Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

17°C

, Бейсенбі, 19 қыркүйек, 21:43

Қазақстан барысы: Тоғызыншы чемпион

04.07.2023

320

0

Жексенбіде Астана күніне орайластырылған қазақ күресінен «Қазақстан барысы – 2023» республикалық турнирінің жеңімпазы анықталды. Елдің әр аймағынан жауырыны жерге тимеген кіл мықты палуандар жиналған доданың тартысты өтетіні сөзсіз.

Жалпы, қазақ күресінен респуб­ли­калық турнир 2011 жылдан бері тұрақты негізде ұйымдастырылып келеді. Әр өңірден іріктеу кезеңдерінен өткен екі спортшыдан қатысты, олар абсолютті салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Биыл қатысушылардың жалпы саны – 41 палуан, оның ішінде «Әскер Барысы» күш құрылымдары арасындағы турнир­дің және өткен жылғы іріктеудің жеңім­паздары да болды.
Биыл ХІІ-ші рет ұйымдастырылып отырған «Қазақстан барысы» респуб­ликалық турниріне әлем елдері көз тіккен дүбірлі додаларда ұлт намысын, ел мәртебесін биікке көтерген нар тұлғалы балуандарымыз Қазақстан барысы Мақсат Исағабылов, Еламан Ерғалиев, Айбек Серікбаевтар Сыр елінің сенімін арқалап, шеберліктерін сынға салды. Өкініштісі «Бақ шаба ма, бап шаба ма» демекші, палуандарымыздың асығы ал­шысынан түспеді.
Финалдық белдесуде Маңғыстау облысының палуаны Нұрдәулет Жарыл­ғапов пен күштік құрылымдар арасында өткен «Әскер барысы» турнирінің жеңім­пазы Ғалымжан Қырықбай күш сы­насты. Ақтық күрес өте тартысты өтті. Әрине, турнирдің жеңімпазы ата­нуды ниет еткен екі мықтының кү­ресі қызықты болары анық. Десе де екі палуанның арасынан жеңімпаз анық­талды. Осылайша «Алтын белбеу» мен 25 миллион теңге қаржылай сыйақы Ғалымжан Қырықбайға бұйырды. Ал «Қара Бура» лақап атымен танымал палуан Нұрдәулет Жарылғапов «күміс белбеуді» місе тұтты.
Үшінші орын үшін белдесу Павло­дар облысының палуаны Мұхтар Дә­лел­ханұлы мен «Әскер Барысы» тур­нирінің жеңімпазы Марат Байка­муров арасында өтті. Белдесу нәтижесі бойын­ша Мұхтар Дәлелханұлы қола белбеу иегері атанды.
Иә, турнир өте жағары деңгейде ұйымдастырылған. Барлығы қазақы үлгіде нашықталған. Турнирдің бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ болса, сондай-ақ серіктестер қатарында «Sport Qory» спортты қолдау қоры және «Сәтті Жұлдыз» АҚ бар.
Еліміз егемендік алғалы дәстүрлі спорттық ойын түрлері жаңаша серпін алды. 1991 жылдан бастап респуб­ли­калық чеспионаттар мен біріншіліктер жыл сайын өткізілетін болды. Иә, күрестің ұлттық түрі қазақ күресінің даму тарихы қазақ халқының тамыры тереңнен тартылатын тарихымен тұтасып жатыр. Түрлі басқосулар мен түрлі мерекелік тойлар осы спорт сайысынсыз өткен емес. Күші басым түсіп, жеңіске жеткен балуандар халықтың төбесіне тұтар құрметті адамына айналған. Қазақтың ұлы батыры Қажымұқан есімі қазақ халқының тарихына ғана еніп қойған жоқ, сонымен бірге спортшылардың әлемдік элитасының қатарына енді.
Қазақ елі үшін тағы бір қуанышты жаңалық, Қазақ күресі халықаралық олим­пиада ойындарының тізіміне енуі мүмкін. Бұл туралы «Қазақстан ба­рысы» қорының ресми өкілі Диас Ахметшәріп айтып берді.
– Қазақстан барысы» турнирін ха­­­лық­­­аралық деңгейге шығару бо­йын­­­ша бүгінге дейін ұлттық спорт түр­­ле­рін кеңінен дәріптеп келеміз. Мы­салы, жапондықтардың сумо кү­ресі, татарлардың белдесу күресі, ал бізде қазақ күресі бар. Біздің басты мақ­сат – қазақ күресін Олимпиада бағдар­ламасына енгізу. Бүгінде қазақ күресі елімізбен қатар алыс-жақын шетелде танымал. «Қазақстан барысынан» бөлек Еуразия және әлем барысын өткізіп келеміз. Қазақ күресін халықаралық аренаға шығаратын уақыт келді. Қазір бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. Мүмкін 2028 жылы, мүмкін 2032 жылы болып қалар, – деді ол.
Жалпы, қазақ күресі адам денсау­лығына пайдасы зор. Мәсе­лен бұл ойын адамның денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, ба­тыл­дылыққа, ептілікке, керек кезін­де тез ойланып, әдіс таба білуге ма­шық­тандырады. Қазақша күрес күш жетілдіретін спорт. Сонымен қатар ол қорғанудың ұлттық өнері. Қазақша күресте адам өзін еркін ұстап, өз бойын­дағы күшін, әдісін түгел пайда­лана алады, мұнда шалу, жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқтың басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістердің бәрін де қолдануға болады. Палуандар кі­лем үстінде, арнаулы жазық жерде, тегістегі қар үстінде белдесіп күресе береді. Ойынның ережесі бойынша қимыл үстінде адамға зақым келтіре күш жұмсауға, дөрекілік жасауға бол­майды. Күрес бір жақтың талассыз жығылуымен және жауырыны жерге тигізілуімен аяқталады.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: