Еліміз тәуелсіздік алғалы демократиялық қағидаларды ұстану, халықтың бостандығы мен құқығын қорғау мәселелерін ерекше назарда ұстап келеді. Сондықтан осы жылдар ішінде сот жүйесінде жасалған реформа аз емес. Салаға енгізілген өзгерістердің барлығы дерлік ашықтық пен жариялылыққа негізделіп, сот жүйесіне халықтың сенімін арттыруға бағытталды. Сот жүйесінің коммуникациялық стратегиясы қоғам мен соттың тиімді диалогын қалыптастыру, соттың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету болып табылады. Осы орайда аудандық сот төрағасы Асылхан Мизанбаев БАҚ өкілдеріне баспасөз конференциясында биыл 6 айда атқарылған жұмыстарды баяндады.
Аудандық сот төрағасының айтуынша, соңғы жылдары еліміздің соттары әлеуметтік желіде белсенді болып, кейбір дау туғызған сот отырыстарын қоғаммен талқылау да әдетке айналып келеді. Тіпті сот шешіміне қарсылық танытқан кейбір азаматтар шағымын қалдыратын Жоғарғы соттың әлеуметтік желіде арнайы парақшасы да ашылған. Бәрі ашық, қолжетімд, жариялы. «Әділетті Қазақстан» құруға ұмтылған еліміздің бұл қадамы халық көңілінен де шығары анық. Сондай-ақ судьялар мен сот қызметкерлері саладағы маңызды тақырыптарға арнап мақала жазып, республикалық немесе жергілікті телеарналарда құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, халықтың құқықтық сауатының артуына көңіл бөлуде.
Статистикаға сүйенсек, биыл 6 айда аудандық сотта 533 іс қаралып, аяқталған. Оның ішінде азаматтық 261, қылмыстық 27, әкімшілік құқық бұзушылық 243, әкімшілік 2 іс бойынша соттың шешімі шығарылған. Аяқталған 261 азаматтық істер бойынша 261 іс аяқталса, оның 137-сіне шешім шығарылып, 18 іске сот бұйрығы бекітілген. Сондай-ақ тоқтатылған 74, қараусыз қалдырылған 30, басқа соттың қарауына жолданған 2 іс тіркелген. Тоқтатылған азаматтық істерге қатысты медиация бойынша 73, оның ішінде сотқа дейінгі хаттама негізінде 69 іс бойынша жұмыстар жүргізілген.
Азаматтық істер бойынша ең көп қаралған даулар шарт бойынша міндеттемеден туындаған дауларды айтуға болады, яғни банк қарыз шарты, қарыз ақша өндіру бойынша 142 іс соттта қаралған.
Соңғы уақытта қоғамда отбасы мәселелерінің жиі орын алып, соңы ажырасуға әкеліп жатқан жайттар жетерлік. Мәселен, аудандық сотта неке бұзу бойынша 31, кәмелетке толмаған балаларды асырап бағу үшін алимент өндіру жайлы талаптар аясында 17 заңдық маңызы бар фактіні анықтау жайлы арыз қаралған.
– Сот кабинеті электрондық ақпараттық қызметі арқылы сот органдарының онлайн сервисіне қолжетімділік артып, саладағы сот ісін жүргізу жеңілдеді. Ең бастысы, адам факторы араласпай көптеген сот қызметін онлайн алу мүмкіндігі артты. Еліміздің кез келген азаматы, заңгер немесе оның қорғаушысы үйден шықпай-ақ кез келген ыңғайлы уақытта сот құжатын, сондай-ақ іс материалдарының мәртебесін қарай алады және сот актісін шығара алады. Бұл да – еліміздің сот жүйесінің ашықтығының бір дәлелі. Сондай-ақ қазіргі таңда сот отырыстары өтетін орындарын сапалы бейнежазба, дыбыс жазу құралымен жарақтау міндеті қойылған. Яғни сот отырыстары жариялы түрде арнайы жазба құралдарына жазылып отырады. Атап өтер жайт, оны өзгертуге ешкімнің құқығы жоқ, оның ішінде судья да оған өзгертулер мен түзетулер енгізе алмайды. Жазылған бейне дыбыспен тыңдалып, көзге көрініп тұрады. Біз осы жазба құралы арқылы қаралған істердің есебін беріп отырамыз. Бұл өз кезегінде сотқа жүгінген азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін шынайы қорғаудың сапасын одан әрі арттыра түсері анық. Яғни бұл да – еліміздің сот жүйесіндегі ашықтық пен жариялылықтың бір мысалы, – дейді Асылхан Мизанбаев.
Бүгінде аудандық сотта қылмыстық істер бойынша 27 іс аяқталып, нәтижесінде 20 іске үкім шығарылған. Нақтырақ тоқталсақ, 4 іс толықтай тоқтатылған, 1 іс медиация тәртібімен татуласқан, соттылығы бойынша 3 іс жолданған, 22 адам сотталған. Оларға тағайындалған жаза түрлері әртүрлі, мысалы, қоғамдық жұмысқа 5 жазасын өтеуші тартылған, 11 қылмыскер бас бостандығынан шектелген. Сондай-ақ 3 азамат бас бостандығынан айырылған, 2 іс бойынша айыппұл салынған, 1 қылмыскерге шартты жаза тағайындалған.
Аяқталған істердің санаттарына тоқталсақ, жеңіл санаттағы қылмыс 6, ауырлығы орташа қылмыс 3, ауыр қылмыс 10, теріс қылық санатындағы қылмыс аясында 8 іс қаралған. Аяқталған қылмыстық істердің ең көп қаралған қылмыс санаты бойынша, ҚК-нің 188-бабы, ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру 6 іс, ҚР ҚК 187 бап, ұсақ-түйек жымқыру 6 іс, есірткі затын заңсыз егу, тасымалдау санатында 6 іс, ҚК 190 бап, алаяқтық санатында 3 іс тіркелген.
Түсіп қаралған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша 246 тіркелсе, оның 172-сіне жаза тағайындалған, 68-і тоқтатылған, 4 іс соттылығы бойынша жолданған, ал 19 іс тараптардың татуласуына байланысты медиация тәртібімен тоқтатылған. Жаза тағайындалғандары бойынша 74 іске айыппұл салынған, 14 іске ескерту берілген, 83 азамат қамауға алынған. Сонымен қатар көлік құралын басқару құқығынан айыру бойынша 16, әкімшілік құқық бұзушылықтың ең көп қаралған санаты бойынша көлік құралын алкогольді масаң күйде басқару 16, жеке бастың құқықтарына қол сұғатын, оның ішінде ұрып-соғу, отбасы-тұрмыстық қатынастарда тұратын адамды ұрып соғу 15, отбасында жанжал шығару бойынша 48 іс қаралған.
Осы ретте ерекше тоқталатын жайт, ««Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2024 жылғы 15 сәуірдегі №73-VIII ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңы мен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2024 жылғы 15 сәуірдегі № 72-VIII ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Осы Қазақстан Республикасының заңдары 2024 жылдың 15 маусымында заңды күшіне енді.
Атап өтетін болсақ, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпы адамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған. Отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құруға және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Баспасөз конференциясын қорытындылаған аудандық сот төрағасы алдағы уақытта да сот төрелігінің сапасын арттыруға, сот жүйесін нығайтуға барлық шаралар қолданылатынын жеткізді.
Ерлан Созақбаев
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!