Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

8°C

, Жексенбі, 13 қазан, 16:30

36 жобаға 5,3 млрд теңге бөлінді

03.10.2023

356

0

Сәрсенбінің сәтті күні аудан әкімі Асқарбек Есжанов 7 ауылдық округте болып, жергілікті халыққа ауданда атқарылған жұмыстарды баяндады. Ауылдағы ағайын алдағы мақсат-міндеттерден де хабардар болды. Кезегі келгенде түрлі мәселелер тұрғындар тарапынан көтерілді. Әлбетте оның шешіміне алдағы уақытта тиісті жұмыстар жасалатынына күмән жоқ. Себебі сапарымызда осыған дейінгі кездесулерде көтерілген біршама мәселенің түйіні тарқатылғанын бағамдадық. Сөзіміз дәйекті болуы үшін олардың әрқайсысына тоқталып кетуге де болады. Жаңадария мен Есет батырды жалғайтын жолдың сапасы жақсарды, Аламесекте апатты жағдайдағы емхана мәселесі шешімін тапты, Аққұмда ауыз су жүйесі жаңарды, Мөрәлі Шәменов ауылында ішкі көшелер тақтайдай тегіс, бұйыртса, биыл ауылды көгілдір отынға қосу бойынша жұмыстар басталып кетті, Қаракеткенде елдің бақша салуына жағдай жасау үшін аяқ су мәселесін шешуге қолғабыс болатын жобалар жүзеге асуда. Еңбекте де еңселі жобалар жоқ емес, ал Таңдағы тындырымды тірлік айтпаса да қалың оқырманға аян.

Жол құрылысы қарқын алды

Халық алдындағы аудан әкімінің есепті кездесуі бейсенбі күні де жал­ғасын тапты. Таң атысымен Асқарбек Есжанов бастаған бірқатар азаматтар алдымен Аққырға аялдады. Бұрын­ғыдай емес, бүгінде шалғай ауылда шаруа шираған. Ішкі көшелер сапа­сына мән беріліп, ауылға кіреберіс жол күрделі жөндеуден өтті. Оған қазынадан қыруар қаражат қаралды, бүгінде жарқын жобаның ел игілігін көріп отыр.
«Шалғай ауылда шаруа шираған» деген сөзді жайдан-жай айта сал­ған жоқпыз, бүгінде Аққырдағы ағайын кәсіп ашуға машықтанған. Бұл сөзімізге де дәлел жоқ емес. Мә­­селен, мыңнан астам халқы бар ауыл­да осыған дейін 84 кәсіпкерлік субъек­тісі тіркелсе, бүгінде оның барлығы 100 пайыз жұмыс жасап тұр. Айтпақшы «шалғай ауылдың халқы тек мал шаруашылығын да­мы­тып отыр» деген түсініктен ада бо­лыңыз. Рас, Аққыр – бұрыннан мал ша­руашылығымен аймаққа танылған ауылдың бірі. Алайда ауылда бүгінгі таңда шаштараз, ұстахана сынды басқа да кәсіп түрлері қанат жайған.
Аққырда алдағы жылдары да құ­рылыс қарқын алғалы тұр. Мәселен, биыл 5 көшенің сапасын жақсартуға бай­ланысты жобалар дайындалып, сараптамадан сәтті өтіпті. Жол құ­рылысына қатысты жобалардың бар­лығы қаржылай қолдау тапса, Ақ­­қырдағы ішкі көшелер 100 пайыз жа­ңарады деген сөз. Мұнан бөлек шал­­ғай ауылда аяқ су тапшылығын бол­­дырмау үшін жаңадан канал қазу­ға қатысты тағы бір жоба әзірленіп жатыр.

– Осыған дейін ауыз су мәселесі шешімін тауып, электр жарығымыз жаңарған. Ал соңғы 1-2 жылда ауыл­да жол сапасына да ерекше мән берілуде. Бүгінгі аудан әкімімен кез­десуде ауылдағы ішкі 5 көшенің са­пасына мән берілетінін естіп, қуанып қалдық. Бастысы, қолға алын­ған жо­балардың халық болып игілігін көріп жатырмыз. Халық қалаулысы Әмір Шаймағамбетов те ауылдық клуб мәселесі мәслихат мінберінде көте­рілгенін айтып жатыр, «көрінген таудың алыстығы жоқ» дейтін халық­пыз, мәселе көтерілсе, алдағы уақыт­та оның да шешімі табылар. Мекте­біміздің де күрделі жөндеуден өткеніне көп болған жоқ. Аудан орталығынан шалғайда болғанымен Аққырда осын­дай тындырымды тірлік бар, – дей­ді ауыл ақсақалы Төлепберген Қожахметов.
Кеше Жаңадарияға барғанда да осындай тындырымды істің куәсі бол­ғанбыз. Кезекті сапарымызда тағы бір ауылда шаруа ширағанын бағам­дадық.

Аяқ су мәселесі
шешімін табады

Жаңаталапқа осыған дейін де жолымыз түскен. Жергілікті тұрғындар есепті кездесуде аудан басшысына ауылдың әлеуетін көтеру мақсатында қолға алынған жобалар үшін алғысын айтты. Білім ошағында бас қосқан жаңаталаптықтар әсіресе алдағы уақытта ауылда аяқ су мәселесінің шешімін табатынына риза.
Мұнан бөлек биыл жалпы құны 1 млн 715 мың теңгеге ауылға кіреберіс көше бойынан арканың құрылысы жүрді. Сондай-ақ 1 млн 489 мың теңгеге қоқыс полигоны қоршалған. 525 мың теңгеге шағын балалар ойын алаңы да салыныпты.
Ауылда егін шаруашылығымен ай­на­лысатын 9 шаруашылық бар. биыл олар 295 гектарға Сыр салысын сепкен. Ауыл еңбеккерлерінің аяқ су мәселесіне қарамай ала жаздай та­банды еңбек еткені көрініп тұр. Қа­зан­ның екінші онкүндігіне дейін ша­руа­шылықтар күзгі науқанды тә­мам­дауды жоспарлап отыр.
Шалғай ауылда кәсіпкерлік саласы да шираған. Әсіресе бізді ауылда жұмыс жасап тұрған кәсіпорындар қатарында өсім болғаны қуантты. Ауыл әкімінің сөзіне сенсек, ауылда 52 кәсіпорын бар, бүгінде оның барлығы да нақты жұмыс жасап тұр. Келер жылы Жаңаталапта 3 мың басқа арналған құс фабрикасы жұмысын бас­тайды екен. Мұндай ірі өндіріс ошақтарының шалғай ауылдарда көптеп құрылғаны тиімді. Себебі бір жағынан елді мекеннің кіріс көздері кеңейсе, келесі кезекте ауылдағы ағайынға жұмыс та табылады.
Жалпы ауылда бас-аяғы 3 көше бар. Оның екеуіне асфалт төселген. Ал біреуіне асфальт төсеу үшін жо­басы дайындалыпты. Жалпы құны 128 млн теңгені құрайтын жарқын жоба қаржылай қолдау тапса, Жаңа­талапта жол мәселесі келер жылы 100 пайыз шешімін табады деген сөз.
Бұл ауыл да аудандағы мәдениет үйі жоқ елді мекендердің бірі екенін жақсы білеміз. Қазіргі таңда оған қатысты жалпы құны 440 млн теңгені құрайтын жоба қолға алынып жа­тыр. Бұйыртса, алдағы уақытта ауыл халқы жаңа нысанның игілігін көретіні сөзсіз.
– Ауылдың ауызбіршілігі бекем, жаңа аудан әкімі жақсы бір сөз айтты, «материалдық құндылықтарды біз қалыпқа келтіріп береміз, бастысы, елдің бірлігі бұзылмау керек» деді. Расында ауылда кішігірім мәселелер жоқ емес, бірақ ретімен шешімін тауып та жатыр. Ауылдық клуб құрылысына қатысты жоба қолға алынған, бір көшенің сапасына мән беріледі, келер жылы ауылда ірі өндіріс ошағы қолға алынғалы отыр. Шүкір, шалғай ауылда шаруа шатқаяқтаған емес. осының барлығы ел бірлігінің арқасы деп білемін, – дейді ауыл ақсақалы Ақарыстан Ахатайұлы.

Кәсіпкерлік саласында
серпін бар

Келесі сапарымыз кеше ғана 125 жылдық мерейтойын атап өткен мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов атындағы ауылда жалғасты.
Елді мекенде 300-ден астам отбасы бар. 1800-ден астам халық мекен еткен қайраткер атындағы ауылда алдағы жылдары да ауқымды жобалар жүзеге асқалы тұр. Былтыр да елді мекеннің еңсесін тіктейтін екпінді жобалар бұл ауылда жүзеге асқан. Биыл да Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығы аясында бірқатар жоба қолға алынды. Бүгінде оның барлы­ғының жергілікті халық игілігін көріп отыр.
Ауыл халқының негізгі тіршілік көзі егін және мал шаруашылығы екені айтпаса да түсінікті. Сыр салысынан мол астық жиған жергілікті шаруа­шылықтар былтырдан бері бақша өнімдеріне басымдық берген. Мұнан бөлек бірнеше гектарды құрайтын ауылдағы алма бақ өнімдері бүгінде еліміз бойынша үлкен сұранысқа ие.
Темірбек Жүргенов ауылында бү­гінде 90-ға жуық кәсіпорын бар. Тір­келген кәсіпкерлік субьектісінің қазіргі таңда 99 пайызы жұмыс жасап тұр. Бұрын елді мекенде тек егін және мал шаруашылығында жергілікті тұр-ғындар кәсібін дөңгелентсе, бүгінде сала түрленген.
Биыл мемлекет және қоғам қай­раткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығы, қайраткердің мерейтойы бүгінде түркі тілдес мемлекеттер арасында кең көлемде атап өтілуде. Туған жерінде де мерейтой иесінің 125 жылдығына орай бірнеше жоба қолға алынған. Солардың бірі – Темірбек Жүргенов атындағы саябақ. Бұл жобаға қазынадан 60 млн 444,9 млн теңге қаралған.
Жаздай тұрғындар мұнда талдар мен жеміс ағаштарын отырғызды. Саябақ құрылысы да қарқынды әрі сапалы жүрген. Жергілікті тұрғын­дар­дың бұл жерді жасыл желекке ай­нал­дырудағы құлшынысын баба ру­хына тағзым, бір жағынан құрмет деп түйдік. Қайраткер атындағы ауыл­да мұнан өзге де жобалар жоқ емес. Бастысы, алдағы уақытта ел игілігін көрсе дейміз. Ауылда қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов атын­да көше де бар. Ұзындығы 1,1 ша­қы­рымды құрайтын ішкі көшеге биыл жай жөндеу жұмыстары жүрді. Оған қазынадан 15 млн 229 мың теңге қаралған.

Ауылда қай саланы алып қарасақ та өрлеу бар, өсу бар, даму динами­касы жақсы. Әсіресе жергілікті ша­руа­шылықтар мол астықтан тау тұр­ғызып, жыл сайын рекордтық өнімге қол жеткізуде. Олар бүгінде егінді әр­тараптандыруға басымдық беруде. Аяқ су мәселесі қат болып тұрған шақта бұл бастама ақылға қонымды.
Жергілікті халық кешегі кездесуде ешқандай мәселе көтерген жоқ. Се­бебі ойда жүрген мәселелердің шеші­міне қатысты жобалар жергілікті билік тарапынан қолға алынған. Ауыл ақса­қалдары аудан әкіміне батасын беріп, елді мекендердің еңсесін тіктеуге ар­налған жобаларына сәттілік тіледі.
Мұнан кейін аудан әкімінің ха­лықпен кездесуі Мәдениет пен Мыр­забай ахун ауылдық округтерінде жал­ғасты. Мәдениетте жол сапасы жақсы, кәсіпкерлік дамыған, елді ме­­кендегі әлеуметтік нысандардың бар­лығы жаңа. Сондықтан жергілікті ха­лық ешқандай мәселе айта ал­мады. Ал Мырзабай ахун ауы­лында ішкі көшелер сапасына қа­тысты бірқатар мәселе көтерілді. Алайда елдің талап-тілегі орынды еке­нін жет­кізген Асқарбек Есжанов ауылда жол сапасын жақсарту мақ­са­тында бірқатар жобалар қолға алы­нып жатқанын жеткізді. Енді қар­жы­лай қолдау тауып жатса, тұтас ауыл халқы оның игілігін көреді деген сөз.

Ауылға көгілдір
отын кіреді

Ауданда атқарылған жұмыстардан тұрғындарды құлағдар етіп, халықтың ұсыныстарын тыңдау мақсатында елді мекендерді аралаған аудан әкімі Асқарбек Есжановтың екі күнге жалғасқан кездесуі Ақсу ауылында жалғасын тапты. Кездесу барысында алдымен өңір басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көр­сет­кіштеріне тоқталып, аймақтың жа­­ғымды жаңалықтарын жеткізіп, ал­дағы уақытта атқарылатын жұмыс­тар­мен бөлісті.
Бүгінде ауылдың жағдайы жыл сайын жақсаруда, соның нәтижесінде бір­қатар мәселелер шешімін тапқан. Ақсулықтардың аудан басшысымен өткен кездесулерде көтерген өзекті мәселелерінің бірі кіреберіс жолға асфальт төсеу жұмыстарын жүргізу болатын. Асқарбек Темірбекұлы бұл мәселе бойынша да тиісті шаралар қабылданып, ауылға кі­реберіс аудандық маңыздағы ав­то­мобиль жолын орташа жөндеу бойынша облыстық бюджеттен 76,7 млн теңге бөлінгенін айтып, жыл соңы­на дейін ел игілігіне пайдалануға бе­руге уәде берген болатын. Кешегі кездесуде ол берген уәдесінде тұрып, кіреберіс жолға то­лық жөндеу жұмысы жүргізілгенін жеткізді.
Бұдан бөлек ауылға газ тарту – халықтың көптен бері көкейінде жүр­ген күрделі мәселелердің бірі. Осы тұста аудан басшысы Асқарбек Те­мірбекұлы ақсулық ағайынға кө­гіл­дір отынның игілігін көретін күн алыс емес екенін айтты. Нақтырақ айтсақ, Ақсу елді мекеніне газ тарату желілерінің және жеткізуші газ құбырының құры­лысына облыстық бюджеттен 20 млн теңге бөлінген. Мердігер мекеме «AЭS and Limited» ЖШС құ­рылыс жұмыстарын жуырда бастайды. Аудан басшысы бұл жұмысты жіті бақылауында ұстап, жиі тексеріп тұратынын жеткізіп, ауыл тұрғындарын да бақылау жұмыстарын жүргізіп тұруға шақырды.
Сондай-ақ Ақсу елді мекеніндегі тұрғын үйлер секторының электр же­лілері құрылысына да респуб­ликалық бюджеттен 184,7 млн теңге қаралған. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Наз» ЖШС құрылыс монтаж­дау жұмыстарын жүргізуде. Елді мекенде са­нитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылып, күл-қоқыс полигонын қоршау жұмыстары жүргізілуде.
– Өздеріңіз білетіндей, ауылдағы ең өзекті мәселелер ретімен ше­шімін тауып, халықтың игілігіне пай­далануға беріліп жатыр. Биыл ауылға кіреберіс жол мен электр желілері, газ орнату жұмыстары жүргізілсе, келесі жылы ауылішілік көшелер күрделі жөндеуден өтіп, жарықтандыру жұ­мыс­тары жүргізілетін болады, – деді Асқарбек Есжанов.
Кездесу соңында бірлігі бекем, тір­лігі көркем ақсулық ағайындар ау­дан басшысының жұмысына оң баға беріп, ауылдың әлеуметтік-эконо­мика­лық дамуына ерекше көңіл бөліп жатқаны үшін алғыс айтып, ел игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарына сәт­­тілік тілеп, ақсақалдар батасын берді.

Кентте кешенді
жобалар жетерлік

«Әкім – кабинетте жұмсақ крес­лода отырмай, елдің ішінде жүрсе, тірлік өнімді болмақ. Өз басым ка­бинетте отырғаннан ауданда ат­қарып жатқан жұмыстардың басы-қасында болуды, халықпен етене араласып, мұң-мұқтажын бетпе-бет тұрып тың­­дағанды жөн кө­­ремін» дегенді жиі айтатын аудан әкімі Асқарбек Есжанов ауданға қа­рас­ты 14 ауылды ара­­лап, халық ал­дын­дағы есеп беру сапарын аудан ор­талығында қорытындылады.
Иә, өңірге Асқарбек Темірбекұлы басшылық еткелі ауданның, әсіресе ауылдық елді мекендердің дамуы едәуір ілгеріледі, аудан тарихында бұрын болмаған қомақты қаржы тартылды. Әлеуметтік-экономикалық даму, аудан халқының әлеуетін арт­тыру, инфрақұрылымды жетілдіру се­кілді мәселелер күн тәртібінен түспеді. Кент, ауылдар келбетінің көркеюі, оның ішінде құрылыстың қарқын алуы өңір дамуына серпін берді. Соңғы жыл­дары аудан бойынша бірнеше нысан пайдалануға берілсе, бүгінде сол нысандар ел игілігі үшін қызмет етуде. Әрине бұл жұмыстардың бар­лығы өңір келбетін арттырып, жа­­ла­ғаштықтардың жайлы өмір сүруі­не ықпал етуде. Өйткені аудан ор­­талығы келбетінің көркеюі кент тұр­ғын­да­ры­ның көз алдында.
Жыл басынан бері бүгінгі күнге дейін Жалағаш кенті тұрғындарының бірқатар мәселелері шешімін тапқан. Оның дәлелі есепті кездесуде сүйін­шілене айтылған жаңа жобалар мен атқарылған қыруар істер қатары біршама болды.
Нақтырақ айтсақ, 2023 жылы Жа­лағаш кентіндегі бірқатар көшелер күрделі жөндеуден өтті. Жалпы жоба құны 505,1 млн теңгеге М.Шәменов көшесін жөндеу жұмыстары аяқ­тал­ды. Сондай-ақ Т.Қыстаубаев кө­ше­сін асфальттау жұмыстары жүргі­зі­лу­де. Бүгінгі күнге дейін облыстық бюджеттен 749,7 млн теңге бөлініп, кенттегі 10 көшеге, яғни З.Ижанов, Т.Әбжалиев, Жеңістің 50 жылдығы, А.Қазыбеков, Қ.Нүрпейісов, Желтоқ­сан, Мысық би, А.Бектібаев, І.Нүрке­нов, И.Панфилов көшелеріне толық асфальт төселді. Қазір жол белгілерін орнату жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар ПМК-09 көшесіне тас төселіп, кенттің ішкі көшелеріне 2 бағдаршам орнату үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны 328,7 млн теңгені құ­райтын теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салу жобасы да жыл соңына дейін аяқталатын бо­лады. Қазіргі таңда бетондау және металл бұйымдарын сырлау жұмыс­тары жүргізілуде.
Биыл газдандыру бойынша 15,2 млн теңгеге «Наркескен» спорт клубы және 11,7 млн теңгеге аудандық орта­лықтандырылған кітапхана ғима­рат­­ының жылу қазандықтары қайта жаңартылып, газға ауысты­рылған.
Кенттегі «Ақтерек» учаскесіндегі инженерлік инфрақұрылымның сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы және су тарату кешенінің құрылысы аяқ­талып, нысан пайдалануға берілген. Қа­зіргі таңда газбен жабдықтау жүйесі бойынша құрылыс-монтаждау жұ­мыстары жүргізілуде.
Аудан орталығында тұрғын үй құ­рылысы да қарқын алды. 2023 жылы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына тұрғын үй қорынан 50 тұр­ғын үй сатып алынатын болады. Бү­гінде жиырмасының құрылысы толық аяқталған.
Сырдария өзені арқылы өтетін «Қызылорда-Жалағаш» автомобиль жолының 78,2 шақырымындағы кө­пі­рін орташа жөндеу жұмыстары жүр­гі­зілуде. Қазіргі таңда жаяу жүргінші­лер жолағына асфальт төселіп, жа­­­рық­­­шамдар орнату жұмыстары жа­салуда.
Жалағаш кенті көшелеріне жо­лақ­тар сызуға, жаяу жүргіншілер жо­лақтарын сызу, жасанды жол кедер­гілерін орнату жұмыстары тұрақты түрде атқарылуда.
Жаз мезгілінде негізгі мәселеге ай­налған кент ішін аяқ сумен қам­тамасыз етуге 3 дана АНС-130 насос алынып, орнатылған.
Мұнан бөлек Жалағаш кентінде бейнебақылау камераларын орнату және күтіп ұстау шығындарына 10 млн теңге, жол белгілерін орнатуға 3 млн теңге, елді мекеннің ішкі та­за­лық жұмыстарына 20 млн теңге, жа­рық­тандыру жұмыстары бойынша кү­тіп ұстауға 9 млн теңге бөлініп, жұмыстар толықтай жүргізілген.

Бүгінде кент келбетін ажарландыра түсетін абаттандыру жұмыстары да тұрақты түрде жүруде. Көше көркін келтірген көше атаулары жазылған тақ­тайшалар орнатылып, орталық алаң­ға жаңа төсеніштер алынуда. Мә­селен, шойынжолдың етегін жағалай орналасқан «Жалағашым – жасыл бағым» жазуы, кескінді аялдамалар мен бағдаршамдар бүгінде туған жердің сәнін келтіріп тұр.
Осы уақытта ауданда жүзеге асы­рылатын 36 жобаға 5,3 млрд теңге қаражат бөлінген. Яғни ал­дағы уақытта өңірімізде құрылыс жұмыстарының бәсеңдемейтінін аң­ғаруға болады. Әрине көзге көрінген жұмысты, еткен еңбекті кент тұр­ғындарының жоғары бағалауы заң­дылық, осылайша жиналған қауым аудан әкімінің жұмысына қанағат­тана­тынын жеткізді.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: