүт өңдеу бағытында, алты кооператив ет өңдеу бағытында жұмыс жасайтын болады.
– Дайындалған жобалардың қаншасы ауылдық елді мекендерге тиесілі?
– Иә, бағдарламаның негізінен ауыл азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталғаны белгілі. Сондықтан біз барынша ауыл азаматтарын кәсіппен айналысуға үгіттеп, осындай бағдарламаларға қатысуға жәрдемдесеміз. Жалпы, дайындалған 149 жобаның 105 жобасы ауылдық елді мекендерге тиесілі.
– Қай елді мекендерде бағдарлама шеңберінде құжаттар өткізуде белсенділік бар, қай ауылдар төмен деңгейде?
– Бір қуантарлығы, бүгінде әсіресе ауыл азаматтарының кәсіп ашуға ынтасы басым. Сол себепті олар мемлекеттен қандай да бір қолдау болса, соған қол жеткізуге тырысады. Біз де қол қусырып отырмай, шалғай ауылдардағы азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Нәтижесі жаман емес. Барлық ауылдық округтерде белсенділік бар.
– «Ауыл аманаты» жобасы аясында қаржылай қолдауға ие болу үшін қандай талаптарды орындау қажет?
– Жобаға қатысуға кез келген адам өтініш бере алады. Ұсынылған бизнес жоспардың қажеттілігі, тиімділігі ескеріле отырып, шешім қабылданады. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде бұл жоба қатысушыларына 2,5 пайызбен несие беру көзделуде. Егер мал шаруашылығын қолға алғыңыз келсе, 7 жылға, ал басқа кәсіпті нәсібіңізге айналдырар болсаңыз 5 жылға дейін беріледі. Тек бір шарты бар. Үйіңізді кепілге қоясыз. Сондай-ақ жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі, несие тарихы дұрыс болуы міндетті.
– Бағдарлама шеңберінде берілетін қаражаттың көлемі қанша?
– Жеке кәсіпкерлерге 8 млн 600 мың теңге, ауыл шаруашылық кооперативтеріне 27 млн 600 мың теңгеге дейін беріледі.
– «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен несие алғандар бар ма?
– Құжаттарды қарау енді басталатын болғандықтан, жоба аясында әзірге несие алған азаматтар жоқ.
– Жоба шеңберінде несие ең әуелі қай санаттағы азаматтарға беріледі?
– Жоғарыда айтқанымдай, жобаға қатысуға кез келген адам өтініш бере алады. Десе де ең әуелі жұмыссыздардың, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы мүшелерінің жобалары қаралады.
– Облыс бойынша бұл жобамен кәсіп бастаймын дегендерге жалпы құны қанша қаражат қаралған?
– Аталған жобаны жүзеге асыруға аймақ бойынша жалпы құны 3 млрд теңге қаражат қаралған.
– 2,5 пайызбен несие үлестіретін бұл жоба бойынша түсіндірме жұмыстары жүріп жатыр ма?
– Бағдарламаны іске асырудың маңыздылығы ең алдымен халықтың табысын арттыруға, сондай-ақ экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамытумен ұштасқан нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталғандықтан ауыл тұрғындарының жоба игілігін көруге бағыт-бағдар беру – біздің міндетіміз. Осы орайда бүгінде ауданда құрылған жұмысшы топ арқылы ауылдарды аралау жұмыстары жүргізіліп, бағдарламаның мақсат-мүддесін халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында ақпараттық бағытында іс-шаралар атқарылуда.
– Үміткерлер мақсатын айтса, жобасын дайындауға көмектесесіздер ме?
– Әрине бағыттар бойынша бөлім арқылы сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі.
– Ауданда қаражатты кімдер үлестіреді?
– Қызылорда облыстық «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы үлестірілетін болады. Ал ауданда жұмысшы орган аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі болып белгіленді.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Жандос Махмұтұлы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!