ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров егін жинау науқанының аяқталу барысы туралы мәлімдеді. Биыл диқандар үшін оңай жыл болған жоқ. Ұзақ уақытқа созылған аптап ыстықтан кейін еліміздің негізгі астықты аймақтарында 25 күннен астам толассыз жаңбыр жауды. Нәтижесінде жауын-шашын мөлшері орташа жылдық көрсеткіштен үш есеге артық болды. Дегенмен еліміздің барлық өңірлерінде егін орағы науқаны аяқталды десе де болады.
Сонымен қатар бүгінгі таңда Үкімет осы салдарларды барынша азайту бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады. Барлық туындаған мәселені жедел шешу мақсатында министрлік жанынан жедел штаб құрылды, оған жергілікті атқарушы органдардың, мүдделі мемлекеттік органдардың, ұйымдардың өкілдері кірді. Бұдан басқа республикалық және өңірлік деңгейлерде барлық мүдделі тараптардың өкілдерімен жұмыс топтары құрылды.
– Биыл жалпы ауыл шаруашылығы дақылдары жиналатын алаң 24 млн гектарды құрады. Оның ішінде астық жиналатын алаң 17,1 млн гектарды құрайды. Биылғы егін жинау науқанына шамамен 150 мың трактор, 39 мың астық жинайтын комбайн, 14 мың орақ және 140 мың басқа техника қатысты. Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірінде астық жинау аяқталуда. Облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша орташа өнімділігі 9,7 центнер бастапқы салмақта 16,4 млн тонна астық бастырылды, оның 11,4 млн тоннасы – бидай, – деді сала министрі А.Сапаров.
Министрдің айтуынша, дәнді дақылдарды алып қарағанда бидай егілген алқап 13,4 млн гектарды құрайды, өнімділігі гектарына – 8,6 центнер, яғни 11,4 млн тонна астық бастырылған. Майлы дақылдар – 1,9 млн немесе 68 пайыз. Орташа өнімділігі 8,4 центнер болғанда, 1,6 млн тонна майлы дақылдар жиналды. Оның ішінде күнбағыстың орташа өнімділігі 11,6 центнер болып, 747 мың тонна бастырылды.
Сонымен қатар 158 мың га аумаққа егілген картоп толығымен жиналды, жалпы өнімділігі 206 центнер болып, 3,5 млн тоннаны құрады. Көкөніс дақылдары 162 мың га алаңнан жиналып, жалпы түсім 263 центнер өнімділікте 4,3 млн тоннаны құрады.
– Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жалпы жиналатын астық 16 млн тоннаны құрайды. 3 млн тонна көлеміндегі ауыспалы астық қалдықтарын ескерсек, елді нан, ұн және макарон өнімдерімен толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 4,7 млн тонна астық құйылды, оның ішінде 1,8 млн тонна – 3-сыныпты астық, – деді А.Сапаров.
Келтірілген ақпаратқа сүйенсек, егін жинау жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарына литріне 250 теңгемен 426 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. Сонымен қатар ағымдағы жағдайды ескере отырып, дәнді және майлы дақылдарды кептіруге литріне 250 теңгеден аспайтын қосымша 62,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отынын бөлу туралы шешім қабылданды.
Қазіргі уақытта облыстар операторлары астық қабылдау кәсіпорындарына және кептіру жабдығы бар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынын жеткізу және өткізу шараларын жүргізуде.
Қолайсыз ауа райынан зардап шеккен басқа қарыз алушылар тарапынан шарттар, ұсынылатын құжаттар тізбесі және міндеттемелерді қайта құрылымдау мәселелері бойынша өтініштер әлі де түсіп жатыр. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалдарының қызметкерлері осы мәселелер бойынша қажетті кеңес беру қызметін көрсетеді, міндеттемелерді жеке тәртіппен ұзартуға өтінімдер қабылдайды және қарайды.
Сонымен қатар биылғы жылдың негізгі міндеттерінің бірі – елді тұқымдық материалмен қамтамасыз ету. Бұл тұқымдар Азық-түлік корпорациясының қолда бар ресурстары есебінен қалыптастырылатын болады, бүгінде 400 мың тоннаға жуық жұмсақ бидай тұқымдық материал ретінде пайдалануға жарамды.
Қазіргі таңда облыстар әкімдіктерінің ақпараты бойынша жоспар бойынша 2 млн тонна болса, 1 505 мың тонна немесе 72 пайыз астық тұқымы себілген.
– Айта кету керек, биыл тұқымдық егістіктер құрғақ ауа райы болған кезде жиналды және бүгінде сараптама деректері бойынша дайындалған тұқымдардың 90 пайызы себу стандартының 1 және 2 сыныптарына сәйкес келеді. Сонымен қатар жоғарыда аталған барлық мәселелер министрліктің тұрақты бақылауында, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау үшін барлық қажетті шаралар қабылданып отыр, – деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!