Ағылшын жазушысы Бернард Шоу «Қолынан іс келетін адам жасайды, келмейтін адам үйретеді» дейді. Рас, қолынан іс келетін адам үшін арман-мақсатын жүзеге асыруға ештеңе кедергі бола алмайды. Тек қарым-қабілет пен ынта-жігер ұштасса болды. Бүгінде істің қиюын келтіріп, кәсібінен нәпақасын тауып жүрген жандарды көргенде ерекше қуанасың. Ауыз толтырып айтуға оңай болғанымен, кәсіп ашып, оны одан ары дөңгелентіп әкету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені қандай да бір істі бастар жолда кездесетін кедергілер мен қиындықтарға төтеп беру ерік-жігердің күштілігіне байланысты.
Ниеттен туған құлшыныс кезіккен қиындықтардан өтуге серпін береді. Адам бойындағы тынымсыз еңбек, талпыныс, ізденіс арманға жетуге үздіксіз жетелеп, түбінде мақсаттың шыңына шығарады. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен осындай талабы мен табандылығын бір арнада тоғыстырып, кәсібін шалқытып отырғандар көп-ақ. Біздің өңірде де кәсіпкерлік саласына тың идеялар әкеліп, дамуына серпін берген кәсіп иелері баршылық. Солардың бірі – Мәдениет ауылының тұрғыны, кәсіпкер келіншек Ақмоншақ Төлеген. Онымен әңгімелесіп, кәсібінің қыр-сырын білу үшін арнайы іздеп барған едік.
Мәдениетке табан тірегенімізде бұл ауылда тындырымды тірлік барын байқадық. Әсіресе ауыл тұрғыны Ақмоншақ Төлегеннің кондитерлік дүкенінде кезекте тұрғандар көп екен. Біз барғанда арнайы тапсырыспен кондитерлік өнімдер пісіретін кәсіпкер жұмыс үстінде жүрді.
Ақмоншақ – қайтарымсыз грантқа ие болып, мемлекет қолдауын көргендердің бірі. Кәсіп иесінің кондитерлік бұрышында сіз іздеген тәттінің бәрі бар. Тоқаш, торттың түрлері, бәліш пен тәттілерді, самса, пицца және нан өнімдері тағы не дейсіз, бәрі-бәрі осында.
Ауыл тұрғындары-ақ кәсіпкердің жұмысын қыздырып тұр. Әсіресе жаз айларында тапсырыс көбейеді екен. Тәтті өнімдерді қолдан пісіретін Ақмоншақтың жоспары да жоқ емес. Алдағы уақытта кондитерлік кәсібін кеңейтіп, дамытуды қолға алмақ.
– Алғашында болашақтағы кәсібімді қалай бастаймын, қалай дамытамын және оның пайдасы жөнінде көп ойландым. Қайтарымсыз грантқа ие болған кезде алдын ала жоспарланған істерімді лезде бастап кеттім. Қазір кішігірім кондитерлік кәсібім жұмыс істеп тұр. Мен кәсібім аясында өзімнің тәжірибемді жетілдіре түстім дей аламын. Бұған дейін де тәттілер пісіруде өзімнің қабілетім, тәжірибем де болды. Осында тұрмысқа шыққан соң бұл қолымнан келіп тұрған қабілетімнен қол үзіп қалғым келмеді. Сұраныс бар, көріп тұрғаныңыздай, азық-түлік дүкенімнің де саудасы жақсы. Пісірген тәттілерімді, торттарымды, жасаған сусындарымды осы дүкеніме сатылымға қоямын. Ауыл адамдарының да дені үйренген, пісірген өнімдерімді сүйсініп тұрып сатып алады, – дейді Ақмоншақ.
Кәсіпкер келіншекпен әңгіме үстінде жас та болса жан-жақтылығына, табандылығы мен ізденімпаздығына таңданғанымыз рас. Өйткені келіншек дүкенінің жұмысын, пісіретін тәттілері мен дайындайтын салқын сусындарын үлгертіп қана қоймай, той-томалақ, мерекелік кештерді безендіруді, тапсырыспен тұсаукесер, қыз ұзату, құдалық сынды мерейтойларға арналған тойбастарлар жасауды да қолға алыпты.
– Бұл әрине оңай емес қой. Келін болғасын үй тірлігін, дүкеннің келушілерін, кондитерлік жұмысыммен қатар тапсырыспен безендіруге, тойбастар сыйлықтарын жасауға уақыттың тығыз екені анық. Бірақ жаспыз, ниет болса, үлгеруге болады. Қосымша қолға алған жұмысым бойынша қазірдің өзінде бірнеше тапсырыс алып үлгердім, шүкір, ойдағыдай жасап жатырмын. Бастысы, тапсырыс берушілерден алғыс алып жатырмын. Соған қарағанда жасаған жұмыстарым сұранысқа сай деп есептеймін, – деген кейіпкеріміз мұнымен тоқтап қалмайтынын да жасырмады.
Ол мемлекеттен қолдау болса, кәсібінің көкжиегін әлі де кеңейтуге ынталы. Шынтуайтында, кез келген іскер келіншек өз ісінде биіктен көрініп, жетістікке жетуді қалайды. Ал оған қалай қол жеткізуге болады? Әрине оған алдымен үлкен еңбек керек. Кәсіп бастар алдында жоспар құру, қажетті қаражатты табу – үлкен іс. Кәсіпкер келіншек тапсырысының көптігіне қарамастан көтеріңкі көңіл-күймен жүріп-ақ барлығына үлгереді. Себебі сүйікті ісіңмен айналысу ешқашан адамды шаршатпайды. Тек еңбектену керек. Ақмоншақтың қазір тұрақты тұтынушылары да бар. Кондитерлік өнімдер сөресіндегі торттардың бағасы 3500-7000 теңге аралығында. Кәнігі «Медовиктен» бастап, «Қызыл барқыт», «Вупипай», «Бисквитті» торттарды кезіктіресіз. Біз барған кезде дүкеніндегі мұздатқышын жаздың ыстық күндері сұранысқа ие салқын сусындарға толтырып қойыпты. «Алыстан ат терлетіп келіпсіздер, салқын судан ішіңіздер» деген соң Ақмоншақтың өз қолымен дайындаған сусынының дәмін көрдік. Расын айту керек, «Лайм», «Мохито» деп аталатын салқын сусындарының дәмі кәнігі дүкендерде сатылатын сусындардан артық демесеңіз, кем емес. Аядай ауылда отырып, қаншама тірліктің басын құрап, келістіріп, үлгертіп отырған келіншектің адам жатырқамайтын ашық мінезімен сүйсінткені тағы бар.
Әңгіме арасында кейіпкердің оқу орнын сұрап, негізгі мамандығынан да хабардар болдық. Ақмоншақ Төлеген Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін Қаржы мамандығы бойынша Экономика және бизнес бакалаврын тәмамдаған. Мұнымен қоса Әскер кафедрасын қаржылық қамтамасыз ету мамандығын алған запастағы офицер. Негізгі мамандығы бойынша жұмыс жасағысы келгенімен ауылда мүмкіндік болмағанын айтады. Сол себепті кәсіпке бетбұрып, тәуекел еткен.
Қысқасы, кейіпкеріміз – алдына мақсат қойып, қабілеті мен мақсатын бір арнаға тоғыстырған жан. Ауыл көлемін айтпағанда, Ақмоншақтың өнімдеріне көрші ауылдардан тапсырыс түсіп жатады. Бастысы, халықта сұраныс, кәсіпкерде ынта-жігер бар. Жас та болса үлкен істі дөңгелентіп отырған Ақмоншақтың ісіне береке берсін дейміз.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!