Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

20°C

, Жұма, 01 мамыр, 02:21

Қазақ пен бауырмалдылық – бір ұғым

01.05.2026

3

0

Белгілі дүние ғой, мұның бәрі сталиндік зобалаңнан басталған еді. Сол уақытта әр ұлт пен оның бетке ұстар қаймақтары жазықсыз қудаланып, жазаға ілікті. Тіпті кейбір халық өкілдері өз кіндік қаны тамған атақоныстан жер аударылды. Айталық, 1937 жылы қыркүйекте Қиыр Шығыстан корей халқын Қазақстанға көшірді. Соның бірсыпырасы Сыр елінде қоныстанды. Ал соғыс жылдары біздің өңірге түрік пен шешен ағайын да жер ауып келді. Жергілікті қазақтар бұл ағайынды да қабақ шытпай, қамқор көңілмен қарсы алған.

Ата-бабаларымыздың жөн-жосығын сұрамай-ақ өз төрінен орын берген ұлт көп. Сондай энтостың бір тобы қазіргі Жалағаш жеріне де келіп жеткен. Бұл өлкенің топырағы оларға майдай жақты. Өз жерінен ауып, арып-ашып жеткенде біздікілер қарап қалмады. Қамқорлығын аямады, қайырымды қолын созды. Мұны сол дәуірде жер ауып келгендердің ұрпағы әлі аузынан тастаған емес. Соның бірі – Бұқарбай батыр ауылында тұратын, шешен ұлтының өкілі Салам Мажиев.
– Біздің ата-бабамызды соғыс жылдары Мәскеудің пәрменімен Қазақстанға зорлықпен көшіреді. Дұрысы, 1944 жылы оларды Сыр бойындағы Жалағаш жұртына жеткізеді. Содан бері осында тіршілік қылған. Әкем де, шешем де өмір бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. Дүниеден қайтқан соң сүйегі осы қазақ жерінен бұйырды. Өзім ауылдағы «Байтабын» серіктестігінде жұмыс істеймін. Ұзақ жыл мал шаруашылығында еңбек етсем, 2000 жылдан бері қарай механизатор болып келемін. Шүкір, осында жетілдік, Жалағаш жерінде бала сүйдік, ұрпақ өрбіттік. Қонақжай, бауырмал халықтың арқасында бір шаңырақ ретінде тату тұрып келеміз. Қазақ десе, әр өзге ұлт санасына бірінші бауырмалдылық пен оның кең дастарханы елестейтін болар. Мен осы қасиет қазақ атауын бір ұғым деп білемін, – деп ағынан жарылды ол.
Самит ағаның айтуынша, бір түнде көшірілген шешен ұлты осында келгенде жергілікті қазақтар нанын бөлісіп, үйінің бір бөлмесін босатып, көрпесін төсеп, керегін сұратпай-ақ берген. Әлі күнге дейін қазақ көршілерімен бірге барлық той мен өзге қуанышты бірге өткізіп, қандай да бір қиындықта бірге болатынан айтқан шешен ағамыз жалағаштықтарға тек алғысын жаудырумен болды.
Айта кетейік, бүгінде аудан халқының 99,3 пайызы жергілікті ұлттан тұрса, қалған 0,7 пайызы түрлі ұлт өкілдері болып есептеледі. Қазір Жалағаш жерінде 100-ге жуық этнос отбасы бар. Барлығы 253 адам. Олар көп шоғырланған ауылдар қатарында Бұқарбай батыр, Аққұм, Аққыр ауылы бар.

Ержан ҚОЖАС

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: