Жаз – жарқын мезгіл. Жайрандаған жазда балалардың қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас естеліктері жазғы демалыс лагерінен бастау алары сөзсіз. Оқу жылы аяқталысымен мектеп оқушылары жазғы сауықтыру лагеріне асығады. Аудан сыртындағы және мектеп жанындағы лагерлерде балалардың демалыстарын тиімді өткізуге білім бөлімі және лагерь басшылары мен тәлімгерлер атсалысып, бар күш-жігерлерін салуда.
Жазғы демалыс маусымы – балалар үшін айрықша қуанышты сәт. Өңірде балалардың демалысын тиімді өткізу, оларды лагерьмен қамту – жыл сайынғы дәстүрге айналған шара. Жалағаш кентінің іргесіндегі «Ақтерек» сауықтыру лагері жиырма жылдан астам уақыт бойы мектеп оқушыларына қызмет көрсетіп жүр. Биылда тынығу орталығы балаларды ыстық ықаласпен, көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды.
Лагерь – тек балалардың тынығып, сауық құратын мекені ғана емес, өскелең ұрпақ үшін маңызы зор тәрбие ошағы болып есептеледі. Жалпы лагерь – әртүрлі жарыстарға қатысып, баланың ашылмай жүрген талантын, белгілі бір қабілетін ашатын орын. Сондай-ақ лагерь балалар денсаулықтарын нығайтып, дене тәрбиесін шыңдап, күш жинауға, білімін толықтырып, жаңа достар тауып, жаңа ортамен тіл табысып, бойында көпшіл мінез қалыптасуына ықпал жасайды.
«Ақтерек» сауықтыру лагеріндегі алғашқы маусымның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы өз сөзінде: «Бар жақсылық – балаларға. Біз балалардың бүгінгі нұрлы өмірі үшін, ертеңгі жарқын болашағы үшін қолымыздан келген жақсылықтардың барлығын да жасаймыз. Өйткені балалардың болашағы жарқын болса, мемлекеттің де келешегі кемелдене түседі. Сіздердің міндеттеріңіз – бос уақыттарыңызды тиімді пайдаланып, саналы тәрбие, сапалы білім алу, есейіп, ер жетіп, елге қызмет ету» деп, балаға тәлімді тәрбие беруде жазғы лагерьлердің қосар үлесі зор екенін атап айтқан болатын.
«Ақтерек» лагері 1999 жылы асар әдісімен салынған ғимарат. Биылғы жылы лагерьге жәй жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, лагерь аумағына көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстары ұйымдастырылып келеді.
Қазіргі таңда 80 орындық лагерь жылда 6 ауысыммен жұмыс жасап келеді. Лагерде 4 жатын ғимарат, 1 асхана, 1 медициналық бөлімше, 1 спорт алаңы және 1 бассейн мен 1 мәдени шаралар өтетін орын бар. Мұнда кент және ауылдық округтердің білім ошақтарынан жиылған оқушылардың жазғы демалысын қызықты өткізу үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Жалпы тынығу лагерьлерінің өз тәртібі, ережесі бар. Тынығушыларға мұндағы әр күнін тәртіпке сай бой сергіту, ой сергіту және танымдық бағытта түрлі ойындар ұйымдастырып, танымдық-логикалық, спорттық жарыстар өткізіліп тұрады. Бұдан бөлек лагерде сурет, қолөнер, робототехника, полиглот және өрт қауіпсіздігі үйірмелері жұмыс істейді.
Жалпы, биылғы маусымда «Ақтерек» сауықтыру лагеріне 6 ауысымда 442 бала, мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагерлеріне 2028 бала, облыстан тыс лагерьлерде 150 бала демалса, аудан кәсіпкерлері мен демеушілердің есебінен аз қамтамасыз етілген 170 бала Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» лагеріне жіберілді. Бұдан бөлек «Қазақстан қоры» арқылы Алматы қаласына – 20 бала, Республикалық «Балдәурен» лагеріне Шымкент қаласына – 25 бала. Сондай-ақ 2300 баланы Түркістан қаласы мен Қорқыт Ата мемориалды кесенесіне тарихи-танымдық экскурсияға апару жұмыстары ұйымдастырылды.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!