Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Бейсенбі, 26 желтоқсан, 06:11

Бар жақсылық балаға

26.07.2023

271

0

Жаз – жарқын мезгіл. Жайрандаған жазда балалардың қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас естеліктері жазғы демалыс лагерінен бастау алары сөзсіз. Оқу жылы аяқталысымен мектеп оқушылары жазғы сауықтыру лагеріне асығады. Аудан сыртындағы және мектеп жанындағы лагерлерде балалардың демалыстарын тиімді өткізуге білім бөлімі және лагерь басшылары мен тәлімгерлер атсалысып, бар күш-жігерлерін салуда.

Жазғы демалыс маусымы – балалар үшін айрықша қуанышты сәт. Өңірде балалардың демалысын тиімді өткізу, оларды лагерьмен қамту – жыл сайынғы дәстүрге айналған шара. Жалағаш кентінің іргесіндегі «Ақтерек» сауықтыру лагері жиырма жылдан астам уақыт бойы мектеп оқушыларына қызмет көрсетіп жүр. Биылда тынығу орталығы балаларды ыстық ықаласпен, көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды.

Лагерь – тек балалардың тыны­ғып, сауық құратын мекені ғана емес, өскелең ұрпақ үшін маңызы зор тәрбие ошағы болып есептеледі. Жалпы лагерь – әртүрлі жарыстарға қа­ты­сып, баланың ашылмай жүрген талантын, белгілі бір қабілетін ашатын орын. Сондай-ақ лагерь балалар ден­саулықтарын нығайтып, дене тәр­биесін шыңдап, күш жинауға, білімін то­лық­тырып, жаңа достар тауып, жаңа ортамен тіл табысып, бойында көпшіл мінез қалыптасуына ықпал жасайды.

«Ақтерек» сауықтыру лагеріндегі алғашқы маусымның ашылу сал­тана­тына қатысқан аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы өз сөзінде: «Бар жақсылық – балаларға. Біз балалардың бүгінгі нұрлы өмірі үшін, ертеңгі жарқын бо­лашағы үшін қолымыздан келген жақсы­лықтардың барлығын да жасаймыз. Өйткені балалардың болашағы жар­­қын болса, мемлекеттің де келе­шегі кемелдене түседі. Сіздердің міндет­теріңіз – бос уақыттарыңызды тиімді пайдаланып, саналы тәрбие, сапалы білім алу, есейіп, ер жетіп, елге қызмет ету» деп, балаға тәлімді тәрбие беруде жазғы лагерьлердің қосар үлесі зор екенін атап айтқан болатын.

«Ақтерек» лагері 1999 жылы асар әдісімен салынған ғимарат. Биылғы жылы лагерьге жәй жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, лагерь ау­мағына көркейту-көгалдандыру, сани­тар­лық тазалық жұмыстары ұйымдас­тырылып келеді.

Қазіргі таңда 80 орындық лагерь жылда 6 ауысыммен жұмыс жасап келеді. Лагерде 4 жатын ғимарат, 1 ас­хана, 1 медициналық бөлімше, 1 спорт алаңы және 1 бассейн мен 1 мә­дени шаралар өтетін орын бар. Мұнда кент және ауылдық округ­тердің білім ошақ­тарынан жиылған оқушылардың жазғы демалысын қызықты өткізу үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Жалпы тынығу лагерьлерінің өз тәртібі, ережесі бар. Тынығушыларға мұндағы әр күнін тәртіпке сай бой сергіту, ой сергіту және танымдық бағытта түрлі ойындар ұйымдастырып, танымдық-логикалық, спорттық жарыстар өт­кізіліп тұрады. Бұдан бөлек лагерде сурет, қолөнер, робототехника, полиг­лот және өрт қауіпсіздігі үйірмелері жұмыс істейді.

Жалпы, биылғы маусымда «Ақ­­терек» сауықтыру лагеріне 6 ауысымда 442 бала, мектеп жанын­дағы күндізгі тынығу лагерлеріне 2028 бала, облыстан тыс лагерьлерде 150 бала демалса, аудан кәсіпкерлері мен демеушілердің есебінен аз қам­тамасыз етілген 170 бала Жаңа­қорған ауданындағы «Талдысу» лагеріне жіберілді. Бұдан бөлек «Қа­зақстан қоры» арқылы Алматы қаласына – 20 бала, Республикалық «Бал­дәурен» лагеріне Шымкент қа­ласына – 25 бала. Сондай-ақ 2300 баланы Түркістан қаласы мен Қорқыт Ата мемориалды кесенесіне та­рихи-танымдық экс­кур­­сияға апару жұмыстары ұйымдастырылды.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: