Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Жексенбі, 24 қараша, 09:53

Білім мен біліктілік
биікке бастайды

25.07.2023

381

0

Ауданда соңғы жылдары тың серпінмен ілгерілеген бірден-бір сала болса, ол – білім. ҰБТ көрсеткіші бойынша Жалағаш жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр. Бұл тұста ұлағатты ұстаздардың еңбегі ерен. Олар шәкірт тәрбиелеуде ауқымды іс тындырды. Өйткені бүгінгі жас ұрпақ білімді болса, елдің келешегі кемел болары ақиқат. Жастардың білімді болуы жаһандық дәуірде бәсекеге қабілетті мемлекеттің негізін қалауына жол ашады.

Бүгінгі ғасыр, жаһандану дәуірі мем­лекеттерді бір-бірінен білім, ғылым, үздіксіз даму мен бәсекеге қабілеттілік арқылы ажыратып қойды. Дамушы ел­дер дамыған елдің осы жолдағы озық тәжірибелерін тұтынады. Біздің ел де қазір даму үстінде. Мақсат – да­мыған отыздыққа ену, мәңгілік ел болу. Осы тұрғыда мемлекеттік саясат­тың, қолдау мен көмектің басым бө­лігі білім саласына бағытталып, бә­секеге қа­білетті мамандар даярлауға ба­сым­дық берілуде. Әсіресе білімді ұр­пақ тәр­бие­леуде жасалып жатқан жұ­мыстың жүйесі көңіл көншітеді.

Жалпы, аймақтағы 330 мектепте 2022-2023 оқу жылының қорытындысы бойынша 11 сыныпты бітіруші 8051 түлектің 7 219-ы ҰБТ-ға қатысты. Тү­лек­тердің орташа балы 87-ні құрады. 1213 түлек 100 және одан жоғары балл жинаған. Шекті деңгейден өтпегендер саны – 223. Биыл мемлекеттік грант конкурсына 6996 түлек қатысуда. Облыс бойынша ең жоғары 137 балды Арал ауданы №220 орта мектептің түлегі алса, Қызылорда қаласының сынақ тап­сы­рушылары 134, Қазалы, Қармақшы, Сыр­дария аудандары және №9 Білім-инновация лицейінің түлектері 133 балл жинап, жоғары нәтижеге жетті. Оқу жылын 514 түлек «Алтын белгіге» және 823 түлек «Үздік аттестатқа» аяқтады.
Жаңа 2023-2024 оқу жылында 1 сыныпқа 17 543 бала келеді деп күтілуде. Оның ішінде 16 141-і немесе 92 пайызы қазақ сыныбына 8 пайызы орыс сыныбына оқуға өтініш білдірген. Сонымен бірге Мемлекет бас­шысы «Жайлы мектеп» ұлттық жо­басы аясында 800 мың орынға лайықталған білім ошақтарын салуға тапсырма бергені белгілі. Ұлттық жоба аясында облыста 2023-2025 жылдары 15 100 орынға арналған 21 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Атап айтқанда, Қы­зылорда қаласында 8, Арал ауданында 4, Қазалы ауданында 2, Қармақшы ау­да­нында 2, Жалағаш ау­данында 1, Сырдария ау­данында 1, Шиелі ауданында 1, Жаңақорған ау­да­нында 2 мектеп салынады. 10 мектеп 2024 жылы, 11 мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі деп кү­ті­луде. Бұ­дан бөлек бүгінде аймақта 6 апатты жағдайдағы мектеп бар, сондай-ақ 6 мектеп үш ауы­сымдық оқытуға көшуі мүмкін. Жоспарға сәйкес мек­тептер 2024-2025 жыл­дары іске қосылмақ.

Өзіміздің өңірге келсек, аудан педа­гогтарының жүйе­лі жұмысы мен табан­дылығы са­ланың дамуына үлкен сеп болуда. Қазіргі таңда ауданда 20 мектеп жұмыс жасайды. Ба­лаларды ыстық тамақ, киім-кешекпен қамту жайы да жолға қойылған. Қосымша бі­лім беру ұйымдары да аудандағы білім са­ла­сының қарқын алуына, оқу­шы­­лардың мектеп қабырғасындағы бі­лім­ін жетілдіріп, өнерге, түрлі үйірмелерге баулуға да жұмыс жасап келеді. Аудандағы 1 оқушылар үйі, 1 өнер мектебі және 2 спорт мектебі бүгінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға жұмыс істеп тұр. Кенттегі және ауданға қарасты бар­лық білім ошақтарында кемел келешектің тұтқасы дарынды жас­тар тәрбиеленуде. Олардың әрбіріне ар­тылатын сенім бар. Өйт­кені бүгінгі жас – ұстаз еңбегін ақтайтын шә­кірт, ата-анасы үміт артқан пер­зент, қоғамға пайдасын ти­гі­зетін тұлға. Өт­кен оқу жылындағы елеу­лі жаңалық оқу­шылар үйінің және өнер мектебінің жаңа ғимаратының пай­далануға берілуі болды.

Биылдың өзін­де салада айтарлықтай жетістік бар. Мамыр айында білім са­ласының ардагері С.Нұртаев атын­дағы 9-10 сынып оқушыларына ар­налған Қаз­ақстан тарихы пәнінен рес­­публикалық олим­пиаданың респуб­ликалық кезеңі өткен болатын. Білім бәйгесінің нәтижесі бойынша 9 сынып оқушылары арасында жүлделі ІІ орын­ды №33 орта мектептің оқушысы Нұрай Ерболқызы алып, 50 мың теңге сыйақы мен арнайы дипломға ие болған. 10 сы­нып оқушылары арасындағы тар­тыста бас жүлдені №38 орта мектеп оқушысы Абдраман Мұхаммед иеленіп, арнайы диплом мен 100 мың теңге сыйақыға қол жеткізді. Сонымен бірге 7-11 сынып оқу­шыларына арналған «Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасының облыстық кезеңінде «Жас қаламгер» бағыты бойынша №232 орта мектептің 8 сынып оқушысы Балқан Алфия 3 орын, «Білгірлер бәй­гесі» ба­ғыты бойынша №118 орта мек­тептің 10 сынып оқушысы Сахи Ұл­мекен 2 орын, «Бейнелеушілер» бағыты бойынша №201 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Өміртай Нұржайна 1 орын, «Әнші бұл­бұлдар» бағыты бойын­ша №232 орта мек­тептің 8 сы­нып оқушысы Исмайл Мансұр 3 орын иеленген. Ал олимпиаданың респуб­ли­калық кезеңінде №201 мектеп-ли­цейдің 10 сынып оқушысы Өміртай Нұржайна 3 орын алған. 8-11 сынып оқушылары ара­сында республикалық «Ілияс оқулары» байқауының облыстық кезеңінде «Ұлы тұлғаға арнау» бағыты бойынша №123 мек­теп-лицейдің 9 сынып оқушысы Адис Шер­хан 3 орын, «Ілияс – сөз шебері» бағыты бойын­ша №38 орта мектептің 10 сынып оқу­шысы Абдраман Мұхаммед 2 орын, «Ілияс – қазақ поэзиясының жыр құлагері» бағыты бойынша №118 орта мектептің 8 сынып оқу­шысы Жасұлан­ұлы Нұрдидар 3 орын ие­ленсе, 8-11 сынып оқушылары ара­сындағы «Әбіш оқулары» байқауының облыстық ке­­зеңінде «Иллюстрациялық сурет салу» ба­ғыты бойынша №201 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Өміртай Нұржайна 1 орын, мәнерлеп оқу бағыты бойынша №38 орта мектептің 10 сынып оқушысы Абдраман Мұ­хаммед 2 орын, зерделеу жоба бағыты бойынша №116 орта мектептің 8 сынып оқу­шысы Снасап Ақниет 3 орын, сахналық қойы­лым бағыты бойынша №38 орта мектептің 9-10 сынып оқушылары 3 орын алған.
Биылғы жылдың еншісіндегі жетіс­тік­тер қатары мұнымен толастамақ емес. Жо­ғарыдағы жақсы жаңалықтар легін «Ал­тын қазына» көркем және сән­дік-қол­дан­балы өнер бойынша респуб­ликалық көрме байқауының облыстық кезеңінде жүлделі орындардан көрінген жас таланттар жал­ғады. Олардың қа­тарында ІІ орын алған №201 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Өміртай Нұржайна, І орын алған Сыдық Жан­болат, Бектасқызы Жансая, №246 орта мектептің 10 сынып оқушысы Ал­дам­жаров Тамерлан, ІІ орын алған Мұхамеджан Айзере, ІІІ орын алған №202 орта мектептің 7 сынып оқу­шы­сы Демес Айбибі мен І орын алған №32 мектеп-лицейдің оқушысы Қайыр­бек Абдолла бар. Байқаудың рес­пуб­ликалық кезеңінде №32 мектеп-лицейдің оқушысы Қайырбек Абдолла ІІ орын иеленіп, аудан мақтаныштарының қатарын арттырды.

«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген халық. Біз атап өткен жүлделі жетістіктердің бәрінде ұстаздардың қол­таңбасы, маңдай тері, еселі еңбегі жатыр. Биыл аудан педагог­тарының лайықты же­тістігін «Жас маман – 2023» облыстық бай­қауынан І орынды еншілеген №123 мектеп-лицей мұғалімі Бекетай Наурызбай, «Жас ұстаз – 2022» облыстық байқауынан ІІІ орын иеленген №123 мектеп-лицей мұғалімдері Досқалиева Ұлжан, Ай­шық­хан Рамазан, Балхан Нұркен, Бе­кетай Наурызбай, Өмір­зақ Мақсат бар. Ал Үздік педагог рес­публикалық байқауында №123 мектеп-лицейінің мұғалімі Қосжанова Салтанат жеңіске жетті.

Жалпы, ауданның жақсы атын шы­ғарып, абырой биігінен көрсетіп жүр­ген бірден-бір жетістік – білім сала­сындағы оң нәтижелер. Ал сәт сайын жаңарып отырған ақпараттық толқынға ілесу, бәсекелестік жолдан та­бы­лу үшін білім мен тәжірибені ұдайы то­лықтырып отыру міндетті. Сонда біз заманның кез келген талабына, бәсекелік қа­бі­леттілікке және білім бәйгесінде ел мерейін асыра алатын білікті жастарды тәрбиелей аламыз.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: