Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:11

Техникалық базасы жаңарды

22.07.2023

389

0

Жаз айының басында Абай облысындағы Семей орманында тұтанған өрт бақылаудан шығып, 15 адамның өмірі қиылған болатын. Елді есеңгіреткен тілсіз жау қиындықпен тұсауланғаны белгілі. Өрт және оның қайғылы зардабы жайындағы мәселе орман шаруашылығы саласында ғана емес, одан да тереңде жатқанын тағы бір айқындап берді. Жасыратыны жоқ, былтырғы Қостанай облысындағы өрттен сабақ алмағанымыз көрінді. Жемқорлық, салғырттық, сәйкесінше техника жоқ, жалақы аз, маман жеткіліксіз, осының барлығы өрттің өрбуіне себеп болды.

Кең байтақ еліміздің аумағы үлкен бол­ғанымен, Қазақстанның орман қоры шектеулі. Сондықтан аз ғана ор­ман қорын сақтау мемлекет үшін аса маңыз­ды міндет, азаматтық парыз болып табылады. Еліміздің мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 29,8 миллион гектар болса, Жа­лағаш орман қорының аумағы 769 482 гектарды құрайды.

Иә, табиғатты аялау, оны ұрпақтан ұр­паққа аманат ету – баршамыздың па­ры­зымыз. Осы орайда еліміздің эко­ло­гиялық жағдайын жақсартуда орман ша­руашылығының қызметі ерек­ше еке­нін білеміз. Бүгінде осы салаға аймақ бас­шысы тарапынан айрықша көңіл бөлініп отыр. Оның бір дәлелді айғағы кеше аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің орманшы инспекторларына облыстық бюджеттен 95 млн теңге қаражат бөлініп, 1 дана Урал өрт сөндіру автокөлігі, 10 дана арнайы қызметтік мотоциклдің кілті табысталды.

Кешегі өткен игі шарада өңіріміздің табиғатын сауықтыру, орманды сақтау, қорғау мен толықтыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген орманшыларымызды аудан әкімі Асқарбек Есжанов арнайы құттықтады.

– Халқымызда «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналық сөз бар. Орман – біздің баға жетпес байлығымыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тал егу, орманды алқаптарды ұл­ғайту ісіне тікелей назар аударып отыр. Бұл орайда «Жалағаш ауданының ор­ман және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесінде еңбек ететін 70-ке жуық білікті де жауапты мамандар аса маңызды жұмысты адал атқарып жүргені сөзсіз. Сіздер қыстың қақаған аязы мен бұрқаған боранында, жаздың аптап ыстығында табиғаттың осынау ке­ремет сыйын көздің қарашығындай қорғайсыздар. 769 мың гектардан астам алқапты табиғи және адам қолымен жасалатын апаттардан аман сақтауда ерінбей еңбек етіп ке­лесіздер, – деді аудан әкімі.

Айта кетейік, аталған мекеменің штат­тық кестесі бойынша бүгінде 65 адам жұмыс атқарады. Мекеме қыз­мет­­­керлерінің барлығы арнайы оқу орын­­­дарын бітіріп, мамандандырылған. Ме­­кеменің материалды-техникалық ба­­­за­сында 1 Нива, 2 Уаз автокөлігі, 5 трак­­тор, 2 өрт сөндіру автомашинасы, 1 жылжымалы тұрғын вагон, 2 мініс ат­ және басқа да ағаш егу, өрт сөн­діру, жер жырту секілді түрлі жұмыс­тарға арналған техникалар, құрал-жаб­дық­тармен қамтамасыз етілген.

– Өкінішке қарай, ауданымыздың та­биғаты орман өртіне бейім. Шыны керек, тілсіз жаумен күрескеннен оның алдын алған абзалырақ. Тұрғындар соны түсінуі керек. Барлық тұрғындарға айтқымыз келетіні, табиғатты аялаңыз, сақтаңыз. Бетін аулақ етсін, де­генмен өрт бола қалса, біз тілсіз жаумен күресуге сақадай саймыз. Оған негіз де бар, көріп тұрғандарыңыздай, мемлекет барлық жағдайды жасауда, тек қызметімізді адал, кәсіби атқарсақ болды. Арнайы құттықтап, бізді жігерлендіріп жатқан аудан басшысына алғысымыз шексіз, – дейді орманшының көмекшісі Нұрлыбек Тұрғанбаев.

Жалағаш орман және жануарлар дү­ниесін қорғау жөніндегі мекемесінің басшысы Нұртай Жонтаевтың айтуынша, аудан кө­ле­­міндегі орман-тоғайларда және ша­руашылықтардың орманды ал­қап­­та­рында өрт қаупі бар кезеңдерде өрттің алдын алу, оны дер кезінде анық­тау жұмыстарына байланысты аудан әкі­мі­мен іс-шара бекітілген. Іс-шара жос­парына сәйкес, осы жылы аудандық тө­тенше жағдайлар бөлімі, Ақсу елді мекені және ерікті өрт сөндірушілердің қатысуымен 2 рет орман қоры жерлеріне өрт-тактикалық жаттығу өткізілген.

Ауылдық округтер бойынша орман­ды өрттен қорғау, заңсыз ағаш-бұта­ларды кеспеу, өз бетінше орман қо­рына иелік етпеу, өрт қауіпсіздігін сақ­­тау тақырыптарында ескертпе хат­тар та­­­ра­тылып, елді мекендердегі тұрғын­дарға, мектеп оқушыларына лекциялар оқылған.

Сонымен қатар орманда өрт қауіп­сіздігін сақтау тақырыбында жергілікті тұрғындарға 100 дана үгіт-насихат па­рақшасы таратылып, орман қоры жер­леріне өрт туралы 3 билборд және 12 дана аншлаг орнатылған. Сырдария өзенінің бойындағы өрт бақылау мұ­на­расына күнделікті кезекшілік ұйымдас­тырылып, қатаң бақылауға алынған.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: