Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Дүйсенбі, 30 желтоқсан, 19:41

Жалағаш жылу беру маусымына дайын

05.08.2023

287

0

Қазір қыстың қамын жаз ойламасқ, тағы болмайды. Бұған кешегі Екібастұздағы жағдай дәлел болары анық. Қақаған қыста қарапайым халық жылусыз қалса, елдің алдағы жылу маусымын уайыммен өткізетіні тағы да анық. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу үшін Жалағаш ауданы алдағы жылу беру маусымына дайындықты бүгіннен бастап кетті. Жалағаш аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Ғабит Ерболұлымен хабарласқанымызда қазірдің өзінде аудан алдағы маусымға дайын екенін айтты.

Ауданда жылытылатын 99 әлеу­меттік, бюджеттік нысан бар. Әлеу­меттік нысандардың 30-ы сұйық отынмен, 39-ы қатты отынмен, 10-ы газбен, 2-еуі электр қуатымен жылы­тылады.

Алдағы жылу беру маусымына барлық әлеуметтік және басқа да бюджеттік нысанның сұйық отын қажеттілігі 2077, қатты отын қажет­тілігі 2900 тоннаны құрайды. Бүгінге дейін нысандарда 28 тонна сұйық отын, 81 тонна қатты отын бар. Сонымен қатар 276 тонна сұйық отынға, 1429 тонна қатты отынға келісім-шарт жасалған.

Қазіргі таңда 75 әлеуметтік ны­сан жылу беру маусымына дайын. Аудан тұрғындарына қатты отын қажеттілігі 9000 тоннаны құрайды. Қазіргі таңда 350 тонна қатты отын былтырғы жылу маусымынан қалып, тұрғындардың өз қоймаларында сақ­талған. Аудан тұрғындарына жеке кәсіпкерлер 9000 тонна көмірді тамыз айынан бастап жеткізіп беруді жос­парлап отыр.

Ғабит Ерболұлы тұрғындар үшін қажетті көмірді уақытылы жеткізіп және көмірдің бағасын негізсіз өсір­меу мақсатында кәсіпкерлермен ме­морандум жасалғанын айтады. Сонымен қатар көмірді сату жүзеге асырылатын тауарлық биржалар мен оларға қарасты брокерлердің тізімдері кәсіпкерлерге ұсынылған. Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлермен көмірді делдалсыз сатып алу мақ­са­тында брокерлер арқылы көмір раз­рездерімен келісім-шартқа отыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ауданға газ келгелі жергілікті халық көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Биыл Ұлттық қордан «Нар­кескен» спорт клубының қазан­дығын газға көшіруге 14,4 млн теңге, аудандық кітапхананың қа­зан­дығын газға көшіруге 11,1 млн теңге бөлінді. Мемлекеттік сатып алу қорытындысымен екі нысан бойынша құрылыс-монтаждау жұ­мыс­тарына мердігер мекеме болып «Компания Газ Строй» ЖШС анықталды. Мердігер мекемемен 14,6 млн теңгеге және 11,2 млн теңгеге келісім-шарт жасалған.
№123, 246 мектептердің қазан­дығын газға көшіруге жобалау-сметалық құжаттар әзірлеу үшін облыстық бюджеттен 7,2 млн теңге қаржы бөлінді. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің қорытындысымен «Проект Сервис» ЖШС жеңімпаз болып танылып, 10.06.2023 жылы келісім-шарттар жасалып, жұмыстар жүргізілуде. Ақсу, М.Шәменов елді мекендерін газдандыру жұмыс­та­рына бастауға облыстық бюд­жеттен 40 млн теңге қаржы бөлінді. Құрылыс-монтаждау жұмыс­тарына мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің қорытындысымен «АЭS and Limited» ЖШС-мен келісім-шарт жасалды. Келісім-шарт құнына келсек, Ақсу 19128 мың теңге, М.Шәменов 19128 мың теңгені құрайды. Техни­калық қадағалау қызметіне мемлекеттік сатып алу рәсімдері өтуде. 2023 жылдың 20 шілдесіне Жалағаш кентін­дегі 2 561 тұрғын үй (80,9 пайызы) орталық­тандырылған газ желісіне қосылып, газ отынын пайда­лануда (Жалағаш кентіндегі тұрғын үй саны 3164).

Жалағаш ауданында білім са­ласы бойынша барлығы 23 нысан бар. Оның ішінде 20 мектептің 17-сі сұйық отынмен, 2-еуі қатты отынмен (№31, 188 мектептер), 1 мектеп (№202 мектеп) газбен жылытылады. Мектептерге жылу беру маусымына сұйық отын қажеттілігі 1581 тонна, қатты отын қажеттілігі 544 тоннаны құрайды (№31 мектеп – 280 тонна, №188 мектеп – 264 тонна). Биыл мектептерге сұйық отынға 464,5 млн теңге, қатты отынға 9,5 млн теңге бөлінді. 1116 тонна сұйық отынға (360,1 млн теңгеге) жеткізіп берушілермен келісім-шарт жаса­лып, одан бүгінге дейін 932 тоннасы алынған.

Қазіргі таңда мектептерде 11 тонна сұйық отын қоры бар және 184 тонна сұйық отын келісім-шарт бойынша алашақ. Сұйық отын сатып алуға 99 млн теңге қаржысы бар, 2024 жылдың 15 қаңтарына дейін 380 тонна сұйық отын сатып алуға қосымша 136 млн теңге қаржы қажет. Мектептерге 543 тонна қатты отынға (9,5 млн теңгеге) келісім-шарт жасалып, одан бүгінге дейін 25 тонна алынған, 518 тоннасы енді алынады.

«Ақтерек» лагеріне сұйық отын қажеттілігі 9 тоннаны, Оқушылар үйіне 22 тоннаны құрайды. «Ақтерек» лагеріне сұйық отын сатып алуға 3 млн теңге, Оқушылар үйіне 7,7 млн теңге қаржысы бар.

Индустриалды-аграрлық кол­ледж­ге қатты отын қажеттілігі 267 тоннаны құрайды. Бүгінге дейін 8 тонна қатты отын қоры бар немесе қажеттіліктің 3 пайызы болып отыр. Бүгінге дейін барлық нысандар жылу беру маусымына дайын.

Аудандағы 10 балабақшаның 6-ауы сұйық отынмен, 1 нысан («Арай» ба­лабақшасы) қатты отынмен, 3 нысан (Ақмаржан, Күн шуақ, №19 санаториялық балабақша) газбен жылытылады. Балабақшаларға жы­лу беру маусымына сұйық отын қа­жет­тілігі 226 тонна, қатты отын қажеттілігі 43 тоннаны құрайды. 2023 жылы сұйық отынға 65,6 млн теңге, қатты отынға 720 мың теңге қаржы қаралған. 145 тонна сұйық отынға (44,8 млн теңгеге) келісім-шарт жасалып, одан 91 тоннасы алынған.

Балабақшаларда 7 тонна сұйық отын қоры бар және 54 тонна сұйық отын келісім-шарт бойынша алашақ. «Арай» балабақшасында 8 тонна қатты отын қоры бар және келісім-шарт бойынша 27 тонна қатты отын алашақ. Барлық балабақша жылу беру маусымына дайын.

Мәдениет саласы бойынша 20 нысанның 3-еуі сұйық отынмен, 14 нысан қатты отынмен, 2 нысан газбен, 1 нысан электр қуаты ар­қылы жылытылады. Мәдениет нысан­да­рына жылу беру маусымына сұйық отын қажеттілігі 46 тонна, қатты отын қажеттілігі 939 тоннаны құрайды. 2023 жылы сұйық отынға 16,9 млн теңге, қатты отынға 16,8 млн теңге қаржы бөлінген. 45 тонна сұйық отынға (13,4 млн теңгеге) келісім-шарт жасалып, одан 37 тоннасы алынған. Қазіргі таңда нысандарда 2 тонна сұйық отын қоры бар және келісім-шарт бойынша 8 тонна сұйық отын алашақ. 931 тонна қатты отынға (16,8 млн теңгеге) келісім-шарт жасалып, одан 512 тоннасы алынған. Бүгінге дейін нысандарда 58 тонна қатты отын қоры бар және 419 тонна қатты отын келісім-шарт бойынша алашақ.

Биыл аудандық кітапхананың қа­зандығы газға көшіріледі. Бүгінге дейін аудандық кітапханадан, Мә­дениет ауылдық клубынан басқа нысандар жылу беру маусымына дайын. Аудан бюджетінен қаржыландырылатын бас­қа да мекемелердің жылу беру маусымында сұйық отын қа­жет­тілігі 154 тонна, қатты отын қажет­тілігі 117 тоннаны құрап отыр. 2023 жылы сұйық отынға 33,1 млн теңге, қатты отынға 2,4 млн теңге қаржы бөлінген. 98 тонна сұйық отынға (29,7 млн теңгеге) келісім-шарт жасалып, одан 71 тоннасы алынған. Қазіргі таңда нысандарда 2 тонна сұйық отын қоры бар және 27 тонна сұйық отын келісім-шарт бойынша алашақ. 37 тонна қатты отынға (699,0 мың теңгеге) келісім-шарт жасалып, оның 20 тоннасы алынған. Нысандарда 4 тонна қатты отын қоры бар және 17 тонна қатты отын келісім-шарт бойынша алашақ. Аудандағы денсаулық сақтау сала­сына қарасты 19 нысанның 3-еуі (аудандық аурухана, жұқпалы ауру­лар бөлімшесі, аудандық ем­хана) газбен, 16 нысан қатты отынмен жылытылады. Нысандарға жылу беру маусымына қатты отын қажеттілігі 770 тоннаны құрап отыр.

Биыл Жалағаш ауданында қатты отынға 15,2 млн теңге қаржы қа­ралды. 760 тонна қатты отынға (15,2 млн теңгеге) келісім-шарт жасалып, одан 340 тоннасы алынды. 420 тонна қатты отын келісім-шарт бойын­ша енді алынады. Бүгінге дейін Мәдениет, Мақпалкөл дәрігерлік емхана­ларынан, Жаңақоныс мед­пунк­тінен басқа нысандар жылу беру маусымына дайын.

Спорт саласы бойынша 9 ны­санның 2-еуі сұйық отынмен, 5-еуі қатты отынмен, 1 нысан электр қуатымен, 1 нысан (бассейн) газбен жылытылады. Спорт нысандарына жылу беру маусымына сұйық отын қажеттілігі 39 тоннаны, қатты отын қажеттілігі 220 тоннаны құрайды. Қазіргі таңда нысандарда 6 тонна сұйық отын қоры бар және 3 тонна сұйық отын келісім-шарт бойынша алашақ. 3 тонна қатты отын қоры бар және 28 тонна қатты отын ке­лісім-шарт бойынша алашақ. Биыл «Наркескен» спорт клубының қазан­дығы газға көшіріледі. Бүгінге дейін «Наркескен» спорт клубынан басқа нысандар жылу беру мау­сымына дайын екен.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: