Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Жексенбі, 24 қараша, 11:06

Өнегелі өмір иесі

25.07.2023

517

0

Жасы сексеннің сеңгіріне шықса да, Алла қуат берген ақжаулықты ана ұлтымызға тән асыл қасиеттердің желісін үзбей бүгінге дейін жалғастырып келеді. Қара шаңырақтың киесі болған Ұлданай апамыздың саналы ғұмырын білім саласына сарп еткенін аудан жұрты жақсы біледі. 60 жылдай білім саласында жүріп, қоғам өміріне де белсене араласты. Сол еңбек жолында ұлы мамандық иесі деген атқа лайықты болып, талай жастың қанатын қатайтты. Асылы, әрбір ұстаз ақтілеулі ана тәрізді. Барлық баланың бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі. Бұлақ көрсе көзін ашып, шәкірті өзінен асып түссе көңілі толып, бар ғұмырын балаға арнаған қарапайым да қайсар жандар – ұстаздар.

Мақаламызға арқау етіп отырған жан­ның қызмет жолындағы еселі ең­бегі бір бөлек. Ал өнегемен өрілген өмір жолы кейінгіге үлгі қыларлықтай. Сол себепті ардақты ұстаздың, сала арда­герінің өмір жолына тоқтала кеткенді жөн көр­дік.

Ұлданай Тоқпенбетова 1964 жылы жалағаштық азаматқа тұрмысқа шы­ғып, отбасылық өмірге бірге қадам бас­ты. Келіндік міндеті мен қоғамға қыз­мет етуді қатар алып жүрген ардагер ұстаз ал­ғашқы еңбек жолын 1965 жылы ин­ститут бітірісімен Таң совхозында 7 жыл­дық мектепте бастапты. Осында 2 жыл ұстаздық етіп, кейін ата-анасының өті­нішімен Жалағаш кентіндегі Ком­мунизм совхозының жанынан бала­бақ­ша ашылатын болып, партия коми­тетінің хатшысы Н.Сермаханова сол балабақшаға меңгеруші етіп жібе­реді. Ол кезде мекеме ашу өте қиын бо­ла­тын, сол қиындыққа төзе отырып, ба­лабақша ашылады. Ол тұста партия комитетінің айтқаны заң.

– Менің сонша қиындықпен ашқан жұ­мысымды көре тұра, тәжірибесі бар деп 1972 жылы қа­зіргі Элеватор жанынан балабақша ашу керек деп сол жаққа ауыстырды. Ол жақта көр­ген қиындық өз алдына бір әңгіме. Қиын­дықсыз мекеме ашылмайды ғой. Қысқасы, сол мекемеден зейнетке шық­­­тым, – дейді Ұлданай апамыз.

Иә, салада еткен еңбегінің еле­нетін тұсы да осы еді. Бір емес, екі бір­дей балабақшаның ашылуына күш сал­ған аяулы ұстаз мұнымен тоқ­тап қал­ған жоқ, ауданның көптеген ісіне бел­сене араласты. Аудандық арда­гер­лер кеңесін құруда, онан да басқа ау­дандық іс-шаралардың басы-қасында жүре отырып, ауылдарда ардагерлер ұйы­мын құрып, олардың жұмысының жандануына зор үлес қосты. Қанша қо­­ғамдық жұмыстарды атқара жүріп, от­басының да ауырт­палығын жауап­кер­шілігіне алды, ұрпақ тәрбиесіне мән берді.

Ел білетін, аудан жұрты абыройы мен еселі еңбегін бағалаған ардақты жан отбасында ата-енемен бірге тұ­рып, 9 бала тәрбиелеп, өсірді. Түзде ұс­­таздық қызметін абыроймен ат­қарса, балабақшаның да жұмысын жан­дан­дырып, өз перзенттерінің де жауап­кер­­шілігін арқалады. Қазіргі таңда ел анасының тәлімі мен тәрбиесін алып, алтын ұясынан түлеп ұшқан шәкірттері де, отбасы, ошақ қасында тағылымды тәрбиесімен сусындаған ұрпақтары да арман-мақсаттарына қол жеткізіп, елі­міздің түкпір-түкпірінде қызмет етуде.

Ұлданай апамыздың үлкен қыз­дары Ләззат пен Сара Алматыдағы Қыздар пединститутын бітірсе, Лаурасы эконо­мист мамандығын алған. Ал Үміті – дәрігер, Айнұры Астанада қызметте, Ба­қыты Қызылорда қаласында ста­тист болса, Данасы – есепші, Сара қызы Қа­зақстанның қоғам қайраткері деген кітапқа енген. Кейіпкеріміз – ұрпақ­тарымен, құда-жекжаттарымен мың жасап отыр­ған абзал ана. Әлі де ау­дан­дық іс-шаралардан шет қалған емес, тіпті аудандық ардагерлер ке­ңе­сінің мүшесі.
– Денсаулығым жаман емес, қо­ғам­дық іс-шаралардан қалмай ба­рып тұрамын. «Адам ұрпағымен мың жа­сайды» дейді ғой, қалған өмірімді ба­лаларымның абыройлы еңбегінің жемі­сін, нәтижесін көріп, соларға ті­лекші бо­лып отырсам болғаны, – дей­ді сала ардагері.

Талай баланы білім нәрімен сусын­датып, болашаққа қанат қақтырды. Жас мұғалімдердің білікті маман болуына септігін тигізді. Өз балаларын да жал­ған сөйлемеуге, жаман әдеттерден ау­лақ болуға, бір-біріне кішіпейіл бо­луға баулыды. Отырған ортасында та­ри­хи, танымдық әңгімелер айтып, жұрт­ты ұйытып тыңдата білетін. Білім жолы­ның қызығымен қатар қиындығы да соншалықты көп. Ерінбей, шыдам­дылық пен жауапкершілікті жанына серік еткен ұстаз атаулының ұлы ма­ман­дық иесі аталуының сыры да осында екен. Апамызбен әңгімелесіп отырып «Ұстаз алдында отырған ба­ла­­лардың барлығы тұлға болып қалыптасады. Бірі ұстаз жолын қуар, бірі ақхалатты абзал жан болар, енді бірі халық үшін қызмет етер, әйтеуір бәрінің де білікті ұстаздың арқасында өмірден өз орнын, бағытын табары сөзсіз. Ана бала алғыр екен, ал мына бала үнсіз тыңдап, соңында сұрақтың жауабын дөп басып айтып отырады. Әйтеуір бір-бір мамандық иесі түлеп ұшты ғой» деген сөзі келді.

Халқымызда «тарихты тұлғалар жа­­сайды» деген тағылымды сөз бар. Бү­гінде ұлағатты ғұмыр иесінің ұр­пақ­тары өсіп-жетілді, бір-бір әулеттің тү­тінін түтетті. Олардан тараған ұр­пақтар да іргелі әулетті көпшілікке танытып, түр­лі салаларда нәтижелі еңбек етіп жүр. Ұлданай апамыз – осындай өне­гемен өрілген өмір жолында тоғыз ба­­­­ланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген ал­тын құрсақты ана. Бүгінде сол пер­зент­терінен немере-шөбере сүйіп отыр. Расында кейіпкеріміздің өмір жолы, әсі­­ресе салаға сіңірген еңбегі жастарға үлгі.

Нұр НАУАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: