Сәрсенбінің сәтті күні аудан әкімі Асқарбек Есжанов 7 ауылдық округте болып, жергілікті халыққа ауданда атқарылған жұмыстарды баяндады. Ауылдағы ағайын алдағы мақсат-міндеттерден де хабардар болды. Кезегі келгенде түрлі мәселелер тұрғындар тарапынан көтерілді. Әлбетте оның шешіміне алдағы уақытта тиісті жұмыстар жасалатынына күмән жоқ. Себебі сапарымызда осыған дейінгі кездесулерде көтерілген біршама мәселенің түйіні тарқатылғанын бағамдадық. Сөзіміз дәйекті болуы үшін олардың әрқайсысына тоқталып кетуге де болады. Жаңадария мен Есет батырды жалғайтын жолдың сапасы жақсарды, Аламесекте апатты жағдайдағы емхана мәселесі шешімін тапты, Аққұмда ауыз су жүйесі жаңарды, Мөрәлі Шәменов ауылында ішкі көшелер тақтайдай тегіс, бұйыртса, биыл ауылды көгілдір отынға қосу бойынша жұмыстар басталып кетті, Қаракеткенде елдің бақша салуына жағдай жасау үшін аяқ су мәселесін шешуге қолғабыс болатын жобалар жүзеге асуда. Еңбекте де еңселі жобалар жоқ емес, ал Таңдағы тындырымды тірлік айтпаса да қалың оқырманға аян.
Жол құрылысы қарқын алды
Халық алдындағы аудан әкімінің есепті кездесуі бейсенбі күні де жалғасын тапты. Таң атысымен Асқарбек Есжанов бастаған бірқатар азаматтар алдымен Аққырға аялдады. Бұрынғыдай емес, бүгінде шалғай ауылда шаруа шираған. Ішкі көшелер сапасына мән беріліп, ауылға кіреберіс жол күрделі жөндеуден өтті. Оған қазынадан қыруар қаражат қаралды, бүгінде жарқын жобаның ел игілігін көріп отыр.
«Шалғай ауылда шаруа шираған» деген сөзді жайдан-жай айта салған жоқпыз, бүгінде Аққырдағы ағайын кәсіп ашуға машықтанған. Бұл сөзімізге де дәлел жоқ емес. Мәселен, мыңнан астам халқы бар ауылда осыған дейін 84 кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, бүгінде оның барлығы 100 пайыз жұмыс жасап тұр. Айтпақшы «шалғай ауылдың халқы тек мал шаруашылығын дамытып отыр» деген түсініктен ада болыңыз. Рас, Аққыр – бұрыннан мал шаруашылығымен аймаққа танылған ауылдың бірі. Алайда ауылда бүгінгі таңда шаштараз, ұстахана сынды басқа да кәсіп түрлері қанат жайған.
Аққырда алдағы жылдары да құрылыс қарқын алғалы тұр. Мәселен, биыл 5 көшенің сапасын жақсартуға байланысты жобалар дайындалып, сараптамадан сәтті өтіпті. Жол құрылысына қатысты жобалардың барлығы қаржылай қолдау тапса, Аққырдағы ішкі көшелер 100 пайыз жаңарады деген сөз. Мұнан бөлек шалғай ауылда аяқ су тапшылығын болдырмау үшін жаңадан канал қазуға қатысты тағы бір жоба әзірленіп жатыр.
– Осыған дейін ауыз су мәселесі шешімін тауып, электр жарығымыз жаңарған. Ал соңғы 1-2 жылда ауылда жол сапасына да ерекше мән берілуде. Бүгінгі аудан әкімімен кездесуде ауылдағы ішкі 5 көшенің сапасына мән берілетінін естіп, қуанып қалдық. Бастысы, қолға алынған жобалардың халық болып игілігін көріп жатырмыз. Халық қалаулысы Әмір Шаймағамбетов те ауылдық клуб мәселесі мәслихат мінберінде көтерілгенін айтып жатыр, «көрінген таудың алыстығы жоқ» дейтін халықпыз, мәселе көтерілсе, алдағы уақытта оның да шешімі табылар. Мектебіміздің де күрделі жөндеуден өткеніне көп болған жоқ. Аудан орталығынан шалғайда болғанымен Аққырда осындай тындырымды тірлік бар, – дейді ауыл ақсақалы Төлепберген Қожахметов.
Кеше Жаңадарияға барғанда да осындай тындырымды істің куәсі болғанбыз. Кезекті сапарымызда тағы бір ауылда шаруа ширағанын бағамдадық.
Аяқ су мәселесі
шешімін табады
Жаңаталапқа осыған дейін де жолымыз түскен. Жергілікті тұрғындар есепті кездесуде аудан басшысына ауылдың әлеуетін көтеру мақсатында қолға алынған жобалар үшін алғысын айтты. Білім ошағында бас қосқан жаңаталаптықтар әсіресе алдағы уақытта ауылда аяқ су мәселесінің шешімін табатынына риза.
Мұнан бөлек биыл жалпы құны 1 млн 715 мың теңгеге ауылға кіреберіс көше бойынан арканың құрылысы жүрді. Сондай-ақ 1 млн 489 мың теңгеге қоқыс полигоны қоршалған. 525 мың теңгеге шағын балалар ойын алаңы да салыныпты.
Ауылда егін шаруашылығымен айналысатын 9 шаруашылық бар. биыл олар 295 гектарға Сыр салысын сепкен. Ауыл еңбеккерлерінің аяқ су мәселесіне қарамай ала жаздай табанды еңбек еткені көрініп тұр. Қазанның екінші онкүндігіне дейін шаруашылықтар күзгі науқанды тәмамдауды жоспарлап отыр.
Шалғай ауылда кәсіпкерлік саласы да шираған. Әсіресе бізді ауылда жұмыс жасап тұрған кәсіпорындар қатарында өсім болғаны қуантты. Ауыл әкімінің сөзіне сенсек, ауылда 52 кәсіпорын бар, бүгінде оның барлығы да нақты жұмыс жасап тұр. Келер жылы Жаңаталапта 3 мың басқа арналған құс фабрикасы жұмысын бастайды екен. Мұндай ірі өндіріс ошақтарының шалғай ауылдарда көптеп құрылғаны тиімді. Себебі бір жағынан елді мекеннің кіріс көздері кеңейсе, келесі кезекте ауылдағы ағайынға жұмыс та табылады.
Жалпы ауылда бас-аяғы 3 көше бар. Оның екеуіне асфалт төселген. Ал біреуіне асфальт төсеу үшін жобасы дайындалыпты. Жалпы құны 128 млн теңгені құрайтын жарқын жоба қаржылай қолдау тапса, Жаңаталапта жол мәселесі келер жылы 100 пайыз шешімін табады деген сөз.
Бұл ауыл да аудандағы мәдениет үйі жоқ елді мекендердің бірі екенін жақсы білеміз. Қазіргі таңда оған қатысты жалпы құны 440 млн теңгені құрайтын жоба қолға алынып жатыр. Бұйыртса, алдағы уақытта ауыл халқы жаңа нысанның игілігін көретіні сөзсіз.
– Ауылдың ауызбіршілігі бекем, жаңа аудан әкімі жақсы бір сөз айтты, «материалдық құндылықтарды біз қалыпқа келтіріп береміз, бастысы, елдің бірлігі бұзылмау керек» деді. Расында ауылда кішігірім мәселелер жоқ емес, бірақ ретімен шешімін тауып та жатыр. Ауылдық клуб құрылысына қатысты жоба қолға алынған, бір көшенің сапасына мән беріледі, келер жылы ауылда ірі өндіріс ошағы қолға алынғалы отыр. Шүкір, шалғай ауылда шаруа шатқаяқтаған емес. осының барлығы ел бірлігінің арқасы деп білемін, – дейді ауыл ақсақалы Ақарыстан Ахатайұлы.
Кәсіпкерлік саласында
серпін бар
Келесі сапарымыз кеше ғана 125 жылдық мерейтойын атап өткен мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов атындағы ауылда жалғасты.
Елді мекенде 300-ден астам отбасы бар. 1800-ден астам халық мекен еткен қайраткер атындағы ауылда алдағы жылдары да ауқымды жобалар жүзеге асқалы тұр. Былтыр да елді мекеннің еңсесін тіктейтін екпінді жобалар бұл ауылда жүзеге асқан. Биыл да Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығы аясында бірқатар жоба қолға алынды. Бүгінде оның барлығының жергілікті халық игілігін көріп отыр.
Ауыл халқының негізгі тіршілік көзі егін және мал шаруашылығы екені айтпаса да түсінікті. Сыр салысынан мол астық жиған жергілікті шаруашылықтар былтырдан бері бақша өнімдеріне басымдық берген. Мұнан бөлек бірнеше гектарды құрайтын ауылдағы алма бақ өнімдері бүгінде еліміз бойынша үлкен сұранысқа ие.
Темірбек Жүргенов ауылында бүгінде 90-ға жуық кәсіпорын бар. Тіркелген кәсіпкерлік субьектісінің қазіргі таңда 99 пайызы жұмыс жасап тұр. Бұрын елді мекенде тек егін және мал шаруашылығында жергілікті тұр-ғындар кәсібін дөңгелентсе, бүгінде сала түрленген.
Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығы, қайраткердің мерейтойы бүгінде түркі тілдес мемлекеттер арасында кең көлемде атап өтілуде. Туған жерінде де мерейтой иесінің 125 жылдығына орай бірнеше жоба қолға алынған. Солардың бірі – Темірбек Жүргенов атындағы саябақ. Бұл жобаға қазынадан 60 млн 444,9 млн теңге қаралған.
Жаздай тұрғындар мұнда талдар мен жеміс ағаштарын отырғызды. Саябақ құрылысы да қарқынды әрі сапалы жүрген. Жергілікті тұрғындардың бұл жерді жасыл желекке айналдырудағы құлшынысын баба рухына тағзым, бір жағынан құрмет деп түйдік. Қайраткер атындағы ауылда мұнан өзге де жобалар жоқ емес. Бастысы, алдағы уақытта ел игілігін көрсе дейміз. Ауылда қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов атында көше де бар. Ұзындығы 1,1 шақырымды құрайтын ішкі көшеге биыл жай жөндеу жұмыстары жүрді. Оған қазынадан 15 млн 229 мың теңге қаралған.
Ауылда қай саланы алып қарасақ та өрлеу бар, өсу бар, даму динамикасы жақсы. Әсіресе жергілікті шаруашылықтар мол астықтан тау тұрғызып, жыл сайын рекордтық өнімге қол жеткізуде. Олар бүгінде егінді әртараптандыруға басымдық беруде. Аяқ су мәселесі қат болып тұрған шақта бұл бастама ақылға қонымды.
Жергілікті халық кешегі кездесуде ешқандай мәселе көтерген жоқ. Себебі ойда жүрген мәселелердің шешіміне қатысты жобалар жергілікті билік тарапынан қолға алынған. Ауыл ақсақалдары аудан әкіміне батасын беріп, елді мекендердің еңсесін тіктеуге арналған жобаларына сәттілік тіледі.
Мұнан кейін аудан әкімінің халықпен кездесуі Мәдениет пен Мырзабай ахун ауылдық округтерінде жалғасты. Мәдениетте жол сапасы жақсы, кәсіпкерлік дамыған, елді мекендегі әлеуметтік нысандардың барлығы жаңа. Сондықтан жергілікті халық ешқандай мәселе айта алмады. Ал Мырзабай ахун ауылында ішкі көшелер сапасына қатысты бірқатар мәселе көтерілді. Алайда елдің талап-тілегі орынды екенін жеткізген Асқарбек Есжанов ауылда жол сапасын жақсарту мақсатында бірқатар жобалар қолға алынып жатқанын жеткізді. Енді қаржылай қолдау тауып жатса, тұтас ауыл халқы оның игілігін көреді деген сөз.
Ауылға көгілдір
отын кіреді
Ауданда атқарылған жұмыстардан тұрғындарды құлағдар етіп, халықтың ұсыныстарын тыңдау мақсатында елді мекендерді аралаған аудан әкімі Асқарбек Есжановтың екі күнге жалғасқан кездесуі Ақсу ауылында жалғасын тапты. Кездесу барысында алдымен өңір басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, аймақтың жағымды жаңалықтарын жеткізіп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстармен бөлісті.
Бүгінде ауылдың жағдайы жыл сайын жақсаруда, соның нәтижесінде бірқатар мәселелер шешімін тапқан. Ақсулықтардың аудан басшысымен өткен кездесулерде көтерген өзекті мәселелерінің бірі кіреберіс жолға асфальт төсеу жұмыстарын жүргізу болатын. Асқарбек Темірбекұлы бұл мәселе бойынша да тиісті шаралар қабылданып, ауылға кіреберіс аудандық маңыздағы автомобиль жолын орташа жөндеу бойынша облыстық бюджеттен 76,7 млн теңге бөлінгенін айтып, жыл соңына дейін ел игілігіне пайдалануға беруге уәде берген болатын. Кешегі кездесуде ол берген уәдесінде тұрып, кіреберіс жолға толық жөндеу жұмысы жүргізілгенін жеткізді.
Бұдан бөлек ауылға газ тарту – халықтың көптен бері көкейінде жүрген күрделі мәселелердің бірі. Осы тұста аудан басшысы Асқарбек Темірбекұлы ақсулық ағайынға көгілдір отынның игілігін көретін күн алыс емес екенін айтты. Нақтырақ айтсақ, Ақсу елді мекеніне газ тарату желілерінің және жеткізуші газ құбырының құрылысына облыстық бюджеттен 20 млн теңге бөлінген. Мердігер мекеме «AЭS and Limited» ЖШС құрылыс жұмыстарын жуырда бастайды. Аудан басшысы бұл жұмысты жіті бақылауында ұстап, жиі тексеріп тұратынын жеткізіп, ауыл тұрғындарын да бақылау жұмыстарын жүргізіп тұруға шақырды.
Сондай-ақ Ақсу елді мекеніндегі тұрғын үйлер секторының электр желілері құрылысына да республикалық бюджеттен 184,7 млн теңге қаралған. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Наз» ЖШС құрылыс монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Елді мекенде санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылып, күл-қоқыс полигонын қоршау жұмыстары жүргізілуде.
– Өздеріңіз білетіндей, ауылдағы ең өзекті мәселелер ретімен шешімін тауып, халықтың игілігіне пайдалануға беріліп жатыр. Биыл ауылға кіреберіс жол мен электр желілері, газ орнату жұмыстары жүргізілсе, келесі жылы ауылішілік көшелер күрделі жөндеуден өтіп, жарықтандыру жұмыстары жүргізілетін болады, – деді Асқарбек Есжанов.
Кездесу соңында бірлігі бекем, тірлігі көркем ақсулық ағайындар аудан басшысының жұмысына оң баға беріп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше көңіл бөліп жатқаны үшін алғыс айтып, ел игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарына сәттілік тілеп, ақсақалдар батасын берді.
Кентте кешенді
жобалар жетерлік
«Әкім – кабинетте жұмсақ креслода отырмай, елдің ішінде жүрсе, тірлік өнімді болмақ. Өз басым кабинетте отырғаннан ауданда атқарып жатқан жұмыстардың басы-қасында болуды, халықпен етене араласып, мұң-мұқтажын бетпе-бет тұрып тыңдағанды жөн көремін» дегенді жиі айтатын аудан әкімі Асқарбек Есжанов ауданға қарасты 14 ауылды аралап, халық алдындағы есеп беру сапарын аудан орталығында қорытындылады.
Иә, өңірге Асқарбек Темірбекұлы басшылық еткелі ауданның, әсіресе ауылдық елді мекендердің дамуы едәуір ілгеріледі, аудан тарихында бұрын болмаған қомақты қаржы тартылды. Әлеуметтік-экономикалық даму, аудан халқының әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру секілді мәселелер күн тәртібінен түспеді. Кент, ауылдар келбетінің көркеюі, оның ішінде құрылыстың қарқын алуы өңір дамуына серпін берді. Соңғы жылдары аудан бойынша бірнеше нысан пайдалануға берілсе, бүгінде сол нысандар ел игілігі үшін қызмет етуде. Әрине бұл жұмыстардың барлығы өңір келбетін арттырып, жалағаштықтардың жайлы өмір сүруіне ықпал етуде. Өйткені аудан орталығы келбетінің көркеюі кент тұрғындарының көз алдында.
Жыл басынан бері бүгінгі күнге дейін Жалағаш кенті тұрғындарының бірқатар мәселелері шешімін тапқан. Оның дәлелі есепті кездесуде сүйіншілене айтылған жаңа жобалар мен атқарылған қыруар істер қатары біршама болды.
Нақтырақ айтсақ, 2023 жылы Жалағаш кентіндегі бірқатар көшелер күрделі жөндеуден өтті. Жалпы жоба құны 505,1 млн теңгеге М.Шәменов көшесін жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ Т.Қыстаубаев көшесін асфальттау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін облыстық бюджеттен 749,7 млн теңге бөлініп, кенттегі 10 көшеге, яғни З.Ижанов, Т.Әбжалиев, Жеңістің 50 жылдығы, А.Қазыбеков, Қ.Нүрпейісов, Желтоқсан, Мысық би, А.Бектібаев, І.Нүркенов, И.Панфилов көшелеріне толық асфальт төселді. Қазір жол белгілерін орнату жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар ПМК-09 көшесіне тас төселіп, кенттің ішкі көшелеріне 2 бағдаршам орнату үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны 328,7 млн теңгені құрайтын теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салу жобасы да жыл соңына дейін аяқталатын болады. Қазіргі таңда бетондау және металл бұйымдарын сырлау жұмыстары жүргізілуде.
Биыл газдандыру бойынша 15,2 млн теңгеге «Наркескен» спорт клубы және 11,7 млн теңгеге аудандық орталықтандырылған кітапхана ғимаратының жылу қазандықтары қайта жаңартылып, газға ауыстырылған.
Кенттегі «Ақтерек» учаскесіндегі инженерлік инфрақұрылымның сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы және су тарату кешенінің құрылысы аяқталып, нысан пайдалануға берілген. Қазіргі таңда газбен жабдықтау жүйесі бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Аудан орталығында тұрғын үй құрылысы да қарқын алды. 2023 жылы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына тұрғын үй қорынан 50 тұрғын үй сатып алынатын болады. Бүгінде жиырмасының құрылысы толық аяқталған.
Сырдария өзені арқылы өтетін «Қызылорда-Жалағаш» автомобиль жолының 78,2 шақырымындағы көпірін орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда жаяу жүргіншілер жолағына асфальт төселіп, жарықшамдар орнату жұмыстары жасалуда.
Жалағаш кенті көшелеріне жолақтар сызуға, жаяу жүргіншілер жолақтарын сызу, жасанды жол кедергілерін орнату жұмыстары тұрақты түрде атқарылуда.
Жаз мезгілінде негізгі мәселеге айналған кент ішін аяқ сумен қамтамасыз етуге 3 дана АНС-130 насос алынып, орнатылған.
Мұнан бөлек Жалағаш кентінде бейнебақылау камераларын орнату және күтіп ұстау шығындарына 10 млн теңге, жол белгілерін орнатуға 3 млн теңге, елді мекеннің ішкі тазалық жұмыстарына 20 млн теңге, жарықтандыру жұмыстары бойынша күтіп ұстауға 9 млн теңге бөлініп, жұмыстар толықтай жүргізілген.
Бүгінде кент келбетін ажарландыра түсетін абаттандыру жұмыстары да тұрақты түрде жүруде. Көше көркін келтірген көше атаулары жазылған тақтайшалар орнатылып, орталық алаңға жаңа төсеніштер алынуда. Мәселен, шойынжолдың етегін жағалай орналасқан «Жалағашым – жасыл бағым» жазуы, кескінді аялдамалар мен бағдаршамдар бүгінде туған жердің сәнін келтіріп тұр.
Осы уақытта ауданда жүзеге асырылатын 36 жобаға 5,3 млрд теңге қаражат бөлінген. Яғни алдағы уақытта өңірімізде құрылыс жұмыстарының бәсеңдемейтінін аңғаруға болады. Әрине көзге көрінген жұмысты, еткен еңбекті кент тұрғындарының жоғары бағалауы заңдылық, осылайша жиналған қауым аудан әкімінің жұмысына қанағаттанатынын жеткізді.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!